Қоғам

Үлкен жүректі ізгілік иесі

Written by Aray2005

«Өмірдің мәні – айналаңа қызмет етіп, көмек көрсету» дейді әйгілі Аристотель. Расында, көңілі даладай дархан, жүрегіне нұр сіңген, ар мен ұжданды, Отан мен халықты қарақан басынан әлдеқайда биік қоятын, тектілікті тәж еткен азаматтар ғана өмірдің шынайы мән-мағынасын сөзбен емес, іргелі іспен өрнектеп жүреді. Сондай атпал азаматтың бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Талас ауданының Құрметі азаматы, ұлтжанды, өр мінезді өжет ақын Сабырғали Рысбаев биыл абыройлы асу – алпыс жасқа толып отыр.

Алыста қалған балалық шақ…

Бала күнгі досым Сабырғали туралы жазу үшін өзімнің де аз-кем балалық шаққа саяхат жасауыма тура келді… Ол кезде біз бұрынғы Жданов атындағы совхоздың, бүгіндері Кеңестер Одағының Батыры Сәду Шәкіров есімін иеленген ауылдың батыс шеткейінде көрші тұрдық.
Қожабек, Жұмабек, Сабырғали және мен бір үйдің баласындай тату-тәтті болып, азаннан кешке дейін бірге асыр салып ойнайтынымыз есімде. Шіркін-ай, сол кездегі ауылдастардың татулығы мен сыйластығы қандай еді десеңізші!
Қай үйде бірінші қазанға ет салынса, кешқұрым сол үйде жақын көршілердің үлкендері жиналып, әңгіме-дүкен құратын.
Ауызбіршіліктері қандай жарасушы еді, шіркін!
Ақ дастарқаннан дәм тата отырып, ұзақ сонар әңгімелерді тілге тиек ететін, арагідік әртүрлі тақырыптағы жаңалықтар да айтылатын.
Жарасымын тапқан сондай үлкендердің басқосуы түннің бір уағына дейін жалғасып, бірін-бірі қимай тарасып жататын.
Тонның ішкі бауындай сыйластығы жарасқан сондай көршілердің балалары ретінде Сабырғалимен менің де балалық балдәурен күндерімнің біразы бірге өтті.
Үйіміз ауылдың ең шетінде болғандықтан көктем шыға қырға барып доп ойнаған, масатыдай құлпырған көк майса көгалдың үстінде аунап-қунап, көбелек қуған, басымызды талай-талай өткінші жаңбыр жуған күндер есте мәңгі сақталып қалғандай.
«Бақытты балалық шақ!» деген жаныңды жадыратып, қуаныш пен шаттыққа бөлейтін әсерлі де әдемі сөзді қалай ғана тауып айтқан, қайран қазағым?!
…Сол бір балалық шақтың өзінде Сабырғали бәрімізден де кішкентай, бірақ өзге достардан ерекшелеу еді.
Кезінде ұлағатты ұстаз болған, бұл күндері 90 жастың тұғырына қонған қадірменді қария, Талас ауданының Құрметті азаматы Әбдірахымбай әкей әуел бастан жылқы қадірін бір кісідей білген, елге танылып үлгерген шабандоз, саяткер еді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ол кісінің сол қасиеті отбасындағы 10 перзентінің үлкені – Сабырғали ұлына дарыған болар, кім біледі, әйтеуір атқа деген құмарлығы ерекше болып өсті.
…Бір күндері олардың жанұясы бұрынғы совхоздың бөлімшесі Аманкелді ауылына қоныс аударып, көшіп кетті.
…Содан не керек, арада бірер жыл өтпей-ақ ауылға «жыл құсындай» жақсы жаңалықтар жете бастағандығы әлі есімде.
– «Ойпырмай, Әлгі Рахымбайдың (Әбдірахымбай әкейді ауылдағы қатарластары солай атайтын) үлкен ұлы Сабырғали нағыз шабандоз болыпты.
Бәйгеге аттарын қосып, тіпті көрші аудандағы бәйгелерге де қатысып, үнемі жүлделі үштіктен көрініп жүр екен. Өткенде бірінші келген еді, тағы да бас бәйге алыпты» деген жаңалықтарды естіп, «жарайсың, Сабырғали!» деп, оның жетістігіне бала көңілмен біздер де қуанып қалушы едік…
Уақыт зуылдап өтіп жатты. Жыл сайын жаңа оқу жылының басында бұрынғы «Аманкелді» бөлімшесіндегі 8 жылдық мектебін бітірушілер біздің мектепке келіп, 9-сыныпта оқуын жалғастыратын. Жылда солай…
Осы орайда бір қызық жайдың есіме түсіп отырғаны…
Жаңа оқу жылының алғашқы күні біздің 9-сыныптың жетекшісі Әбілқасым Аязбеков ағайдың ұсынысымен бөлімшеден келген жаңа оқушы­ларды журналға толықтырып жаза бастағанмын. Өйткені топ жетекшісі (староста) ретінде менің міндетім іспеттес болғандықтан мұғалімнің орындығына жайғасып алып, жазуымды жалғастыра бердім.
Бөлімшеден келгендер бір топ еді, шатаспасам 15-ке жуық болуы керек.
Әркім дауыстап, өзін таныстырып жатыр кезегімен.
Әбиірбек Қонысбаев, Марат Сариев, Шеберкүл Сәттерова, Ғабит Ақынбаев… Осылайша жаңадан келген оқушыларды тізіп жатқанымда кенет бір таныстау дауыс саңқ ете қалды:
– Менің фамилиям Сабырғали Рысбаев… – дегенде, сенер-сенбесімді білмей жалт қарадым.
Мәссаған! Кәдімгі бала күнгі досымыз Сабырғали тұр жымиып!
Сөйтсек, бізден екі жас кішілігі бар ол өте зеректігінің арқасында мектепке 5 жасында барған екен ғой.
Сонымен не керек, күтпеген жерден тағы да тағдырымыз қайта тоғысты.
Жылдар жылжып, Сабырғали мектепті де үздіктер санатында 15 жасында бізбен бірге бітірді.
Сол кездегі дәстүр бойынша біздерді еңбекке баулу мақсатында әртүрлі қоғамдық жұмыстарға қатыстыратын. Мемлекеттік емтиханнан кейін, аттестат алмас бұрын барлық мектеп түлектері кірпіш құятын болдық.
Бәріміз бір атаның баласындай күнде таңертең келіп лай илейміз, сосын қалыпқа салып кірпіш құямыз. Не керек, жұмыс күн санап қыза түскен.
Бір күні Сабырғалиымыз жоқ, қатарынан екі-үш күн бойы келмеді.
Бәріміз аң-таңбыз?!
Сөйтсек, шабандоз досымызды әкесі Қордай ауданында қазақтың ақиық ақыны, сазгер Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық мерейтойы аясында өтетін бәйгеге алып кетіпті. Сен сияқты елдің баласы әлі сегізінші сыныпта жүр, болмаса келесі жылы тапсырасың емтиханды деген ғой.
Сөйтіп, оның бәрімізді тағы да бір таңғалдырғаны бар…

Думанға толы студенттік жылдар

Әуел баста Сабырғали бұрынғы Целиноград ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, кейіннен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына ауысады.
Студенттік кездері ол сан қырлы қабілетінің арқасында бірнеше қоғамдық жұмыстарды атқарады: топ старостасы, факультеттегі оқу-тәрбие комиссиясының, институттағы қоғамдық мамандықтар факультетінің төрағасы, институттың қоғамдық жасағының командирі, жатақхана студенттік кеңесі төрағасының орынбасары болады.
Институт сатира театрын басқарып, «Драма ұжымының жетекшісі» деген қосымша диплом алған.
Осындай қыруар қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп, оқуда да үздік болады. Сол үшін де оның суреті институттың Құрмет тақтасынан студенттік жылдары тұрақты орын алған.
Институт басшылығы Сабырғалидың білімге, ғылымға деген ерекше бейімділігін ескеріп, аспирантураға қалдырмақ болады.
Алайда ол өзінің алған білімін шаруашылықта шыңдауды жөн деп санап, әрі партия қатарына өту мақсатында 1982 жылы сол кездегі айтулы жоғары оқу орындары санатындағы институтты «Зооинженер» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген соң, еңбек жолын өзінің өскен жері–Жданов атындағы совхозда зоотехник болып бастайды.
Қызметін ойдағыдай атқара жүріп, ол ауылдық Мәдениет үйі жанынан драма үйірмесінің ұйымдастырылуына ұйытқы болып, өзі жазған сценарий бойынша «Құдай білмейтін құпия» атты сатиралық спектакльді дайындап, ауыл тұрғындарына қойылымды ұсынады.
Аз уақыт ішінде басқа да қоғамдық жұмыстардың белсендісі ретінде ауыл тұрғындарының қошеметіне ие бола бастайды.
Осы жерде Сабырғалидың келешегіне кедергі келтірген тағы да бір жайт бар. Запастағы офицер ретінде оған сол кездегі (ОБХСС) сыбайлас жемқорлыққа қарсы инспектор қызметі ұсынылып, ол «райкомның» келісімін алады. Алайда оның шаруашылықта көрген кемшіліктерінің зардабынан қорыққан совхоз директоры К.Үрістенов мырза оны бас зоотехник қоямын деп алдаусыратып, ол шешімінен бас тартқызып, ішкі істер бөлімі бастығының алдынан алып кетеді.
Ауылдағы абыройы одан да арта берер ме еді, кім біледі, ғылымға деген құштарлығы болу керек, әрі ғылыми жетекшісінің кеңесімен ғылым кандидаты атағына үміткер ретінде тәжірибелік ізденіс жұмыстарын жүргізу үшін Мойынқұм ауданына қарасты «Талдыөзек» совхозына көшуіне тура келеді. Алайда совхозда мал кемістігі орын алып, ғылыми жұмыс тоқтап қалады. Ол жерде де іскерлігінің арқасында өзі қоғамдық негізде атқарып жүрген комсомол хатшысы лауазымының заңды штатпен бір бірлік алынуына қол жеткізеді.

Туған жерге ту тігу

Үш жылдан соң Сабырғали Талас аудандық ауылшаруашылық басқармасына аға зоотехник болып қайта оралады.
Содан бергі уақыт аралығында өзінің іскерлік қабілетінің арқасында ауданымыздың өркендеуіне бір кісідей-ақ үлесін қосып келеді.
Ең алғаш рет демократиялық сайлау басталғанда Ақкөл совхозы кәсіподақ комитеті төрағалығына кандидатурасын ұсынып, 5 үміткер ішінен озып шығады, бұл оған деген халықтың ыстық ықыласы еді.
Кейіннен 15 жыл ауданның бас зоотехнигі бола жүріп, басқарма бастығының бірінші орынбасары лауазымына дейін өсті.
Сол жылдары облыста жалғыз Қордай ауданында ғана болған асылдандыру мекемесінің Талас ауданында ашылуына ықпал етіп, нәтижесінде үздік табыстарға қол жеткізуге өз үлесін қосады.
Сонау жылдары облыстық мәслихаттың депутаттығына ауданынан жалғыз кандидат ретінде бірауыздан ұсынылады. Белгілі асаба ретінде көзге түсіп, басшылар қолдап, аудандық мәдениет бөлімінің директоры лауазымына резервке облыстан бекітіледі.
Байзақ ауданындағы Үлгілі, Талас ауданындағы Майтөбе совхоздарының директорлығына ұсынылады. Алайда….
Өмір ылғи да жетістіктерден тұрмайтындығы, әркімнің өмір жолында кездесетін түрлі қиындықтар да болатындығы – шындық.
Сол жылдары, өзі жиі еске алатындай, пендешілікпен бәзбіреулер қызметінің өрлеуіне іштарлық танытып, жолын кес-кестегенде де оның тауы шағылмағандығы анық. Осыдан кейін ғана оның өмірге деген көзқарасы өзгерді. Ұлы Абай айтқан «өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөздің мағынасын жете түсінеді. Сабырғали ешқашан «жұлдыз» дертіне шалдықпаған, жалған сөйлеп, жағынуды жанына жұқтырмаған, өзін-өзі еш жарнамаламаған азамат.
Қайта ол жасымай жігерін жанып, өр мінезімен өрге өрлегендей ғұмыр кешіп келеді.
Сабырғали 1999 жылы жалақысыз, өз автокөлігімен жүріп, аудан көлемінде «Отан» саяси партиясының іргетасын қалады. Партия мүшелерінің санын 1 019 адамға жеткізіп, барлық ауылдық аймақтарда бастауыш партия ұйымдарының құрылуына ықпал етіп, есеп карточкаларына дейін ретке келтіреді.
Әр кезеңде өткен екі бірдей Парламент Мәжілісі сайлауына үміткер ретінде тіркеліп, төрт бірдей аудан жұртшылығына танылады.
«Бөлтірік шешен» қоғамдық қайырымдылық қорының бас директоры, бертін келе «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайластыққа жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы, бюро мүшесі болды.
Міне, осындай сан алуан қоғамдық жұмыстарды да бір кісідей атқарған Сабырғали соңғы 16 жылда аудандық мәслихат аппаратының басшысы ретінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса жүріп, өмірінің жарқын бір белесі – 60 деген ауылға ат байлапты?!
Иә, алты қырдан әркім де асар-ау, бірақ кім қандай еңбегімен жетеді, мәселе сонда болса керек.
Әңгіме желісін әрмен қарай өрбітсек, Сабырғалидың осынау алты қырдың асуына үлкен абырой биігінде жетіп отырғандығын пайымдаймыз…
Баяғы сал-серілер жұрнағындай…
…Сонау бір жылдары бәйгеге шауып, ат үстінде қалықтай ұша шабатын сәттері оның бала қиялына қанат бітірді ме екен, кім білсін, Сабырғалидың бойында қазақтың сайын даласында ғұмыр кешкен баяғы сал-серілердің жұрнағындай бірнеше қасиеттердің бар екендігін әуел баста-ақ аңғарғанмын. Шабандоз, атбегі, көкпаршы, аңшылық, ақындық, шешендік қасиеттері – өзіне ғана тән, жарасымды үйлесімін тапқан ерекше дарындылығы болса керек.
Айтпақшы, әне бір жылдары шопандар слетіне арналған аудандық ақындар айтысына да қатысып, бас жүлдені иеленгені бар.
Ал осыдан 5-6 жыл бұрын мемлекеттік қызметшілер арасында шахматтан өткен облыстық жарыста ІІ, ал дойбыдан І орын иегері болды.
Сондай-ақ бірнеше мәрте жыр мүшәйраларының жеңімпазы болғандығын оның қолындағы дипломдарынан көруге болады.
Екі өлеңдер жинағының авторы, «Бүршік жарған бір бұтақ», «Келешектің кепілі» атты кітаптары– әртүрлі тақырыптағы өлеңдерінің әсерлілігімен жырсүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленгендігі анық. Сабырғали балаларға тақпақтар, сатиралық мысалдар мен әңгімелер, басқа да махаббат, табиғат тақырыптарына қиналмай қалам тартып жүрген бірден-бір жан.
2018 жылы Жамбыл облысының ең үздік мемлекеттік қызметшісі атанып, Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық байқауға қатысып қайтты.
Жалпы, Сабырғали Әбдірахымбайұлы – сан қырлы табиғи талант иесі.
Талай-талай тұлпарлар мен самғауы биік сұңқарларды түлеткен киелі Талас өңірі Сабырғали сияқты табиғи дарын иелерімен сабақтасып жатқандығы – заңдылық іспетті.
Өйткені ол Бөлтіріктей шешеннің, кешегі сатирик ақын Шона Смаханұлы, бүгінгі ақтаңгер ақын Рафаэль Ниязбектің дәстүрін әрі қарай жалғастырушылардың бірі, ақындық өнерді өзіне серік еткен дарынды ізбасар інілері екендігі даусыз.

Өнеге өрнектері

Әр уыс топырағы бойтұмардай киелі Талас топырағында кіндік қаны тамып, Ұлы даланың руханияты мен Мәңгілік Ел әдебиетінің келешегі үшін сөз сарайын қаламмен қалауға талпынып жүрген ақын Сабырғали Рысбаев – туған жерінің өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп жүрген саналы да ұлтжанды азамат әрі мемлекеттік қызметтің майталманы.
Туған елге талмай қызмет етуге талпынып жүргендігін көп қырлы, мағыналы тірліктерінен байқаймын.
Елін сүйетін жандар ғана осылай тірлік ететіндігін білемін.
Сол үшін де барша әріптестері, дос-жарандары сыйлайды, құрметтейді.
Парасаттылығы, білімділігі мен біліктілігі биік тұрған осы бір абзал жанның қарапайым қалпымен халқымен бірге абырой биігінде өзіне лайықты бағындырған белестері мен жеткен жетістіктерінен көзіқарақты жұртшылық хабардар деп ойлаймын.
Еңбегі еленіп, 8 бірдей мерекелік медаль алған, сондай-ақ әртүрлі марапаттарға ие болған жайы бар.
Ол – Талас ауданының Құрметті азаматы.
Өткен жылы Тәуелсіздік мерекесіне орай бір топ жерлестерімізбен бірге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алды.
Ал биылғы жылдың басында мерейтойына орай «Қазақстан Республикасы мәслихат хатшылары» бірлестігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы – жылдар бойы атқарған адал еңбегінің өтеуі іспеттес екендігі түсінікті жай.
…Жалпы, адам баласының өмірден өз орнын табуы, жетістіктерге жетуі оның тәрбиесіне, біліміне, дарынына, мінезі мен бойындағы басқа да қабілеттеріне, адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты екендігі белгілі.
Шынтуайтында, ол – өмірден өз орнын тапқан әрі өзінің перзенттік борышын туған жерде адал атқарып, жерлестерінің лайықты қошеметіне бөленіп жүрген жандардың санатында. Осы еңбектері еленіп, Сабырғали Әбдірахымбайұлы осы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болып тіркелсе, іле-шала сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағына да мүше болып қабылданды.
Маусым айының 15-жұлдызы күні аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қаратау қаласы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында «Тұрағым да, тұғырым да – Туған жер» атты шығармашылық кеші өткелі отыр.
Тағдыр табыстырған аяулы жары Ләззат Мұсақызы көп жылдар бойы аудандық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі қызметінде болып, өткен жылы ғана зейнеткерлікке шықты. Тәжірибелі маман ретінде дәрігерлік қызметін әлі де жалғастыруда.
Ол – «Медицина саласына сіңірген еңбегі үшін» және Жамбыл облысының Құрметті ардагері төсбелгілерінің иегері.
Үлкен ұлы Мақсат Сабырғалиұлы бұл күндері Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, келіні Алуа орталық емханада психолог қызметін атқарып жүр.
Қызы Айжан – жоғары білімді дәрігер, биыл Алматыдағы кардиология институтының резидентурасын тәмамдайды. Бүгінгі күні Алматы жанындағы Қаскелең қалалық орталық ауруханасының терапия және неврология бөлімдерінің меңгерушісі болып халық игілігіне қызмет жасауда.
Күйеу баласы Дастан – кәсіпкер.
Ұл-қыздарынан көрген көзқуа­ныштары – сүйікті немерелері Роза, Кәусар, Ару – көктемгі қыр гүліндей жайқалып өсіп келеді.
Сабырғали Әбдірахымбайұлының ақындық өнері – шынайы әрі табиғи таланттың көрінісі.
Табиғи талант иесі ретінде өлеңге де, өнерге де, өмірге де адал жан. Оны ақынның мына бір өлең шумағынан көруге болады:
Талас – тарих, шежірелі думанды ел,
Тұлғалары «Келешек» деп, буған бел.
Мен солардың жалғасымын із басқан,
Тұрағым да , тұғырым да — Туған жер!
Сабырғалида бәрі бар. Ең бастысы– өзін, жазған өлең-жырларын бағалайтын жұрты бар.
Өмірін гүлдендірген, жанын жадыратар жанұялық бақыты бар.
Алға жетелейтін армандары бар, соған сүйікті жары, жаншуағы Ләззат екеуі бала-шағаларымен, немерелерімен бірге жете берулеріне тілектестігімізді білдіргеніміз абзал.
Денсаулығы зор, ғұмыры ұзақ, шаңырағы шаттық пен қуанышқа, берекеге толы бақыттың құт мекені бола бергей!
Ел алдындағы абыройы асқақтап, мәртебесі биіктей берсін!

Пернебек ОСПАНОВ,
Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Қазақстанның мәдениет қайраткері,
Талас ауданының Құрметті азаматы

ПІКІР