Саясат

Үкіметке үлкен жүк артылды

Written by Aray2005

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей біз шын мәнінде дәл қазір соғыс жағдайында тұрмыз. Бұл жоғарыдан түскен әр тапсырма жергілікті жерде мүлтіксіз орындалып, билік өкілдері халықтың үніне құлақ түріп, бюрократияға салмай, тап-тұйнақтай орындауы керек деген сөз.
Расында, о баста бұл вирусқа жүрдім-бардым қарап, бейқам жүрген жұртшылық қазір дәрменсіз күйде қалды. Оған қоса, дәрілердің тапшылығы мен ауруханалардағы орындардың жетіспеушілігі жығылғанға жұдырық болып отыр.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған барсық сын-ескертпелердің жаны бар. Президенттің бірқатар әкімдер мен министрлерді жауапқа тарту керек дегені олардың жағдайды жіті бақыламай, өз міндеттеріне сай жұмыс істей алмағанын білдірсе керек. Сондықтан мемлекеттік басқару саласына реформа керектігін қолдаймын.
Халықтың игілігіне деп мемлекеттік бағдарламаларға, пандемиямен күреске триллиондаған қаражат бөлінді, нәтижесі шамалы. Медициналық қондырғыларды, дәрі-дәрмектің көбін, оған керекті шикізаттың денін шетелден аламыз. Бізге отандық фармацевтика саласын дамытуды уақыт оздырмай қолға алудың кезі әбден жетті.
Жасыратыны жоқ, медицинадан үмітін үзген көп жандар үйде-ақ өзін-өзі емдеумен айналысып кетті. Бұған бір жақты қарауға да болмайды. Көпшілік адамдардың бейқамдығы, бұл вирустың бар екеніне сенбей сақтық шараларына, санитарлық талаптарға пысқырып та қарамай жүріп алғаны жағдайды күрт өршітіп отыр.
Сондықтан, Мемлекет басшысының, Үкімет пен жергілікті әкімдіктердің алдында үлкен міндет тұр. Халықты мына хаос жағдайынан аман алып шығу керек. Ал оның қалай болатынын осы отырыста Президент Қ.Тоқаев түсінікті тілмей айтты деп ойлаймын. Тиісті шаралар қабалданып, нақты тапсырмалар берілді. Осыған үміттенейік енді.

Асқарбек СЕЙІЛХАН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі

ПІКІР