Sport

Үлкен футбол оралды

Written by Aray2005

Ал, ел чемпионаты маусымда жалғасады

Коронавирус кеселіне байланысты карантинге кеткен үлкен футбол қайта оралды. Бұған дейін тек Түрікмен мен Белоруссия чемпионаттары ғана ойналса, енді жасыл алаңға неміс бундеслигасы шықты. Аладоп алпауыттарының арасында немістер алғаш болып доп теуіп отыр.

Жалпы Токио Олимпиадасы кейінге қалып, Еуродода ойындары тоқтатылғандықтан карантинде жатқан жанкүйерлер үлкен футболды сағынып қалғаны рас. Сондықтан букмекерлік кеңселер де, әлем сарапшылары да бундеслига ойындарына қатысты болжамдары мен байламдарын көптеп жариялады. Алайда неміс футболы біз күткендей футбол мерекесін сыйлай алмады. Біріншіден ойындар жанкүйерсіз өткендіктен футболшылар оқу-жаттығу жиындарында жүргендей әсер қалдырды. Тіпті кейбір кездесулердегі сылбыр әрекеттер көз алдымызға Уганда чемпионатын елестетті.
Қош, сонымен футбол додасының кезекті ойындары 27 тур аясында өтті. Бундеслигада қызықты 3 ойын өтіп, доп додасына шөліркеген жанкүйерлерге аз да болса қуаныш сыйлады. Атап айтқанда, «Шальке» өз алаңында «Аугсбургқа» 0:3 есебімен есе жіберді. Гельзенкирхендіктердің ойсырай ұтылуына сеп болған алғашқы гол 6-шы минутта салынды. Айып соққысын тамаша орындаған Эдуард Ловен карантинде қарап жатпай, стандарттық жағдайды орындауға әбден дайындалғанын аңғартты. Айта кету керек, бұл ойыншы көрші Ресей Федерациясының азаматы. Алайда, жас футболшы «Аюлардың» ұлттық құрамасында ойнауға талпынып жүрген жоқ. Өйткені, Ловен Германияның жастар құрамасында өнер көрсетіп келеді. Өзінің айтуынша, болашақта «неміс машианасының» сапына қосылуды армандайды екен. Келесі гол ойынның екінші бөлігінің аяғына таман салынды. Оны 76 минутта шыққан тегі нигериялық неміс азаматы Ноа-Йоэль Саренрен-Баце соқты. Үшінді допты «Шальке» қақпасында тулатқан – венесуэлалық Серхио Кордова. Гельзенкирхендіктердің келесі ойыны бүгін дюссельдорфтық «Фортунаға» қарсы өтеді.
Сондай-ақ, бұл ойын күнінде сырт алаңдағы жеңіске «Лейпциг» командасы қол жеткізді. «Майнцтың» алаңында өткен тартысты додада «бұқалар» қарсылас қақпасына жауапсыз 5 гол салды. Айта кету керек, «Лейпциг» Бундеслиганың алғашқы айналымында дәл осы команданы 8:0 есебімен ойсырата ұтқан еді. Матчтың қаһарманы болып Тимо Вернер танылды. Ол ойын барысында хэттрик жасап, әлі де бабында екенін көрсетті. Осылайша, шабуылшы биылғы маусымда 24 гол авторы атанды. Жоғарыда аталған алғашқы ойында да Вернер Майнц қақпашысын 3 рет сан соққызған болатын. Бұл көрсеткіштен соң «Майнцтың» Twitter-дегі парақшасы әзіл-шыны аралас жазба қалдырды. Онда команда өкілдері Тимоны Юрген Клопптың «Ливерпульге» алып кетуін өтінген.
Бундеслиганың 27-ші турын «Кельн» мен «Фортуна» жапты. Тартысты өткен ойында қонақтар Караман мен Томмидің голдарынан соң 0:2 есебімен алда келе жатқан еді. Алайда, алаң иелері ойынның аяқталуына 2 минут қалғанда ес жинап, есепті тең нәтижеге дейін жеткізді. Модеста мен Кордобаның голдары «Кельнді» жеңілістен құтқарып қалды.
Осылайша Герман Бундеслигасы жасыл алаңға қайта оралды. Алғашқы ойындарда жанкүйерлердің делебесін қоздыра алмаған неміс командалары ептеп ес жинай бастаған секілді. Бәлкім адамдарға лық толып отыратын стадиондарда доп теуіп үйреніп қалған немістер үшін тыныш алаңда ойнау өзіндік ыңғайсыздықтар тудырған шығар. Содан шабуылы жойқын нағыз немістер футболын көре алмаған болармыз. Десе де, үлкен футбол қайта оралды. Енді алдағы уақытта аладоп ойындары қайта жанданатын Испания, Италия, Англия, Франция чемпионаттарынан тартысты ойындар күтетін боламыз.
Ал Қазақстан Премьер-лига ойындары қашан қайта жалғасады? Кәсіпқой футбол лигасы ел чемпионаты маусым айында қайта жанданатындығын айтуда. Бастапқыда матчтар көрерменсіз өткізіледі деп күтіліп отыр.
«Төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия оңды шешім шығарса, ТЖ-ға қарсы аймақтық жедел штабтармен де кеңесе отырып, футбол клубтары ашық алаңда жаттыға бастайды деп жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.
Турнир қарашада аяқталу үшін кездесулер саны азайтылады. Үшінші айналым болмайды. Алайда ойын өткізу кестесі бұрынғыша қалмақ. Сонымен қатар, маусымда бірінші лига командалары арасындағы чемпионат та жалғасуы мүмкін.
Еске сала кетсек, биылғы ел біріншілігі 7 наурызда басталып, 16 наурызда коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған. Осы уақыт аралығында командалар небәрі екі-ақ тур ойнады. Алғашқы тур ойындары қалыпты жағдайда өтсе, екінші тур жанкүйерсіз өтті. Екі тур қорытындысы бойынша «Астана» командасы көш бастады. Ал жерлестеріміз «Тараз» футбол клубы турнир кестесінде 7-орында тұр. Бір рет жеңіліп, бір рет жеңіске жеткен «тараздықтар» екі турда төрт гол жіберіп, төрт гол соққан. Клубтың баспасөз бөлімінің хабарлауынша қазір ойыншыларымыз жаттығу жұмыстарын бастағалы отыр екен. Бұйыртса маусымның жалғастырылуына футболшыларымыз сақадай сай дайын болады деп күтілуде.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР