Сұхбат

«Үздік орталық атану үшін сахнада секеңдеу түкке қажет емес»

Алаш арысы Мағжан ақын сенім артқан жастарға жалтақтық жараспайды. «Тура биде туған жоқ» дегендей, тұлға болып қалыптасуды көздейтін әрбір замандасымыздың ел мүддесі жолында еркін пікірге ерік бергені абзал. Осы орайда, «АРАЙ» газеті сұхбатқа негізделген «Ашығын айтқанда…» айдарының тұсауын кесіп отыр. «Ашығын айтқанда….» – бұл, өткір сауалдар, өзекті мәселелер! Жаңа жоба арқылы біз жалынды жастардың жай-күйін жан-жақты талқылайтын боламыз. Бүкпесіз әңгімеміздің бүгінгі қонағы – Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директорының міндетін атқарушы Нұрлан Қанатов.

– Нұрлан Сатыбалдыұлы, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры қызметіне келгеніңізге тоғыз айға жуықтапты. Алайда, әлі күнге орталық директорының міндетін атқарушы болып жүрсіз. Ашығын айтыңызшы, бұның себебі неде?

– Рас, бұл сауал бүгінде маған көп қойылады. Тіпті, оның астарынан бір саясат іздеп, алаөкпе болып жүргендер де жоқ емес. Алайда бұл жерде ешқандай астыртын дүние жоқ. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бекіткен талабы бойынша жастар ресурстық орталығының басшылық қызметіне гуманитарлық мамандығы бар азамат тағайындалуы керек екен. Ал, менің мамандығым – инженер-эколог. Содан директорлық қызметке келгеннен кейін жоғарғы жақтағы басшылық маған гуманитарлық бағытта білімімді тереңдету туралы талап қойды. Қазір осы бағытта Оңтүстік Қазақстан облысындағы оқу орындарының бірінде қосымша білім алып жатырмын. Соны бітіргеннен кейін басшылық қызметке нақты тағайындалатын боламын.

– Жалпы, «Жас» дегенде көз алдымызға 14 пен 29 жас аралығындағы замандастырымыздың келетіні жасырын емес. Белгіленген санат та сондай. Алайда, жасыңызды бағамдап қарасақ, қырықтың қырқасына келіп қалыпты. Осы жасқа келгенде жастар ресурстық орталығын басқаруға не түрткі болды?

– Негізі мен өмір бойы жастар арасында жүрген жанмын. Олардың түйіні тарқамаған түйткілдерін көтеріп, кезінде алғашқы жастар орталығының құрылуына да өз септігімді тигіздім. Одан бөлек, 2003 жылы «Шаңырақ» жастар қоғамдық бірлестігін құрып, «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті де болдым.
Сондай-ақ, 2007-2008 жылдары Астана қаласында республикалық «Жасыл Ел» жастар жасақтары штабы жетекшісінің орынбасары қызметін атқарып, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығының» жұмысын жүйелеуге де атсалыстым. Оған қоса, «Қазақстан жастар конгресі» кеңесінің мүшелігіне өтіп, «Қазақстан ауыл жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіне теңдей төрағалық еттім.
Бір сөзбен айтқанда, менің өмірім толықтай жастармен бірге өтуде. Сол себепті, былтыр маған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығын басқару туралы ұсыныс түскенде бірден келістім. Мен бұл жерде жасымның біразға келіп қалғанына да, басқа нәрсеге де қараған жоқпын. Байқағаным қазіргі жастардың арасында ауызбіршілік жоғалып барады. Дені өзінікі дұрыс болсын, бұрыс болсын «өзім білемге» салуда. Сондықтан жастарға ақыл айтар бір үлкеннің қажет екенін түйсініп, осы жұмысқа жеңді түріп кірістім.

– Жастар саясатына ерекше белсенділікпен келген екенсіз. Қазір осы ойлаған жоспарларыңыз жүзеге асып жатыр ма?

– Әрине, «Көш жүре түзеледі». Десе де, тоғыз айдың ішінде тындырған тірліктеріміз де аз емес. Басшылық қызметке келген бойда ең алдымен орталық жұмысын жүйелеуге тырыстым. Ол үшін мекеменің сайтын реттеп, кез келген адамға Тараз қаласындағы жастар туралы толыққанды ақпарат беретін мәліметтерді сол жерге жинадық. Қазір біздің сайтты ашатын болсаңыздар, соңғы жаңалықтарымыздан бастап, еңбек биржасы, «Темірқазық» волонтерлық қозғалысы, дін секторы мен аула клубтары, тіпті жастардың паспортына дейін таба аласыз. Бұдан бөлек, өзімнің жеке блогым және мекеменің әрбір қызметкері туралы ақпарат сайтта ашық орналастырылған. Сондай-ақ, мұнда «Taraz film school Test» атты жобам да көрініс тапқан. Аталмыш кино мектебін өткен жылы қазан айында құрған болатынмын. Бүгінгі күнге дейін кино мектебінен 14 бала актерлік шеберлігін шыңдап, 12 бала елдегі киноөндірісінің қыр-сырын тегін үйреніп шықты. Ал, оларға дәрісті Дәурен Қамшыбаев, Елжас Рахимбеков, Олжас Баялбаев сынды Нью-Йорк киноакадемиясының түлектері оқыды. Мұндай кәсіби мамандар бізге келе бере ме? Жоқ. Міне, осы білікті мамандармен келісіп, Таразда жоқ тың идеяны жандандырдым. Олардың көмегімен қазір 70-ке жуық туынды түсіріп тастадық. Енді жуырда толық метражды жаңа кинофильм түсірсек пе деп отырмыз. Ол киноның сюжеті әзірге құпия. Бірақ, тараздықтарды таңғалдыратын туынды болғалы тұр.
Тағы бір тың бастамамның бірі – алдағы уақытта «Тараз бизнес мектебін» ашсам деп отырмын. Бұл жерде жас кәсіпкерлерге кеңес беріліп, өз бизнесін ашуға барынша қолдау жасалады. Онда біз жай ақылгөйсіп кеңес айтып қана қоймай, жетектеп жүріп өз кәсібін ашуға жәрдемдесеміз. Осы жерде бір айтатын мәселе бұл жобалар жеке қаржымның есебінен жүзеге асуда. Әрине, өзге жастар ресурстық орталықтары алаулатып-жалаулатып түрлі жиындар ұйымдастырып жатқан шығар. Ондай шаралар бізде де бар. Бірақ, мен жастарға серпін беретін тың бастамаларды қолға алудамын. Себебі, бізге саннан гөрі, сапаға жұмыс жасайтын кез келді.

– Сізбен жүздеспей тұрып, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының сайтын көзбен шолып шығып, көңіліміз толды. Тіпті, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының сайтының өзі жұмыс жасамай тұрғанда, бұл тірліктеріңізді оң бағаладық. Оған қоса, соңғы нәтижелеріңіз де көңілге қонымды екен. Осындай жұмыстарыңыз бен тың бастамаларыңыз бола тұра, жастар басқармасы тарапынан неге қолдау таппай отырсыздар? Алысқа бармай-ақ жуырда ғана өткен облыстық «Үздік жас­тар ресурстық орталығы» байқауын мысалға алсақ, жастар бәсекесінде сіздер төбе көрсетпедіңіздер. Бұл байқауға қатысқыларыңыз келмеді ме, әлде басқарма мен жастар орталықтары арасында, өзіңіз айтқандай, ауызбіршілік болмай тұр ма?

– Біріншіден, аталмыш байқауға өзіміздің іс-шараларымыз көп болғандықтан, дайындалып үлгере алмадық. Екіншіден, мен «Үздік жастар ресурстық орталығын» әртістік өнерімізді бағалап, анықтағанды жөн көрмедім. Сөз реті келгенде айтайын, біз үздік жастар ресурстық орталығы атанғымыз келсе, сахнаға шығып секеңдеп, сайысқа түсуіміз керек пе? Ұйымдастырушылар үздік орталықты анықтағыш екен, неге жасаған жұмысымызға қарай бағаламайды? Жоғарыда айтқанымдай, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының бүкіл жұмысы сайтымызда ашық түрде көрсетіліп тұр. Соны зерделеп, аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының атқарған жұмысын саралап, басқарма неге үздігін анықтамайды? Мен жүйелі жұмыспен жүретін адаммын. Бір реттік шараларға қарсымын. Ол дегеніңіз Үкіметтің қаржысын желге шашумен бірдей. Міне, бар мәселе осында.
Ал, «Басқарма жаңа жобаларға қолдау білдіре ме?» дегенге келер болсақ, мен өз тарапымнан басқармамен әрдайым санасып, кеңесемін. Ары қарай қолдау, қолдамау әрбір басшының өз санасына сын.

– Сізді «жазғыш» дейтіндер көп. Әсіресе, блогер ретінде шымбайдан шымшып сөйлейтініңізді ел жақсы біледі. Сол себепті, өзіңізден қорқатындар да аз емес секілді…

– Олар менен қорықпайды, олар шындықтан қорқады. Мен шындықты айтамын. Өзімнің өмірлік ұстанымымнан қайтпайтын адаммын. Біреулерге айтқаным ұнамайды екен деп үндемей қала алмаймын.
Маған қарсы адамдарды жақсы білемін. Бәлкім, қызметім, әлде басқа да нәрселерім біреулерді қызықтырып, мені жамандайтын шығар. Жамандай берсін. Себебі, өзім ақпын. Ешкімнің ала жібін аттап, қиянат көрсеткенім жоқ.

– Осы блогерлерге қатысты қоғамда түр­лі пікірлер айтылып жатады. Тіпті, оларды сынай­тын­дар да аз емес. Айтыңызшы, жалпы осы блогер деген кім?

– Негізі мен біреулермен пікірлесу барысында «Блогер мен журналистің айырмашылығы неде?» деген сауалмен жиі кезігіп жатамын.
Журналист – этиканың адамы. Ол бір дүние жазбас бұрын, жан-жақты ойланады. Ал, блогер өз ойын бірден жеткізеді. Ол бір оқиғаны қалауына қарай жазуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, оның ойына ешкім тұсау сала алмайды. Және блогер сол сәттің өзінде-ақ қоғамда ой туғыза алады.
Жақында Тараз қаласында блогерлердің туры ұйымдастырылмақ болып, соңы айқай-шуға ұласты. «Бөлініп жатқан миллиондаған қаржыға сырттан блогерлер шақырғалы жатыр екен» деп қарсы пікірлер айтылды. Мен көпшіліктің пікірімен келісемін. Өйткені, біз блогерлерге алдын ала ақша төлемей, олардың жасаған жұмысына қарай бағасын беруіміз керек. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» демеңіздер, алайда неге сол блогерлер бір ай бұрын келіп, Таразды жан-жақты зерттемейді?.
Мен өзім қазақтың сырттағыға құмар болатынды­ғына таңғаламын. Бір нәрсе өткізетін болса, қыруар қаржыны шашып, тіпті шетелден қонақ шақыруға желпініп тұрады. Неге біз оларды шақыруымыз керек? Шетелдік болсын, тіпті әлгі блогерлер болсын, көне Таразды бір көрейік деп өздері ұмтылып тұруы керек қой. Ол үшін ең алдымен өзімізді сыйлата білгеніміз абзал. Жалпаңдап не болса соған жүгіре беруден арылуымыз қажет. Сонда ғана ұтылғанымыздан, ұтқанымыз көп болады.

– Сөз соңында бүгінгі жастарға қандай орамды ой айтар едіңіз?

– Қазіргі таңда облыста жалындаған жастар аз емес. Алайда, олардың дені бір реттік дүниелермен жан бағуда. Қолында дипломы бола тұра, жалданып немесе ауысымдық жұмыстарда жүргендері көп. Өйткені, онда айлық жалақы жоғары. Алайда, өмірде ақшаны жоғалтсаң, оны қайта таба аласың. Ал, уақыт қайта айналып келмейді. Осыны ұмытпаған жөн. Сондықтан мен жастарға әрбір уақытты тиімді пайдалануға кеңес беремін. Арзан дүниелерге жүгіріп, уақытыңды текке өткізіп алма. Елге керек істерге өз үніңді қос дегім келеді.

– Ашық әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР