Жамбыл жаңалықтары

Үшінші сектор: Үкіметтік емес ұйымдарды не толғандырады?

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үкіметтік емес ұйымдар­дың өкілдерімен келелі кеңес құрды. Кездесуге азаматтық қоғам институты­ның өкілдері, өңірдегі қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары қатысты.

Ең алдымен басқосуды ашып беріп, жүргізіп отырған облыс әкімі сөз басын әлемді әбігерге салып, жердің жүзін алаңдатып отырған карантин жайын тілге тиек етуден бастады. Әрбір адам үшін өзінің, отбасының, туыстарының және елінің қауіпсіздігі басты назарда болуы қажеттігін ескертті. Кәсіпкерлік нысандары талапқа бағынбай, сақтық шараларын өз деңгейінде сақтамаса, жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болатынын да жеткізді. Өз сөзінде өңір басшысы облыстағы экономикалық ахуалдан да хабардар етті. Қысқа қайырғанда облыста тауар өндіру, сауда, көлік саласында төмен көрсеткіш байқалғанымен Әулиеатаның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру үшін ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларын дамытуға басымдық беріліп отырғанын айтып өтті. Сәйкесінше құрылыстың сапасын арттырудың маңыздылығына да ерекше тоқталды. Сол секілді халық дер кезінде әлеуметтік төлемдермен қамтылатынын да алға тартты. Бердібек Машбекұлының айтуынша, қазіргі таңда облыста 894 үкіметтік емес ұйым бар және олар 133 жобаны қолға алған. Оны жүзеге асыру мақсатында қарастырылған қаражаттың көлемі де аз емес. Оған қоса қосымша грант та бар. Алайда негізгі жұмыс әлеуметтік салаға һәм идеологиялық бағытта жүргізілуі қажет-ақ. Облыс басшысы аталған бағдар бойынша үкіметтік емес ұйымдармен әріптес ретінде жұмыс жасаудың тиімділігі де, нәтижесі де мол боларын баса айтты. Сонда ғана халықтың қордаланған мәселелері өз шешімін табатынын қаузады. Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын өңірдегі өзекті мәселелер арқылы жан-жақты жеткізді. Бұдан кейін сөз тізгіні басқосуға қатысушыларға берілді. Ең алдымен сөз алған облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова өңірдегі нәзік жандылардың әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне, қайырымдылық шараларына белсенді араласып жүргенін жеткізді. Дейтұрғанмен нәзік жандылардың үлес салмағы Талас пен Сарысу аудандарында 10 пайыздан аспай тұрғанын да тілге тиек етті. Қауымдастық мүшелері халықты алаңдатқан мәселелерден сырт қалмайтындығын да байқатты. Өз сөзінде Гүлдара Алданышқызы халық қалаулысы ретінде, азаматтық тұрғыда жергілікті халықты алаңдатып отырған абаттандыру, жарықтандыру, Тараз қаласы орталығындағы көшелердің де сапасы сын көтермейтіндігі секілді мәселелермен қоса, №15 мектептің жайын да жеткізді. Оның айтуынша аталған мектеп асхана, спорт залмен қамтылмаған, әжетханасы аулада орналасқан. Бұл мәселе 5 жыл бойы көтерілсе де әлі шешімі табылмапты. Ал «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы облыстық филиалының жетекшісі Қасымхан Төлендиев халықтың, әсіресе өсіп келе жатқан жас ұрпақтың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Жемқорлықпен күресуге тек мемлекет қана емес, қоғамдық бірлестіктерді де жұдырықтай жұмыла күресуге шақырды.
Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі псевдопатриоттардың әрекетін сынға алып, экономиканың еңсесін көтеру жолында ондай олқылықтарға жол бермеу қажеттігін айтты. «Жамбыл облысы коммерциялық емес ұйымдардың қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбекова үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру үшін әлеуметтік желілерді толыққанды қолдану қажеттігін көтерді.
Қоғам белсендісі Жанна Мамашева да мемлекеттік бағдарламалардың халыққа дұрыс жеткізілуі жайлы өз ойын ортаға салып, бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталып өтті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бірлестік тарапынан әлеуметтік мәселелерді шешуге, ұлтаралық бірлікті сақтауда, жастарды отансүйгіштікке баулуда, Отан қорғауға деген құштарлығын арттыру бағытында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды кеңінен айтып берді. Ол үшін жастар арасында бұрынғыша құрылыс жасағын құрудың тиімділігін де әңгімеге арқау етті. Ал жастар арасындағы нашақорлықпен күрес, суицид мәселелерімен тікелей айналысып жүрген «Оңтүстік-Арылу» қоғамдық қорының төрағасы Дәурен Бағжанов мектептердегі психологиялық қызметті күшейту қажеттігін алға тартты. Себебі мектептерде психолог мамандары аздық етеді. Салдарынан оқыс жайт орын алса, психологтың жұмысы сыналады. Оның айтуынша бір психологтың жыл бойы балаларға тек 25-30-ақ сағатын бөлуге мүмкіндігі бар. Қалған уақыты қағазбастылықпен өтеді. Сол үшін бірлестік төрағасы арнайы қағазбастылықпен айналысатын психологиялық орталық құрылса, психолог маман барлық уақытын тек балалармен жұмыс жасауға арнайды деген ұсынысын ортаға салды. «Жастар-зерттеу» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Парида Мамедова зерделеу нәтижесінде анықталған бірқатар әлеуметтік сауалнамалардың қорытындысын мәлімдеді. Сондай-ақ П.Мамедова әр ауданда жұмыс жасап жатқан жастар ресурстық орталықтары бірлестікпен бірлесіп жұмыс жасамайтынын жеткізді. Айтуынша бірлестік тікелей жастардың мәселесімен айналысады, тіпті жастар арасындағы құқықбұзушылықтан бастап, соңғы жылдары 2 мыңнан астам жас облыстан өзге өңірге кетіп қалғанына дейін зерделеген. Жиын барысында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа алдағы уақытта бірлестікпен арнайы меморандумға қол қойылып, әр ресурстық орталықта арнайы оқудан өткен мамандар тізе қосып жұмыс жасайтынын жеткізді.
– Қазіргі жастар еліктегіш келеді. Ақша берсе оның байыбына бармай, еріп кетеді. Сондықтан ең бірінші кезекте жастармен жұмыс жасауымыз керек. Әлеуметтік сауалнамалар жүргізілуі қажет. Жастарға өздеріне қажетті мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат нақты жетпейді. Немесе бұрмаланады. Халықтың көпшілігі әлі микрокредитті алу жолдарынан да бейхабар. Сол бағытта жергілікті аудан әкімдері, үкіметтік емес ұйымдары бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет. Ең алдымен бізге керегі рухани байлық. Рухани байлықсыз экономика да болмайды, – деді облыс әкімі.
«Руханият» талдау, ақпарат және мониторинг орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үртай Сапақова Қордай ауданындағы Масаншы, Ауқатты, Сортөбе ауылдарында 1500 бала қазақ мектебіне баратынын қуанышпен жеткізіп, жоспарланған шаруалар өз деңгейінде атқарылып, науқангершілікке жол берілмесе деген ойын, қазақ тіліне деген жанашырлығын білдірді. «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған бақылау топтарына тек ардагерлер кеңесін ғана емес, қоғам белсенділерін де енгізу туралы ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар карантин кезіндегі қоғамдық көліктердің жайын да көтерді.
Басқосуда айтылған өзекті мәселелер аз емес. Соның бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты болды. Мәселен қазіргі таңда өңірде 460-қа жуық мүмкіндігі жектеулі жан қоларбаға зәру. Ортопедиялық аяқкиімдердің жайы да сол тақылеттес. Берілген арбалардың сапасы сын көтермейді. Тіпті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға I-топ мүгедектігін алудың өзі үлкен мәселе. Облыс басшысы бұл жөнінде биылдан бастап елімізде отандық қоларбалар шығарылатынын айтып, I-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүгедектікті комиссияға шақырмай-ақ беру қажеттігін ескертті. Сол секілді тегін дәрі-дәрмектердің тізімін баспасөзде жариялауды тапсырды. Және бұл бағытта ипотерапия саласын дамытудың тиімділігін де нақты атап өтті.
Басқосу соңында Бердібек Машбекұлы барлық айтылған ұсыныстарды назарына алып, сұрақтарға тұшымды жауап беріп, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен байланыс алдағы уақытта да берік болатынын жеткізді.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР