"Шамшырақ"

Үндістандық кадеттердің үйренері де, үйретері де көп

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ға Үндістан Ұлттық Кадеттер Корпусынан полковник Лишан Винаяк Налавиде бастаған, құрамында 3 офицер, 12 кадет бар делегация келді.
Осылайша үш жыл бұрын қол қойылған әріптестік туралы меморандумға сәйкес, Тараз мемлекеттік университетінің әскери кафедрасы мен Үндістан Ұлттық Кадеттері арасындағы әскери сала мамандарын даярлау ісінде қарым-қатынас жандана түсуде. Аталған меморандум негізінде ТарМУ әскери кафедрасының студенттері де 2 рет Үндістанның Ұлттық Кадет Корпусында болды. Атап айтқанда, өткен жылдың 21 қараша − 4 желтоқсан аралығында әскери кафедра студенттері Асылхан Көпбосын мен Бақытбек Суанбеков «Сафари шөлдері» әскери оқу-жаттығу жиынына барып қайтқан еді. Ал, биылғы 15-31 қаңтар аралығында студенттер Алтынбек Бақытжан мен Досболат Тілеухан әскери кафедра бастығы, полковник Сағат Мұқышевтың жетекшілік етуімен тәжірибе алмасты.

Үндістаннан Таразға келген әскери делегация алдымен университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбековтың қабылдауында болды.

Кездесуде университет басшысы Үндістан мен Қазақстан арасындағы өзара байланыстың тамыры тым тереңде жатқандығын атап өтті. Тараз мемлекеттік университеті Мұхаммед Хайдар Дулатидың есімін иеленген. Ал, орта ғасырдағы Орталық Азия тарихының шежірешісі Дулати есімі үндістандықтар үшін де таңсық емес. Ол кісі Үндістандағы Кашмир өлкесін 11 жыл басқарған. Ұлы бабамызға топырақ та сол Кашмир жерінен бұйырған. Биыл университеттің делегециясы Кашмир аймағы, Сринагар қаласына барып, бірқатар шараларға қатысып қайтқан болатын.

– Біз бүгін сол тарихи сабақтастықтың әскери сала мамандарын даярлаудағы әріптестікке ұласқандығының куәсі болып отырмыз, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Жүздесуде Үндістан Ұлттық Кадеттер Корпусының делегациясын бастап келген полковник Лишан Винаяк Налавиде сөз сөйлеп, қонақжайлық көрсеткен университет басшылығына алғысын жеткізді. Өз кезегінде, үндістандық кадеттер де еліміздегі әскери сала мамандарын даярлау мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Кездесу барысында шетелдік делегация қазақстандық жоғары оқу орындарымен азаматтық сала мамандарын даярлау ісінде де байланыс орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ, қонақтар университет мұражайында болып, 60 жылға жуық тарихы бар оқу орнының өткенімен танысты. ТарМУ-дың материалдық-техникалық базасын көзімен көріп, саптық жаттығулар орындады. Әскери кафедраның тәжірибелі оқытушылары шетелдіктерге әскери кафедра базасындағы қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін көрсетті.

Бір аптаға жалғасқан сапар барысында үндістандық кадеттер ТарМУ әскери кафедрасының материалдық-техникалық базасымен танысып, өңірдегі тарихи-археологиялық орындар мен көрікті жерлерді аралайды. Сонымен бірге, әртүрлі спорттық және мәдени-көпшілік шаралар өткізу жоспарланған.

Ләззат ТАЛҒАТҚЫЗЫ

ПІКІР