Экономика

Үнемдеген ұтады

Written by Aray2005

Жобалық-сметалық құжаттарды оңтайландыру бойынша Жамбыл облысы өзге өңірлерге үлгі болуда

Облыс тізгінін Асқар Мырзахметов қолға алғаннан кейін өңіріміздегі өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық саласындағы ірі нысандар мен ауқымды жобалардың картасы түзілгені белгілі. Мақсат – облыстың бюджетін қалыптастырушы және экономикалық әлеуетін танытушы салаларға соны серпін беру. Бұдан бөлек бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеудің барысы қайта қаралып, салада оңтайландыру ісі жүргізілген. Нақты айтқанда, «Бюджет заңнамасының орындалуының тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітіліп, нәтижесінде қазына қаржысын есеппен жұмсауға мол мүмкіндік туды. Соның бірі – халық қажеттілігіне жарайтын әлеуметтік нысандар құрылысының әзірленген үшжылдық жол картасы.

Бүгінде аталған жол картасы негізінде ауқымды жобалар жүзеге асырылып, оның игілігін халық көре бастағаны шындық. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, облыс аумағында құрылысы бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құнын қайта қарау есебінен 21 миллиард теңге шамасында қаржы үнемеделіпті. Сірә, бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі болса керек. Негізінен, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары секілді тағы да басқа мекемелереді айтпағанда, бір ғана облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы осы күнге дейін 9 миллиардтан астам қаржы үнемдеген екен.
– Мемлекеттік бюджет есебінен 2013-2018 жылдар аралығында 278 жоба әзірлеу көзделсе, оның 173 жобасы біздің басқарманың бақылауынан алынды. Десе де осылардың ішінде сметалық құны 2,1 миллиард теңгені құрайтын 43 жоба қайта қаралып, оларды мемлекеттік әріптестік негізінде жүзеге асыру ісі жедел қолға алынды. Мұның ауыз толтырып айтарлықтай артықшылығы бар. Өйткені бюджетті оңтайландырудың арқасында аталған 43 жоба бойынша 1,4 миллиард теңге үнемдедік. Бұдан бөлек тағы да 63 жобаның 20-сынан 6,4 миллиард теңге үнемделді. Қалғаны қазір іске асырылу үстінде.
Ал бақылауда ұстап отырған 105 жобаның бүгінде 43-інен сараптама қорытындысы алынып, қаржыны есеппен жұмсаудың арқасында оның 8-інен 1 миллиард 393 миллион теңге артылуы халық қазынасы үшін үлкен олжа. Биыл тағы да 10 миллиард 729 миллион 900 мың теңге үнемдеу көзделіп отыр. Түптеп келгенде бұл облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасынан туындаған талап үдесінен шығуға ұмтылған талпыныстан пайда болған жетістік, – дейді облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров.
Жалпы, құрылыс басқармасы тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобалардың дені орта мектеп, медициналық мекеме, ауылдық клуб секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар екені белгілі. Мәселен, бір ғана спорттық сауықтыру кешенін салудың құны бұрын 227 миллион теңгені құраған болса, оңтайландырудың арқасында бұл сома 115 миллион теңгеге азайтылып, 112 миллион теңге үнемделген. Осы тектес ауылдық клубтың бағасы 200 миллион теңгеден 70 миллион теңгеге дейін, медициналық-фельдшерлік пункттердің, дәрігерлік амбулаториялардың құны да 65-90 миллион теңгеден 30-45 миллион теңгеге дейін оңтайландырылған. Жуалы ауданында да 80 орындық мектептің алғашқы құны 620 миллион теңгеден 290 миллион теңгеге дейін қысқартылса, Қордай ауданындағы 150 орындық мектептің құны 962 миллион теңгеден 465 миллион теңгеге дейін азайтылған екен. Оңтайландыру шаралары әуелі құрылыс саласын қамтып, регламентке сай құрылыс нысандарының құнын қысқартудан басталғанын айта кетуіміз керек. Түсінікті тілде айтсақ, ол үшін білім беру нысандарының құрылысы бір оқушы үшін 16,85 шаршы метр әдісіне сай жүргізілген. Бұл норматив 100 оқушыға арналған мектеп көлемін 1 500 шаршы метрге дейін түсіруге мүмкіндік берген көрінеді. Мәселен Сарысу ауданы, Досбол ауылындағы 50 орындық негізгі мектеп құрылысына дайындалған жобалық-сметалық құжат бойынша ғимараттың құрылыс алаңы 842 шаршы метрді құрауы тиіс екен. Алайда құрылыс көлемі 635 шаршы метрге артық жоспарлануының салдарынан ондағы құрылыс жұмыстарының құны 130 миллион теңгеге дейін шарықтаған. Сондай-ақ Меркі ауданындағы Тескентоған ауылындағы 150 орындық мектеп құрылысының да құны 126 миллион теңгеге қымбатқа түсуі бастапқы дайындалған жобалық-сметалық құжатта нысан көлемінің 744 шаршы метрге артық жоспарлануы салдарынан болған. Дәл осындай нормативтерді көзге ілмеу есебінен Жуалы ауданындағы 80 орындық мектептің жобалық құны 624 миллион теңгені құрапты. Оңтайландыру нәтижесінде бұл сома 289 миллион теңгеге дейін азайтылған. Мойынқұм ауданындағы Радай каналына салынатын көпір құрылысының құны да 3 есеге дейін үнемделген.
Негізінен, құрылыс құнының жоғары болуына ондағы сәулет жоспарлау тапсырмасының әу баста дұрыс әзірленбеуі себеп болғанын да айта кетуіміз керек. Ал облыс бюджетін оңтайлы пайдаланудың арнайы регламентінде нысанның инфрақұрылымға қосылу нүктелеріне жақын болуы, географиялық тұрғыдан дұрыс орналасуы сынды талаптар басты назарға алыныпты.
Сондай-ақ нысандарды өзектілігіне қарай жоспарлау жүйесін де қолданысқа енгізудің арқасында қазына қаржысы үнемделумен қатар, нысандардың құрылыс шығындарының да біріздендірілуіне септігі тиген. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов құрылыс жұмыстарын жүргізуге кететін шығындарды қысқартудың нәтижесінде өңірдегі отызға жуық елді мекендердегі тұрғындар қажетті медициналық мекемелермен ертерек қауышып отырғанын айтады.
– Қазақстан Респуликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекет қаржысынан бөлінетін әрбір теңгенің қайтарымының мол болуына қол жеткізу керектігін баса айтқаны белгілі. Аталған Жолдауда Елбасы: «Тексерістер нәтижелері айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзірлеу кезеңінде-ақ арттырылып көрсетіледі. Соңына дейін жеткізілмейтін немесе перспективасы жоқ екені әуел бастан белгілі болған жобалар бар. Егер жүктелген іске жауапкершілік танытатын болсақ, бюджеттің жүздеген миллиард теңгесін үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетіне бағыттауға болады. Үкімет тиімсіз әрі уақытылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшін жүйелі шаралар қабылдауы қажет», деп атап көрсеткен еді. Сондай-ақ бұл жетістік алғашқы медициналық санитариялық көмектің қолжетімділігін және сапасын арттыру бойынша Елбасы тапсырмаларының орындалуымен тікелей байланысты екенін де айта кеткім келеді.
Жалпы 2018-2025 жылдарға арналған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірыңғай перспективалық жоспары аясында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараты жоқ елді мекендерге, санитарлық нормаға сәйкес келмеуіне байланысты сот шешімімен жабылған, тозығы жеткен ғимараттар анықталып, нәтижесінде барлығы 95 нысанның құрылысын салу қажеттілігі нақтыланды. Десе де бұл тізім былтыр қайта қаралып, яғни қажет ететін 95 нысан бойынша бюджеттің тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілді. Әйтпесе бюджеттік инвестициялық жобалар құны бастапқыда 6 миллиард теңгеден асып жығылған болатын. Осыдан кейін аталған медициналық мекемелерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салуға ұйғарым жасалды. Соның арқасында жұмсалған қаржы
2 миллиард 376 миллион теңгені құрап, нәтижесінде 4 миллиард теңгеден астам қаржыға үнем жасалды. Осылайша былтыр аталған 95 медициналық мекеменің 29-ының құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылып,
1 нысан сатып алу жолымен, 9 нысан бюджет есебінен салынды. Қалған мекемелерді дәл осындай үнем жасау жолымен пайдалануға беру мерзімі биыл аяқталады. Тоқетерін айтқанда, қаржы үнемдеу өз алдына, әу баста осы медициналық мекемелер жеті жылда салынып бітуге жоспарланса, бюджетті оңтайландырудың нәтижесінде олар айналасы екі жыл ішінде ел игілігіне ұсынылғалы отыр, – деді Хамит Саттарқұлұлы.
Бұрын бюджет есебінен салынбақшы болған алаңы 180 шаршы метрді құрайтын құны 91,9 миллион теңгеге бағаланған дәрігерлік амбулаторияны стандартталған денсаулық сақтау нысандарына айналдыру барысында 57 миллион теңге үнемделіпті. Ашып айтсақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде ауысымына 15 келушіге арналған 150 шаршы метрлік дәрігерлік амбулаторияның құны 34,9 миллион теңгені ғана құраған. Ал аумағы 150 шаршы метр болатын фельдшерлік-акушерлік пункт бюджет есебінен салынғанда қазына қаржысынан 61,464 миллион теңге жұмсалу қажет болатын. Алайда бұл да мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынғаннан кейін құны әжептәуір арзандаған. Яғни 10 келушіге арналған ФАП-тың құны 29 миллион теңгеге ғана айналған. Мұның бәрі қазына қаржысының орын-орнымен жұмсалуының, жобалық-сметалық құжаттаманы уақытылы әрі тиімді дайындаудың, облыс бюджетін жоспарға сай оңтайлы пайдаланудың жемісі десек те, жұртшылықты «қаржы үнемдеудің соңы құрылыс сапасының нашарлауына кесірін тигізбей ме?» деген сауал мазалауы мүмкін. Осы орайда біз Байзақ ауданының Жібек жолы ауылына медициналық пункт салып берген мердігер компания «Д-Квадрат-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Байзақ Досанбаевпен тілдесіп, одан «Нысан құрылысын жүргізу барысында қаржыдан қағажау көрді ме, қаржы үнемдеу құрылыс сапасына әсер еткен жоқ па?» – осыны сұрадық. Ол өз құрылыс фирмасы аталған елді мекенде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде алаңы 91 шаршы метрді құрайтын ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысын жүргізгенін тілге тиек етті.
– Біз салған медициналық мекеменің құны 26 миллион теңгені құрайды. Білуімше, оның орнына салынбақшы болған аумағы 120 шаршы метрлік медициналық пункттің құрылысына бастапқыда 61,464 миллион теңге қаражат қажет болған екен. Бұған мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқау болы. Соның арқасында құрылыс монтаж жұмыстарының бағасы оңтайландырылды. Бұдан бөлек қажет етпейтін бөлмелердің (регистратура, вестибюль) шаршы метрі азайтылып, оған кететін қаржы қазына меншігінде қалды. Тағы бір айта кетер жайт, нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынғанда, ол ғимаратқа қыруар қаржы кететін еді. Ал мына жоба бойынша жобалау және сараптама қорытындысын алудың қажеті жоқ болып қалды. Ұзын сөздің қысқасы, біз атқарған жұмысымыздың ақысын біткен істің көлеміне қарай алдық. Демек, бұл мемлекеттің шаш-етектен шығынға батпай-ақ ғимарат салуға болатынын айғақтады, – деді Байзақ Төлепбергенұлы.
Біздің айтпағымыз, қазына есебінен бой көтеретін кез келген құрылыс нысандарын қаржыландыруда мейлінше үнем жасауға болатындығы. Бұл өз өңірімізде алғашқы жылдан-ақ оң нәтиже беріп отыр. Осы бағыттан таймасақ, таяу жылдары тұрғындарды аса қажетті әлеуметтік нысандармен қамтуда ешкімге есе жібермейтініміз күмәнсіз.
Бұны күні кеше ғана облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтып, құрылыстағы жобалық-сметалық құжаттарды оңтайландыру бойынша өңірде пилоттық жоба жүзеге асырылатындығынан құлағдар етті. Және бұл бастама жемісін берсе, өзге өңірлерде де қолданысқа енгізілетінін жеткізді.

Иә, жаңа жобаға Жамбыл облысының таңдалып алынуы да бекер емес. Демек, біз ақша үнемдеуде өзгелерге үлгі болып жатырмыз деген сөз. Ал Президент айтқан пилоттық жоба өңірімізде өз өміршеңдігін дәлелдейді деп сенеміз. Себебі бізде бұл бағыттағы жұмыстар жыл бұрын басталып, бүгінде өзінің жүйесін қалыптастырып үлгерді. Енді тек бағыттан таймай жүрсек болғаны.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

ПІКІР