"Шабыт"

Үлгімізді ұрпағымыз жалғасын!

Ақынға ақынның ғашық болуы, оның соңыра маздаған махаббатқа ұласуы тым сирек кезігетін құбылыс. Оның бар сыры екі бірдей сұрапыл сезім иесінің темірдей төзімділігі, терең түсінігі, селкеусіз сенімі мен пайым-парасаттылығында болса керек. Белгілі ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова елу жыл бойы өмір мен өлеңде үлкен үйлесімділікпен бір шаңырақтың астында ғибратты ғұмыр кешіп келеді. Өнегелі отбасы бүгінде өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай олжалы отбасы ғана емес, қара өлеңнің де құтты шаңырағына айналған. Жарты ғасыр бойы жұп жазбай, жүрек төрінде жайқалып тұрған сүйіктісіне Қайырбек ақын қаншама рет тебіреніп, толғанып, жыр жазды десеңізші… Ол өлеңдерден өміршең махаббаттың өнегелі өрнектері сыр шертеді. Аяулы да ардақты арулар мерекесі қарсаңында сүйгеніне сұлу сөзден сәулетті сарай салған Қайырбек ақынның осынау мәңгілік тақырыпқа арнаған жыр сандығын зерделі оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

РЕДАКЦИЯДАН

Тағдырға мың рахмет!

Сен маған өкпелеме, асыл жарым,
Жанымның аяғам жоқ асылдарын.
Тағдырға мың рахмет
Сен болмасаң,
Жайқалмай кетер ме еді жасыл бағым!

Өзіңсің, өмірімнің өзегі де,
Басқаны дәл өзіңдей сеземін бе?
Биікке ұмтылғаның ұнар маған,
Халқым, – деп өмір сүріп өз еліңде!

Ойлайсың, отбасының жарасымын,
Төгіліп бойыңдағы бар асылың.
Түсініп, бағаласаң болмысымды,
Мен сенің жанарыңның қарасымын!
Бар кейде байқағанға балаңдығым,
Кей кезде өкпелетіп алам, күнім!
Білесің жоқ екенін қиянатым,
Және де жоқ екенін жамандығым!

Үй ортақ,
Бір шаңырақ аясында!
Ақ қырау шашымызды боясын да!
Ақындық жүрекпенен сезсең егер,
Шіркін-ай, тірлік тәтті, тоясың ба?

Жаным-ау, қандай ғажап жаралғаның,
Өмірден от-жалынды нәр алғаның.
Миым, ойым, қуатым сарқылғанша,
Өзіңді бақытты ету бар арманым!

Жаһандағы жақыным

Жаһандағы жақынымсың, жаным, жарым,
Қиянатқа қимаспын барында арым.
Елу жылдай келеміз бірге кешіп,
Жаздың гүлін, қаңтардың қалың қарын.

Дей алмаймын мен саған тасып-толдың,
Ізгілікке қашанда асық болдың.
Сонау жастық шағымда мына өмірге,
Сені сүю арқылы ғашық болдым!

Өрт сезімім әлі де сол қалпында,
Сол ғой менің жалғыз-ақ сырқатым да.
«Егер мені сүймесең: мына өмірдің
Мәні не?» – деп жазыппын бір хатымда!

Ұлтты сүйдің жыр жазып жалындаған,
Елемей дәуіріңді дауылдаған.
Өмір бойы Тәңірге басымды ием,
Ақ тілек арманымды орындаған.

Ұл-қыз сүйдік шырайы жарқыраған,
Мен үшін тек өзіңсің алтын адам.
Саған мәңгі тілеуқор болып жүрген,
Әрдайым да болсыншы халқың аман!

Жалғай бер, шабытпенен өлең көшін,
Ардақ тұтар ел-жұрты ел еркесін.
Мен де сені аялап өтсем деймін,
Шөкім бұлттың түсірмей көлеңкесін!

Бақыттымын сенімен

Қарай қалсам жарқылдап көзіңе шын,
Бақытты екенімді сезінесің.
Кейде аңғалдау мінезім ұнамаса,
Жан адамға сездірмей езілесің.

Тұңғиық-ау, тұңғиық жанарың да,
Қабағыңды сәт сайын бағамын да.
Өкпелесең сен маған балаға ұқсап,
Кететіндей оранып дала мұңға!

Қарамайсың өмірге өкінішпен,
Түңілмейсің сендегі сенім үстем.
Айналаға назданып сен қарасаң,
Тұрам мен де сүйсініп, еріп іштен.

Сенсіз жүрсем босқа өмір өтетіндей,
Төбем көкке сенімен жететіндей.
Мақтау алсам өзіңнен арқам кеңіп,
Бар айналам нұрланып кететіндей!

Әжім түспес сенімен маңдайға түк,
Кімнің мықты екенін таңдайды уақыт.
Баяны жоқ жалғанда жалғыз болмай,
Өзіңменен болғаным қандай бақыт!

Қайырбек АСАНОВ

ПІКІР