Қоғам

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек…

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Тараз гуманитарлық-техникалық университетінің ұйымдастыруымен Тараз қалалық Мәдениет үйінде дәстүрлі «Үкілі ару» байқауы өтті. Сұлулар сайысына жоғары, орта кәсіптік оқу орындары мен мектептерде оқитын 15 пен 23 жас аралығындағы 12 бойжеткен қатысты.

Жалпы, аталмыш байқау 5 бөлімнен тұрды. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты алғашқы бөлімде ару қыздарымыздың ұлттық киім үлгісінде өзін таныстыра білуі бағаланды. Ал, екінші бөлім «Қыз-еркем, өнерімен көркем» деп аталды. Бұл сында көрермендер арулардың арасынан ғажайып суретшіні де, сыршыл ақынды да, күміскөмей әншіні де, мың бұралған бишіні де көріп, бойжеткендердің өнеріне тәнті болды. «Білектей арқасында өрген бұрым» бөлімінде қыздар шаш өруден сайысқа түсті. Мұнда ай дидарлы арулар бұрымды өрудің түрлі әдістерімен таныстырып, өздерінің жан-жақты екендіктерін көрсетті. Бұдан кейінгі «Қыз сұлу көрінеді білімімен» атты кезеңде бойжеткендердің интеллектуалдық қабілеттері сарапқа салынды. Дегенмен, қаракөздеріміз ұлттық құндылық, салт-дәстүр, тарих пен мәдениетке қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, тапқырлықтарымен көпшілікті сүйсіндірді. Кезекті «Қыз ажарлы, сұлу, ғажап тым…» атты бесінші бөлімде аруларымыз жасына жарасымды, сымбатына сай тігілген түрлі-түсті көйлектерді киіп шығып, сән үлгісін қазылар мен көрермендер назарына ұсынды.

Байқау барысында барлық үміткердің тиянақты дайындықпен келгендігі айқын аңғарылып тұрды. Десек те, жарыстың аты — жарыс. Қазылар алқасының ортақ шешіміне сәйкес байқаудың бас жүлдесін Шу ауданы, Амангелді атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақнұр Шыңғысханқызы жеңіп алып, «Үкілі ару-2018» атанды. Ал, бірінші орын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті Нұрай Қаражановаға бұйырып, «Парасатты ару» жүлдесіне ие болды. «Ақ маңдайлы ару» атанған Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 1-курс студенті Әсем Жанысбаева екінші орынды еншіледі. Сондай-ақ, Талас ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Жұлдызай Мұхтар, Сарысу ауданындағы №5 Жаңатас колледжінің 1-курс студенті Алина Сыздықбаева үшінші орынға лайық деп танылды.

Байқауға қатысқан барлық үміткер­лерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР