Үйренушісі де, үйретушісі де мықты мектеп

0 73

1992 жылы ашыла сала мектеп оқушыларына оқу-тәрбие беру үрдісінде балалардың дарындылық қабілетін дамытуды қолға алып, Төле би атындағы
№8 орта мектебі сол жылдары-ақ Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтымен пәндерді тереңдетіп оқыту бойынша эксперименттік байланыс жасаған екен. Оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижелі жүргізілуі мектептің жақсы көрсеткіштерге жетуіне негіз болыпты.

 

Осының арқасында және оқушыларды бейімділігіне қарай тереңдетіп, белгілі бір сала бойынша дифференциалы оқытуды көздейтін негізгі және қосалқы жалпы білім беретін бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында осыдан 24 жыл бұрын аталған білім ошағы мектеп-гимназия статусын иеленеді. Арада екі жыл өткенде аталған білім беру мекемесі «Мұғалімдерді кәсіптік жетілдіру» институтының базалық мектебіне айналады. 2001-2005, 2009, 2018 жылдары «Қазақстанның 100 үздік мектебінің», 2019 жылы «Қазақстандағы 50 үздік мектептің» қатарына енеді. 2018-2019 оқу жылынан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату алаңы болып танылады. Әр жылдары халықаралық және республикалық байқауларда «Үздік білім беру мекемесі», «Үздік математиктер мектебі», «Олимпийский парад – 2018», «Үздік қала мектебі» секілді сан түрлі атағы мен жетістігі бар гимназия мұғалімдерінің 99 пайызы жоғары, 1 пайызы арнаулы орта білімді.

– 20 мұғалім Кембридждік оқу тәсілінің курсын бітірген. Ұстаздардың 100 пайызы ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану бойынша біліктілікті арттыру курсынан өткен. Жас мамандардың үлесі 2,7 пайызды құрайды.
11 педагог ғылым магистрі болса, 4-еуі «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен,
5 педагог «Ы.Алтынсарин» медалі,
1 педагог «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», 1 педагог «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
1 педагог «Үздік педагог» атағын және Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған. Гимназияда қосымша біліммен қамту, оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында 30 үйірме секциясы жұмыс істейді, – дейді мектеп-гимназия директоры Әлішер Әзімбай.

Директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Кожагелдиева биылғы оқу жылын
2 328 оқушы аяқтаса, оның 102-сі бітіруші түлектер екенін айтады. Түлектердің 10-ы «Алтын белгіге», 7-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер екен. Жалпы 712 оқушы биылғы оқу жылын үздік аяқтапты.

– ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Сондықтан да білім сапасын арттыру, оқу­шы­лардың дарындылығын айқын­дап, біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыру – әрбір ұстаз үшін ұлы міндет. Жас жеткіншектердің бойындағы ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар беру, оны сол бағытта жетелеу де біз үшін парыз. Осыған жете мән бергендіктен гимназия оқушылары ұстаздарының жетекшілігімен қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі білім бәсекелеріне қатысып, гимназияның беделін арттыруға өз үлестерін қосуда.

Гимназия ашылғалы бері мұндағы бітіруші түлектер саны 2 356-ға жетті. Оның 921-і жоғары оқу орындарын мемлекеттік білім беру грантымен аяқтаған. 63-і «Алтын белгі» төсбелгісі, 123-і «Үздік аттестат», 14 түлек «Болашақ» бағдарламасының грант иегерлері. 5 түлек «Аccels», 1 түлек «RAD» бағдарламасының грант иегері атанған. Бітірген түлектер еліміздің барлық аймағында әртүрлі салада қызмет етіп жүр. Гимназия оқушыларының бір тобы АҚШ, Канада, Бразилия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Польша, Венгрия, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Жаңа Зеландия, Шотландия, Оңтүстік Корея, Түркия сияқты мемлекеттерде білім алып келсе, енді біреулері әлі де білімдерін жалғастыруда, – дейді Ұлжан Алмасқызы.

Мектеп партасынан бастап білім алушылардың табысты бизнес қадамдарын қолдау мен кәсіпкерлікке бейім жастарды тәрбиелеуде экономикалық білімнің беретін маңызы айрықша. Төле би атындағы №8 гимназияның экономика және құқық негіздері пәнінің мұғалімі Зағира Дүйсекова жастарды бизнеске баулып жүрген ұстаз. Ұстаз орта білім берудің жаңартылған мазмұны шеңберінде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнінен оқытудың біліктілігін арттыру бойынша, сонымен қатар «Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін оқыту курстарын сәтті аяқтаған. 19 жыл еңбек өтілі бар өз ісінің білікті маманы халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық ғылыми жобалар мен түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындардың иегері атанған екен. «Үздік педагог» атағын беру конкурсының І кезеңінің І орын жеңімпазы және «2021 жылдың үздік педагогы» иегері. Ұстаздың Дана Анбекова сынды алғыр шәкірттерден күтетін үміті мол. Өзі білім беру саласындағы жемісті еңбегі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне қосқан қомақты үлесі үшін облыс әкімі Б.Сапарбаевтің Құрмет грамотасымен марапатталыпты.

– Биылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша (экономика) оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсының І орын жеңімпазы, «Алтын медаль» иегері. Астана Халықаралық университеті ұйымдастырған «Экономика, инновация және кәсіпкерлік» республикалық ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстары байқауында
І дәрежелі дипломмен марапатталып,  грант жеңілдігіне ие болды. Жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін және облыс намысын абыройлы қорғағаны үшін Дана Анабекова облыс әкімі Б.Сапарбаевтың Алғыс хатымен және 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Шәкіртіміздің осындай жетістіктері бізді марқайтады.

Негізінде кәсіпкерлік – адамның туа біткен қабілеті емес, сол себепті жас ұрпақтың кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытудың маңызы айрықша. Сол үшін де қазіргі кезде әрбір отбасының күнделікті күн көруіне қажетті табыс көзінің қайдан келетінін оқушыға да үйретіп жатырмыз. Ұстаз білім алушылардың кәсіпкер тәрізді ойлай білу қабілетін дамытып, өмірде қажет болатын маңызды дағдыларын жетілдіру, бұл баланың үлкен өмірге дайындалуына және мамандық таңдауына септігін тигізеді деп есептеймін, – дейді ол.

XXI ғасыр техниканың даму ғасыры болғандықтан компьютерлер мен роботтардың адам өмірінде алатын орны өте зор. Робототехника – автоматтандырылған техникалық жүйелерді дамытумен айналысатын қолданбалы ғылым, оқушылардың болашақ кәсіптерін анықтап, қабілеттерінің дамуымен қатар өзін-өзі танып, білуге, техника әлемін зерделеуге, қабілеттерін, біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік жасайтыны анық. Қазіргі заманда автоматтандырылған жүйелер болашақ үшін аса қажет емес құбылыс болып келе жатқаны ақиқат. Себебі физикалық жұмыстың барлығы еңбек рыногынан роботтар мен машиналардың арқасына ысырылуда. Өйткені бұл – уақыт талабы. Осы саланы жете меңгеруге бет бұрған оқушының бірі – Дармен Жұмашев. Ол барлық жетістік ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Назерке Сәдуақасованың жетекшілігінің арқасында жеткенін айтады.

– Ұстазымды бала жанын түсінетін, өз ісінің нағыз маманы деп санаймын. Бізді республикалық, облыстық, қалалық ғылыми жобаларға дайындап, түрлі конкурстарға қатыстырып, жүлделі орындардан көрінуімізге себепкер болуда.

Биылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша (информатика) оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсының IIІ орын жеңімпазы атануым бізге бағыт-бағдар берген мұғаліміміздің арқасы. Алдағы уақытта да білім нәрін бойға сіңіру арқылы кез келген бәсекеде барымызды салуға, мектеп абыройын асқақтатуға күш салатын боламын дейді, – зейінді бала Д.Жұмашев.

 

Кез келген оқу орны өзінің шәкірттерімен мақтанатыны анық. Төле би атындағы №8 гимназияның ұстаздары мен шәкірттерінің бір-біріне сенім артуы, болашаққа үмітпен қарауы заңдылық. Қазақ «Бәсеке – білімде» деп текке айтпаған. Келешекте елімізді қарқынды дамытып, өркениет биігіне шығаратын осындай білімді жастар екеніне сеніміміз мол.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.