Жамбыл жаңалықтары

Үздік үштікті түйіндеу үлкен нәтиже

Биылғы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу облыс үшін көңіл толарлықтай нәтижемен қорытындыланып отыр. Себебі, сынаққа қатысқан 6 046 мектеп бітірушінің басым көпшілігі тиісті межені орындаған. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен болған жиында облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова айтып берді.

Басқарма басшысының сөзінше, тестілеуге қатысқандардың 88,4 пайызы қазақ тілінде, 11,6 пайызы орыс тілі негізінде білім бәйгесінде бақтарын сынау үшін өтініш берген. Айта кетерлігі, тестілеу кезінде тәртіп бұзып, аудиториядан шығару оқиғалары тіркелмепті. Облыс бойынша ҰБТ-дағы орташа балл 89,4-ті құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 11,5 пайызға жоғары. Тағы бір тілге тиек ете кететін жайт, Байзақ, Жуалы, Жамбыл және Меркі аудандарының мектеп бітірушілері ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы мен аудан, Тараз қаласы әкімдерінің арасында жасалған меморандумның нысаналы көрсеткіші білім бөлімдерінде толығымен орындалған екен. Осы арқылы облыстық меже 11,2 балға артқан. Сонымен бірге, 130-дан жоғары балл алған мектеп бітірушілер саны еселенген. Нақтырақ айтқанда, 114 мектеп бітіруші 130 балдан жоғары нәтиже көрсетсе, былтырғы жылы бұл көрсеткіш небәрі 57 ғана болған.

– Біз соңғы 15 жылдағы ең жоғары нәти­жені көрсетіп отырмыз. Оның барлығы тап­сыр­малар сәйкес жүзеге асқан адрестік жұмыстардың нәтижесі. 100-ден жоғары балл алған мектеп бітірушілер саны 850-ге өсіп, 2 145-ті құрады. Тест тапсырғандардың 5 389-ы шекті деңгейден өтті. «Алтын белгі» төсбелгісін иеленген түлектердің 183-і, «Үздік аттестат» алған түлектердің 142-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуде 100-ден жоғары балл жинады. Дегенмен, олардың қатарында төмендеу көрсеткіш көрсеткендер де бар. Мәселен, «Алтын белгі» төсбелгісін иеленген түлектердің 38-і 71-99 балл аралығында, «Үздік аттестат» алған мектеп бітірушілердің 45-і 50-99 балл аралығында алды. Облыстың 64 мектебінің орташа көрсеткіші жоғары болды. 657 мектеп бітіруші шекті деңгейден өте алмады, бірақ өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 608-ге кеміді. Жалпы, ҰБТ көрсеткіші бойынша өңір үздік үштікке еніп отыр, – дейді Рахия Сейтбекқызы.

Басқарма басшысының осындай мәлім­демесінен кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов көрсеткіштерге көңілі толатынды­ғын алға тартып, ұстаздар мен оқушылардың еңбегін атап өтті. Дейтұрғанмен, білім жолы тоқмейілсуді көтермейтінін айтып, әлі де жетілдіре түсетін жұмыстардың бар екенін жеткізді. Осы тұрғыда аймақ басшысы сала мамандарына бірқатар тапсырмалар да берді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР