Үшжақты комиссиялар ұйықтап жүрмеуі керек

0 11

Ұжым болып ұйыспаған жерде ұрыс-керістің туындайтыны бесенеден белгілі. Әсіресе жеке фирмаларда жиі-жиі жанжал болып тұрады. Мәселен Шу ауданында «Оң жағалау магистралды арнасы» ирригациялық-дренаждық жүйесін абаттандыру жұмыстарын жүргізген «NTFInsaatTicaretLimitedSikreti» компаниясы 9 жұмыскердің алдында 715 мың теңге қарыз болып отыр. Нақтырақ айтқанда, бұл кәсіпорынның төңірегінде ондаған шағын кәсіпкер қосалқы мердігер ретінде жалданып, атқарған жұмыстарының қаржысын ала алмай қалған. Мәселе өз араларында оң шешілмегендіктен, талап қоюшылар әлеуметтік желілер арқылы Мемлекет басшысынан бастап, барлық құзырлы органдарға шағым жасауда. Түйіні тарқамаған түйткіл кеше облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиевтің төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысында талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев бұл жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы қатынастармен немесе еңбек шарттарымен емес, азаматтық құқықтық тұрғыда жасалған келісімшарттар екенін, оны шешу өзі басқаратын мекеменің құзырына кірмейтінін тілге тиек етті. Дейтұрғанмен мемлекеттік еңбек инспекторымен бұл мәселеге қатысты Шу ауданының әкіміне үшжақты комиссия отырысын өткізіп, шешу жолдарын қарастыру туралы ресми хат жолданған. Осы орайда Қайрат Әскербекұлы жиынға онлайн режимде қатысып отырған аудан әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарларына қарата жергілікті жерлердегі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың жүйелі жұмыс жүргізбей жатқандығын айтты.
– Ашығын айту керек, жергілікті органдармен, соның ішінде үшжақты комиссиялармен өз деңгейінде жұмыстар атқарылмауда, тиісті шаралар қабылданбауда.
Оған дәлел, жергілікті жерлердегі шиеленісті ахуал, кәсіпорындардағы жағдай туралы әкімдіктерде ақпарат жоқ немесе керісінше жасырып қалуға тырысады.
Құрметті қалалық, аудандық комиссиялардың төрағалары, сіздердің аудандарыңызда, қалада, жергілікті жерде болып жатқан жағдайлар мен проблемаларды сырттан келіп ешкім реттеп бермейді.
Оған өздеріңіз тікелей жауапты болатын­да­ры­ңыз­ды баса айтқым келеді. Бұл мәселе Еңбек Кодексінің 18-бабында айқындалған. Яғни «жергілікті атқарушы органдар еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады» делінген.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы
2 наурыз­да болған аппараттық кеңесте әр ауданда жұмыс топтары құрылып, әрбір кәсіпорынның жағдайын, ахуалын зерделеуді, талдауды тапсырған болатын. Оған барлықтарыңыз қатыстыңыздар, тапсырманы естідіңіздер, алайда бұл мәселеге қатысты бірде-бір ауданнан ақпарат жоқ. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті мониторинг жүргізіліп, аудандардағы әрбір кәсіпорынның жағдайлары бақылауға алынса, еңбек даулары мен шиеленістерге жол бермеуге болатын еді, – деді басқарма басшысы.
Қайрат Досаев айтса айтқандай, қазіргі таңда республика көлемінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмыскерлердің наразылық акциялары мен ұжымдық арыздарының саны артуда. Мұндай жағдайдан біздің облыс та тыс қалып жатқан жоқ. Мысал ретінде Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл цемент» өндірістік компаниясындағы, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Тараз, Қордай, Шу және Талас аудандық филиалдарының жұмыскерлерінің жалақыны көтеру туралы ұжымдық арыздарын атап өтуге болады.
– Қазіргі таңда бұл кәсіпорындардағы жағдай тұрақталып, штаттық режимде жұмыстар атқарылуда. Дегенмен аудан әкімдіктері бұл кәсіпорындарды тұрақты бақылауда ұстап, өздерінің «Ыстық нүкте карталарына» енгізулері қажет.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың 5 наурызында бейресми дерек көздері арқылы Т.Рысқұлов ауданының Каменка ауылында орналасқан туберкулезге шалдыққан балаларды оңалту орталығының жұмыскерлеріне қаңтар айынан бері жалақылары төленбегендігі анықталған болатын.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қаңтар айының жалақысы толық төленді. Қазіргі уақытта 62 адамның алдында ақпан айының жалақысына 8,4 миллион теңге қалып отыр.
Орталық облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына тікелей бағынысты кәсіпорын болғандықтан, қаржыландыру Міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, соңғы кезеңде орталықта оңалтудан өтетін науқастардың аздығына байланысты қаржыландыру жүргізілмеген.
Бұл мәселе де аудан назарынан тыс қалып қойған. Бүгінгі күнге денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қабылданған шаралар нәтижесінде жалақы қарыздары толық жойылды. Сонымен қатар Луговой жылқы зауытына қатысты жалақы мәселесі де шешімін тапты.
Ағымдағы жылдың басынан облыс бойынша 733 жұмыскер алдындағы 108,1 миллион теңге жалақы қарыздары анықталып, 107,4 миллион теңгесі өндірілді. Соның нәтижесінде 724 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Жиында бейнебайланыс арқылы Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков орын алған жағдайға байланысты түсініктеме берді. Оның сөзіне сенсек, «Оң жағалау магистралды арнасы» ирригациялық-дренаждық жүйесін абаттандыру жұмыстары төңірегіндегі дау аудан прокурорымен бірлесе бақылауға алынып, қазіргі таңда облыстық экономикалық сотқа екі шағым түсірілген. Сонымен қатар ол Түрік компаниясы өкілдерінің 715 мың теңге қарызды мойындамай отырғандарын жасырмады. Оның үстіне дәлел болатын ешқандай құжат жоқ. Сөз жүзінде келіскен. Қазіргі таңда қосалқы мердігер болған жеке кәсіпкерлер адвокат жалдап, сотқа жүгінуде екен.
– Бұл мәселені аудан көлемінде жұмыс тобын құрып, о баста тиімді шешу керек еді. Бірінші кезекте Шу ауданының әкімдігі облыстық еңбек инспекциясымен бірлесе Түрік компаниясының қанша қарыз екенін, 11 қосалқы мердігермен қандай көлемде жұмыс атқарылғанын анықтау керек. Егер келісім болмаса, мәселенің заң аясында шешілетінін нақты түсіндіруіміз қажет. Бұл тұрғыда облыстық кәсіподақ бірлестігінің де мүмкіндігін пайдаланған жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев.
Комиссия отырысында бұдан өзге де бірқатар мәселелер қаралды. Жиын барысында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев, тағы да басқа тұлғалар сөз алып, тақырыпқа қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.