«Үкіметтік емес ұйымдар ұйысып жұмыс істеуі керек»

0 27

Кеше облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Жиынға азаматтық қоғам институтының өкілдері, басқарма басшылары қатысты.

Кездесуді ашып, жүргізіп отырған Дәулет Жамаубайұлы үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді әріптесі екенін атап өтті.
– Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойып, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жетілдіруде, азаматтық бастамаларды дамытуға және азаматтық қоғаммен әріптестік жүйесін нығайтуға жаңа серпін берді.
Аталмыш салада облыста 6 саяси партия, әртүрлі бағыттағы 943 үкіметтік емес ұйым, 359 діни бірлестік ресми түрде тіркелген. Бүгінгі таңда 943 үкіметтік емес ұйымның 400-ден астамы белсенді жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта өздеріңізбен жұдырықтай жұмыла бірлесіп еңбек етсек, көптеген мәселелерді шеше аламыз. Сондықтан да бүгін өздеріңізбен арнайы кездесіп, атқарып жатқан жұмыстарыңызды, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап, өзекті мәселелерді талқылау мақсатында жиналып отырмыз, – деді Д.Кәрібек.
Мұнан кейін сөз алған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы облыстық филиалының жетекшісі Қасымхан Төлендиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Облыстық филиал санитарлық талаптарды сақтай отырып, өткен жылы 217, биыл 113 іс-шара өткізіпті. Қасымхан Естемесұлы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайылған жерде адал бәсекелестік, тең құқық туралы сөз қозғау, азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін қалыптастыру тіпті мүмкін емес екенін айтып, жегіқұртпен қоғам болып күресуге шақырды.
– Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Қоғамның жегіқұртына айналған дертпен күресу қиын екені түсінікті. Мысалға алсақ, Қытай Халық Республикасы 2008 жылы жемқорлыққа жол берген 3000-ға жуық адамды атса, 2018 жылы он мыңға жуық адамды ату жазасына кескен. Десе де ату жазасының өзі жемқорлықпен күресте мықты механизм болып табылмайды. Яғни дертті қоғам болып күресіп қана жеңе аламыз, – деген Дәулет Жамаубайұлы мәнді мәселеге байланысты өз ойын ортаға салды.
Ал «Жамбыл облысының Азаматтық альянс қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандырған бірқатар мәселеге тоқталды. Сондай-ақ «ӨРКЕН-НИЕТ» қоғамдық қорының өкілі Ақжол Әмірұлының ұсынысы да көпшіліктің тарапынан қолдау тапты.
– Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың балаларын тегін оқытып жатырмыз. ҰБТ-ға тегін дайындаймыз. Қордың жұмысымен танысқан Бердібек Машбекұлы да жұмысымызға оң баға берген болатын. Сондай-ақ облыс әкімі бастаманы аудандарда да бастауды тапсырған еді. Қазіргі таңда 70 баланы оқытып жатырмыз. Егер облыс, аудан әкімдіктерінен қолдау болса, бала санын бұдан бірнеше есеге көбейтуге мүмкіндігіміз бар, – деді А.Әмірұлы.
Дәулет Кәрібек қордың бастамасы бас бармақпен бағалауға тұрарлық екенін, ұсыныстары болса, бірлесе талқылауға дайын екенін айтып, келесі аптада кездесуге уағдаласты.
Сонымен қатар басқосу барысында облыстық «Қамқор ана» мүгедек балалары бар аналар және жалғызбасты мүгедек әйелдердің ерікті қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асия Мамраимова, «Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Зауырбекова, «Жастар авиациялық орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анатолий Кисиль, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан сөз алып, көптеген мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Ал жиынды қорытындылаған Дәулет Жамаубайұлы қоғамдық бірлестік өкілдерін бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
– «Жалғыздың үні шықпас» дейді дана халқымыз. Сондықтан аққу, шортан һәм шаянның күйін кешпей, бірлікті ту етіп әрекет етсек, алар асуымыз көп боларына сенімдімін. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру, тұрғындарды толғандырған әрбір мәселені шешу – жекелеген адамдардың емес, баршамыздың міндетіміз. Сол себепті ортақ мәселелерге байланысты үкіметтік емес ұйымдар ұйысып жұмыс істеп, халық пен билік арасындағы алтын көпір болып қала беруі қажет. Ал сіздердің толғандырған, жұмыстарыңызға кедергі келтіріп тұрған мәселелерді бірлесе талқылап, шешу жолдарын қарастырып, ұсыныстарыңызды тыңдауға әркез дайынмын. Алдағы уақытта сіздермен үш ай сайын кездесу өткізіп тұратын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.