Үздік жүздікке енген Меруерт

0 0

Соңғы жылдары елімізде жастарды, әсіресе, студент жастарды ғылым мен білімге ынталандырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас ұрпақтың бойына адами қасиеттерді сіңіріп, дұрыс жолға бағыттау бойынша көп жұмыс атқарылып-ақ жатыр. Әсіресе, былтырғы Жастар жылында біраз шаруа қолға алынып, бірсыпырасы биылғы Волонтер жылында жалғасын табуда.

Сондай жобалардың бірі – «Қазақстан колледждерінің ең үздік ТОП-100 студенті» байқауы былтыр елдегі көптеген студенттің үмітін үкілеткен еді. Бұл жобадан жамбылдық студенттер де шет қалмай, бағын сынап көрген. Әрине, байқау талабы бойынша студенттер облыстық іріктеуден өтсе, республикалық турда онлайн дауыс беру арқылы бағын сынайды. Әрі қатысушының студент ретінде жеткен жітістіктері, мамандығы жайлы бейнематериалы әлеуметтік желі арқылы жұрт назарына ұсынылуы тиіс. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік студенттердің қатарына енген Меруерт Нәметқұл бүгінде Меркі ауданындағы №9 колледжде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алып жүр.
– Былтырдан жүзеге аса бастаған бұл жоба алдымен колледж ішінде өтті. Іріктеліп, естуімше екі жүзден аса студент облыс атынан республикалық сынға қатыстық. Талаптары өте көп болды, сауалнама толтырып, өзіміз жайлы ақпаратар бердік. 3-4 минуттық бейнематериал түсіруіміз керек болды. Әйтеуір, қорытындысы бойынша байқау жеңімпаздарының қатарынан көріндім, – дейді меркілік студент Меруерт Нәметқұл.
Меруерт оқитын топтың жетекшісі Әлия Мұсаева да Меруерт жайлы жақсы пікірде екен. Айтуынша Меруерт колледждің қоғамдық өміріне белсене атсалысып, білім бәсекесінде де топ алдында жүретіндердің қатарында. Жалпы өзі жетекшілік ететін топтың әр студентінің жеткен жетістігіне шын қуанатынын айтқан Ә.Мұсаева Меруертпен мақтанатынын да жасырмады. Тіпті, аталған байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне студентімен бірге Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып қайтыпты.
– Мектеп кезінен оқу үлгерімі жақсы қыз, бізге мектепті үздік бітіріп келді. Қазір волонтерлік қозғалысқа да атсалысып, белсенділігін байқатып жүр. Колледжішілік ғылыми жұмыстарға да ара-тұра мойын бұрып тұрады. Бұған дейінгі қатысқан түрлі байқаулардың да жүлдегері. Былтыр облыстық «Арт-навигатор» байқауының бас жүлдесін алып, мерейімізді тағы бір тасытты, – деген топ жетекшісі Әлия Мұсаева үздік студентінің болашағынан көп үміт күтетінін айтып өтті.
Меруерт өз тобының старостасы екен. Сабағына да үнемі тыңғылықты дайындалады. Жан-жақты. Топ жетекшісінің айтуынша тәртібі де, тәрбиесі де тастай. Ұстазы оның көркемсөз оқудың да нағыз шебері екенін айтып қалды. Меруерт бізбен әңгіме арасында шабыт келген кей сәттерде іштегі жүрек сыры өлең болып өрілетінін, оны қағаз бетіне түртіп алатынын айтты.
«Қазақстан колледждерінің ең үздік ТОП-100 студенті» байқауында Меркінің ғана емес, республикаға Әулиеата өңірінің мерейін үстем ете түскен Мерует Нәметқұл болашақта ІТ-технология саласының нағыз маманы болғысы келетінін жасырмады. Колледжде алып жатқан білімі де сол саламен байланысты. Ендеше осындай үлгілі студент тәрбиелеп жатқан Меркі аудандық №9 колледжінің ұжымына сәттілік тілейміз.

Ж.Бақытбекұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.