"Шамшырақ"

Үздік фармацевтер байқауда бақ сынады

Written by Aray2005

Қазақстан медициналық колледждері одағының келісімімен және «Фармация» мамандығы оқу-әдістемелік бірлестігінің бекітуімен Жамбыл медициналық колледжінде «Үздік фармацевт– 2019» республикалық байқауы өтті. Онда медициналық колледжді бітіруші түлектер, яғни болашақ фармацевтер білімімен бақ сынасты. Мұндағы мақсат – жас мамандардың кәсіби білімін сараптап, дәріханалық ұйымдарда тәжірибелік іс-әрекетке дайындығын саралау.

Негізгі екі кезең бойынша жас ізденімпаздардың зияткерлік әлеуетін сарапқа салған сынақтың алғашқысы тест тапсырумен басталды. Келесі сынақта сайысқа қатысушылар 4 тап­сырма бойынша кәсіби біліктіліктерін көрсетті. «Nota bene!» тақырыбындағы тапсырмада «Маркетинг және менеджмент негіздерімен фармацияны ұйымдастыру және оның экономикасы» пәні бойынша түрлі жағдаяттардан дұрыс шешім табу тәсілдерін 30 секунд ішінде ойланып, заңнамалық ережелерге сәйкес жауап берді. Ал «Көне аңыздар мен әңгімелерде кездесетін дәрілік өсімдіктер» атты бөлімде дәрілік өсімдіктердің қазақша, орысша және латынша атауларын атап, оның қолдану жолдарын түсіндірді. «Фармакология – өте маңызды» атты бөлімде болашақ фармацевт маман­дар өздері таңдаған препараттың фармако­логиялық тобын, сауда атауын, қолдану көрсеткішін салыстырып, рецепт жазды. «Рецептуралық-өндірістік бөлімнің тыныс-тіршілігі» тақырыбындағы төртінші тапсырмада рецептуралық жазбалар бойынша қатты және сұйық дәрілік заттарды әзірлеп, қолдануға дайын өнімін көрсетті.
Болашақ мамандарды жан-жақты сынға салып, қабілет-пайымын анықтаған байқау қорытындысында Шымкент қаласының Жоғары медициналық колледжі студенті Луиза Абдықадырова І орынды жеңіп алды. Қарағанды медициналық интерколледжінің түлегі Әйгерім Мұртазаева ІІ орынды олжаласа, Батыс Қазақстан облысының Орал медициналық колледжінің бітірушісі Луиза Қуанова ІІІ орынның биігінен көрінді.
Еліміздің фармацевттерді дайын­дайтын 15 колледжінен келіп, байқауға қатысқан үміткерлер сайыста көрсеткен білім-тәжірибелерімен оқу орындарының деңгейін де байқатты. Байқау барысында келушілер назарына студенттердің қолынан жасалған көрнекіліктерден көрме ұйымдастырылды. Онда картиналар, аппликациялар және 3D принтерінен құйылған адам ағзаларының кіші үлгілері қойылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарға көне шаһарымызды, тарихқа тұнған өлкеміздің көз тартар көрікті әрі өткеннің куәгер жәдігерлері бар орындарын аралатып, арнайы экскурсия ұйымдастырылды.

Қамар Қарасаева

ПІКІР