Жамбыл жаңалықтары

Үздік атанып, үмітті ақтады

????????????????????????????????????
Written by Aray2005

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің сегіз оқытушыcы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. Аталмыш байқауға еліміздің 80 жоғары оқу орнынан барлығы 481 үміткер қатысты.

Жоғары оқу орны оқытушыларының білімі мен білігін, ғылыми әлеуетін бағамдайтын байқауда оқу орнында ұзақ жылдар ұстаздық еткен «Механика және машина жасау» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Сағат Жүнісбеков, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Исан Тілегенов, «Информатика» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Манат Тілебаев сынды ғалым-оқытушылармен бірге жас ғалымдар да үздік шықты.
Атап айтқанда, «Электроэнергетика» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Сейітжан Орынбаев, «Туризм және сервис» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Алтынай Молдашева, «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Бекжан Абзалбекұлы, «Химия және химиялық технология» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Айша Нұрлыбаева, «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Сандуғаш Үсенова байқау жеңімпазы атанды.
Еліміздегі жоғары білім беру саласындағы ең абыройлы атақтың бірін иеленген оқытушылармен өткізілген баспасөз брифингін М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков алғы сөзімен ашып, бұл байқаудың мән-мазмұнын тілге тиек етті.
– Қазақстан Республикасының «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауы 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Содан бергі аралықта университеттің 56 оқытушысы аталмыш байқаудан үздік шықты. Ал биыл университет тарихында алғаш рет 8 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанып отыр.
Жалпы, бүгінде оқытушыларға жоғары талап қойылады. Әр оқытушы өзін әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуі тиіс. Соған байланысты бірнеше әдістемелік құралдар, электронды және жазба оқулықтар дайындауы керек. Дәріс кезінде жаңа инновациялық технологияларды қолдана алғаны жөн. Оқытушылардың шетел тілдеріне жетік болғаны дұрыс. Бүгінгі таңда Тараз мемлекеттік университетінде 15 мамандық бойынша үш тілде білім беру топтары ашылған. Бұл шетелге шығып, халықаралық қатынас жасау үшін қажет, – деді университет ректоры Махметғали Сарыбеков.
Айта кету керек, байқау жеңімпаздарына арнайы грант арқылы әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі.

Назерке ТӨЛЕН

ПІКІР