Диагноз

Үй бетін көрмей күресуде

Written by Aray2005

Дана халқымыз әу бастан денсаулықты басты байлыққа балағаны бесенеден белгілі. Шынында халқы сау мемлекет қана жан-жақты жетіліп, дамылсыз дамып, көздеген мақсатына жете алары ақиқат. Сәйкесінше қоғам үшін де адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ. Айбынды Ата Заңымыздың өзі адам өмірінің құндылығын әспеттеуден басталады. Осы ретте көнеден келе жатқан медицина саласының адам өмірінде алар орны ерекше. Қазіргі қоғамда өз ісін жетік білетін дәрігер – қоғамның қазынасы деп айтуға болады. Басы ауырып, балтыры сыздаған бұқараға қалтқысыз қызмет ететін ақхалаттылардың еңбегі расында ерлікпен пара-пар.

Бүгінгідей адамзат тағдыры қыл көпірде тұрған уақытта әрбіріміз сол ерлікке мұқтажбыз. Жасыратыны жоқ, дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бұл саланың қызығынан қиыншылығы басым. Себебі әрбір қателік адам өмірімен өлшенеді. Сондықтан бұл сала басқаларға қарағанда үлкен жауапкершілікті талап ететіні анық. Індет басталғалы бері облыс орталығындағы ақхалаттылар тәулік бойы тыным таппай, халықтың амандығын қалтқысыз күзетуде. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Күнделікті көз көріп, құлақ естіп жүрген, індеттен емделіп шыққандардың әрбірі жергілікті дәрігерлердің асыл еңбегі. Бұл қатарда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер-инфекционисті, бөлім меңгерушісі Евгения Цойды да айрықша атап өтуге болады. Жалпы осынау қатерлі дертпен күресіп жүрген дәрігерлеріміздің қай қайсысы да құрметке лайық.
– Әрине дәрігер болу менің бала күнгі арман деп айтсам болады. Ресейдің Саратов қаласындағы медициналық институтты аяқтаған бойда бірден осы Тараздағы жұқпалы аурулар ауруханасынан еңбек жолымды бастадым. Шындығында сол 1993 жылдан бері осы жерде табан аудармай еңбек етіп келемін. Еңбек кітапшамда да осы бір ғана жұмыс орным жазылған. Осы уақыт аралығында әріптестерімізбен қаншама науқастардың сауығуына сеп болуға тырыстық. Біздің жұмыс ең алдымен жауапкершілікті талап етеді. Себебі дәрігер әрбір науқастың өмірі үшін жауапты. Ашығын айтқанда қауіпті індет жайламай тұрып бізде орташа есеппен отызға жуық науқас емделетін. Ал карантин басталғалы науқастар сағат санап көбейді. 215 орынға шақталған ауруханамызда қазір 200 науқас пневмонияға ем қабылдап жатыр. Әрине бұл дерттің қауіптілігін халық басында елеген жоқ. Алғашында науқастардың жағдайы қалыпты болатын. Қазір бізге ауыр халде жеткізіліп жатыр. Бұрыннан таныс жұқпалы аурулардың емі бізге белгілі. Ал бұл ауру адамнан адамға жедел беріледі. Және ағзаға тез әсер етеді. Ең қауіптісі ауру бізге беймәлім. Оның арнайы вакцинасы да жоқ. Ғалымдар оны әлі де зерттеп жатыр. Сондықтан емдеу кезінде өзгерістер орын алып тұрады. Өз басым індет басталғалы бері отбасыммен әлеуметтік желі арқылы ғана тілдесіп жүрмін. Қызымды қатты сағындым. Кейде аурухананың сыртына келіп, дидарласып тұрамыз. Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін, кейде керісінше кешкі ауысыммен жұмыс істеп жүрміз. Оқшауланудың талабы бойынша әкімдік бізді қонақүймен, тамақпен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда бізде індетпен күресуге қажетті дәрі-дәрмек қоры медициналық құралдар жеткілікті. Тек індеттің дауасы ертерек табылса екен деп тілеп жүрміз. Сол үшін қаншалықты қиын болса да аянбай еңбек етуге дайынбыз. Тұрғындарға жеке бас тазалығын сақтап, үйде болыңыздар дегім келеді. Әрдайым бетперде тағып жүріңіздер. Бетперде вирусқа толық төтеп бермесе де, инфекцияның едәуір бөлігін өткізбей, ұстап қалады. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, барынша иммунитетті түсірмеуге тырысыңыздар. Әлі де болса жұмыстан кейін арнайы көлікпен қайтар жолда қалада бетпердесіз адамдардың топтасып жүргенін байқаймын. Мен науқастардың қиналғанын күнде өз көзіммен көріп жүрмін. Сондықтан өзіміз үшін де, отбасымыз үшін де сақ болайық, – дейді Евгения Цой.
Қатерлі індет науқастармен қатар қаншама дәрігерлерді арамыздан алып кетті. Сондықтан ақхалатты абзал жандардың амандығы керек. Қазір аталмыш ауруханада 27 дәрігер науқастардың өмірі үшін уақытпен санаспай күресіп жатыр. Олардың 5-і реанимотолог, 22-сі инфекционист дәрігер. Індет өршіген кезеңде мұнда Сарысу, Жуалы аудандарының дәрігерлері де көмекке келген.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР