"Алтын бесік"

«Үшарал жаңалықтарында» бәрі бар

Written by Aray2005

Қазір қай салада болмасын технологияның қарыштап дамыған кезеңі. Ел оның игілігін барынша пайдалануда. Мәселен, ұялы телефон қызметінің өзі сан салалы. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған», – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай жер-жаһанның түкпір-түкпірінен жаңалықтар мен жедел хабарларды назарыңа ұсынып отырған алақандай ғана сымсыз телефонның құдіретіне қайран қаласың.

«Бұған дейін бұл телефонсыз қалай жүргенбіз ей?» – деп таңғалатынымыз тағы бар.
Ғаламтор желісіндегі Уатсап (WhatsАpp), Инстаграмм (Instagram), Твиттер (Twitter), Фейсбук (Facebook), Вк (Vk) қызметтерін көпшілік жиі қолданады. Осындай қызметтердің арқасында ауылдағы ағайындардың да жұмысы біршама жеңілдеуде. «WhatsАpp» желісінде көңілі жақындар «достар» деп, ағайындылар «бауырлар» деп, көше тұрғындары «көршілер» деп, тағы да басқа өздерінің көзқарас, қызығушылықтарына қарай топтар құрып, тонның ішкі бауындай араласып, сыр бөлісіп жатады.
Таяуда Үшарал ауылындағы ағайындардың «Үшарал жаңалық­тары» деген топ ашқанын естідік. Онда тұрғындар ауылдағы соңғы жаңалықтармен бір-бірімен бөліседі. Кімнің баласы үйленді, кімнің қызы тұрмысқа шықты, ауылға кім келді, кім кетті… осылай жалғасып кете береді. Өрістен уақытылы келмей қалған малды да топ мүшелері өзара хабарласып, тауып алады.
– Қаратауға такси шыға ма? – дейді табанда жол жүруге мәжбүр болған бірі.
– Ен-таңбасы осындай менің қызыл қасқа сиырымды көрдіңдер ме? – дейді тағы бірі.
Жауап: – Пәлен уақытта пәленшенің қорасының жанында тұрған.
– Мен оны одан кейін көпірдің жанында түгеншенің бұқасымен бірге тұрғанын көріп едім, – дейді екіншісі.
– Біздің әлгі ала қашар өздігінен үйге келгенді қойды, – деп реніш білдіріп жататындар да кездеседі.
Топтағы әңгіме әсіресе, кешкілік мал өрістен келгенде қыза түседі.
– Кімнің үйінде бөтен қой бар? – деп басталады әңгіме.
Телефон экранында қойдың немесе тоқты-торымның қасқайып тұрған суреті басылып, астына: «Біздің үйдегі бөтен мал осы», – деген жазу қоса шығады.
– Менікі екен, сендердің қора­ларыңда тұра берсінші, – дейді баруға ерінген әлгі малдың қожайыны.
– Балық қайда бар екен, инспек­торлар жоқ па? – деген арасында балыққұмар жандар да үн қатып қояды.
Міне, ауылдағы қазіргі тіршілік осындай. Үйден шықпай айраныңды ұрттап отырып-ақ өзіңе қажетті барлық мәліметтерден хабардар болып отырасың.
Рахат … Иә, өзге ауылдар үлгі алса…

Дүйсен Молдақұлов,
Талас ауданы

ПІКІР