Қоғам

Үлгілі десе үлгілі

Written by Aray2005

Алақандай ауылға аз жылда айтарлықтай инвестиция тартылды

Тараз қаласына тиіп тұрған елді мекеннің бірі – Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылы. Ол облыс орталығынан бар болғаны 8-9 шақырым қашықтықта орналасқан. Тарихқа көз салсақ, бұл елді мекен 1937 жылы Киров атындағы колхоз болып құрылған екен. Халқы егіншілікті кәсіп етіп, мал өсіруде үнемі алдыңғы қатардан көрінумен өзге ауылдарға үлгі көрсете білді. Соның нәтижесінде ауыл Үлгілі деп аталып кетсе керек. Одан бөлек 1983-1997 жылдар аралығында ауыл бұл маңайға қызылша тұқымын өсіретін кеңшар ретінде де жақсы танылды.

Жасыл желек жамылған аталған ауыл Талас өзенінің бойында әрі шаһарға жақын орналасқандықтан, кешегі тоқырау жылдарында ажарынан айтарлықтай ажырай қоймады. Тұрғындардың бірі жер жыртып, егін ексе, енді бірі сиыр сауып, сүтін базарға тасыды. Осындай бейнетқорлық пен еңбексүйгіштіктің, жақсы тұрмыс кешуге деген ықыласты ұмтылыс пен жарасымды ынтымақтың арқасында жұрт қиындықты бір кісідей еңсере білді. Облыстың даму әлеуеті төмен шалғай аймақтарынан көшкен жұртшылықтың кейбірі осы ауылға бет түзеп, елге ел қосылды. Оған осыдан он жыл бұрынғы халық саны шамамен 1 жарым мыңдай адамды құраса, бүгінде тұрғындар санының 2 мың 300-ге жуықтауы дәлел. Мұнда әзірге 383 түтін бар.
Бүгінде өркениетке қадам басқан тәуелсіз елімізбен бірге Үлгілі ауылы да көркейіп, тұрғындарының да тұрмысы тіктелді. Қазір мұнда екі бірдей балабақша мен бір мектеп ұлт ұрпағының саналы да сапалы білім алуы үшін қызмет етіп тұр. Сонымен қатар қолынан іс келетін азаматтар кәсіпке бет бұрып, жұмыссыздық саны азайып келеді. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында былтыр
2 адам кәсіпкерлік курсынан өтіп, жалпы көлемі 10 миллион теңгеге жылқы мен қой сатып алуы бағдарламаның жүйелі жүзеге асуын көрсетеді. Аталған азаматтар ол қаражатқа 124 қой мен 17 жылқы сатып алып, шаруасын шалқытуда. Ақылы қоғамдық жұмыспен 28 адам қамтылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 9, бос жұмыс орындарына 48 адам тартылған. 5 азамат жастар тәжірибесі бойынша еңбекке араласуда.
Жалпы, ауылдық округтегі далалық жерде боз жусан, баялыш, күйреуік секілді өсімдіктер көп кездескенімен, жері шалғынды. Мұндағы жайылымдық жер 4 464 гектарды құраса, шабындық – 101 гектар. Қазіргі таңда округ аумағында барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7 772,62 гектарға жеткен. Сонымен қатар елді мекенде мал басы жыл санап көбеюде.
Негізінен ауыл әкімдерінің жұмысы тартылған инвестицияның көлемімен өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыда ауыл әкімі Дәуренбек Мадешов ел экономикасын дамытуға негіз боларлық барлық мүмкіндіктер қарастырылып, бірді-екілі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтады.
– Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақ­сар­туға ықпал ететін, шаруашылықтарды шалқытып, бизнестегі барлық субъектілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі тетіктің бірі – инвестиция. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әрбір Жолдауында инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыруды жалғастыру қажет екендігін баса айтып келеді. Мәселен, біздің ауылда бұған дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту өзекті мәселе еді. Осы орайда «Нұрали» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 51 миллион теңгеге 125 бүлдіршінге арналған «Нұрали» бөбекжай-балабақшасын салып, өткен жылдың сәуір айында пайдалануға берді.
Ал «Қанат» шаруа қожалығы 45 миллион теңгеге 150 ақбас құнажын сатып алып, өзінің жеке инвестициясын құйып отыр. «Тұрар» шаруа қожалығы салып отырған инвестиция көлемі 5 миллион 870 мың теңгені құрайды. Ол бұл қаражатты тамшылатып суғару әдісіне қажетті құрал-жабдыққа жұмсады. Алдағы уақытта тағы бір кәсіпкер Тараз-Алматы тасжолының бойынан сыйымдылығы әжептәуір көкөніс сақтау қоймасын салмақшы. Сол сияқты мал емдеу пунктін салу да биылғы жоспарда тұр.
Жалпы, осындай жолмен өміршең жобаларды қаржыландырудың астарында бәсекелестік ортаны кеңейтетін шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселесі жатқанын ұмытпауымыз керек. Сол себепті алдағы уақытта инвесторлар тарту ісі жалғаса беретін болады, – дейді Дәуренбек Сейітқадірұлы.
Ауылдық округ әкімінің сөзіне сүйенсек, бұл елді мекен түгел газдандырылған. Өткен жылдары 70 гектар жер ауылдық округ меншігіне өтіп, тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған азаматтарға берілетін жер көлемі 185 гектарға ұлғайтылыпты.
Инфрақұрылым желісі дамыса, тұрғындар тұрмыс-тіршілігінің де жақсара түсетіндігі сөзсіз. Үлгілі ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділхан Садуақасовтың айтуынша, бұрын жағдайы болмай немесе басқа да себептермен үй іргесінде тұрған табиғи көгілдір отынның жылуын сезіне алмай келген 24 отбасы өткен жылы «Жамбыл Жылу» мекемесі арқылы үйлеріне барынша арзандатылған бағада газ кіргізіпті. Қария Үлгіліге 2021 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауызсу тартылатынына да сенімді. Өйткені жоспар айқын.
Өткен жылы «Жамбыл-Жылу» мекемесі Үлгілі орта мектебіне көгілдір отын кіргізіп беріпті. Сол маңға қосымша шкафтық газреттеуіш пункт қойылған. Қ.Ысмайлов көшесінің бұрылыстарындағы тұрғын үйлерге газ желісі тартылған. Сонымен қатар Жақыпбай көшесіндегі тұрғын үйлерге баратын газ желісінің қысымын жоғарылатуға жол ашылған. Сондай-ақ Қ.Ысмайлов көшесінің бұрылыстарындағы электр бағаналарына жарықшам орнату жұмыстары жүргізіліпті. Биыл осы көшенің қалған бөліктеріне бағаналар орнату, электр желісін жүргізу жоспарлануда.
Елді мекенде жастардың спортпен айналысуына да жайлы жағдай жасалған. Мәдениет үйінде қазақша күрес, каратэ үйірмелері жұмыс жасаса, тұрғындар көп жиналатын орындарда «Стрит воркаут» спорттық алаңшасы салыныпты. Бұл өз кезегінде бұқаралық спортты дамытуға оң септігін тигізетін қадам екені даусыз.
Жалпы, ауыл ажарының ашылып, тұрмысының жақсаруы сондағы халықтың тірлікке бейімділігімен байланысты болса керек. Бұл тұрғыда үлгіліліктер өзгеге үлгі көрсетерлік-ақ әлеуетке ие. Мұнда жұмыссыз жүрген жастар жоқтың қасы. Ең бастысы, елдің еңбекке деген құштарлығы мен ертеңге деген сенімі зор.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Байзақ ауданы

ПІКІР