"Шамшырақ"

Үнді жастарымен байланыс беки түсті

Written by Aray2005

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Үндістан Республикасы Ұлттық кадет корпусы арасында 2015 жылдан бастап өзара ықпалдастық туралы келісімшарт жасалған. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты күшейту мақсатында Үндістан Үкіметінің шақыруы бойынша биылғы жылдың қаңтар айында университет делегациясы Үндістан елінде болып қайтты.

Әскери кафедрада оқитын заң факультетінің 3-курс студенттері Шоди Аширмухамедов, Қуаныш Аширмухамедов, Әлішер Ермеков және гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің 3-курс студенті Иван Потапенконы осы жолдардың авторы бастап барды.Сондай-ақ делегация құрамында Алматы, Өскемен қалалары ЖОО-ларының әскери кафедра оқытушылары мен студенттері де болды. Қонақтарға арналып алдын ала жасалған бағдарламаға сәйкес, студенттер Үнді кадет корпусының күнделікті өмірімен, тұрмысымен және жергілікті халықтың салт-дәстүрлерімен танысты. Одан бөлек Үндістан Республикасының Тәуелсіздігіне арналған шеруді де көрді.
Делегация мүшелері Үндістан Республикасының Президенті Шри Рам Натх Ковиндінің Резиденциясында, Үндістан Республикасы Премьер-Министрі Нарендра Дамодардас Модидің, Үндістан Республикасы Қорғаныс министрі Шри Раджнатх Сингтің, Құрлық әскерлері қолбасшысы, генерал Манодж Мукунд Нараванидің, Үндістан Республикасы кадет корпусының бас директоры, генерал-лейтенант Раджив Чопраның қабылдауында болып, естелік суреттерге түсіп, қызықты сұхбаттар құрды.
Бұдан бөлек білімгерлер «Алтын үштік» Нью-Дели, Жайпур, Агра қалаларын аралап, Ұлы Моғолдар империясы сәулет өнерінің жауһарларын көріп, Агра қаласының маңында Жамуна өзенінің бойында салынған, әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Махал мавзолейінде болды. Сондай-ақ ескі Делиде атақты «Құтып минар» мұнарасына аялдап, сан ғасырлар бұрынғы хас шеберлердің туындыларына таңдай қақты.
Сапар соңында университет өкілдері қонақжайлық танытқан үндістандықтарға алғыстарын айтып, мемлекеттің өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Құрманбек Оңалбеков,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың әскери кафедрасының оқытушысы, запастағы майор

ПІКІР