Жастар.kz

Үздік жобалар елімізді танытуға үлкен мүмкіндік

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры Мемлекет басшысының өзі бекіткен, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және басқа да қоғамдық-саяси мақсаттарда құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады. Таяуда аталмыш ұйымның облысымыздағы күні өтті.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қор өкілдері жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, жастар саясатын дамыту мәселесі, мәдениет, ғылым, әлеуметтік салаларға қатысты бірлескен жобаларды талқылады.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, университет ректоры Махметғали Сарыбеков пен қор өкілдері өзара пікір алмасты. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығын компьютермен жабдықтау мақсатында 3 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Аталмыш орталықта жаңа оқу жылынан бастап ІТ сыныбы ашылады деп жоспарлануда.

Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов ұйымның жоспарында жастарды қолдауға, қазақстандық креативті және бәсекеге қабілетті ғылыми қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған көптеген жобалар бар екенін атап өтті.

– Жобаның негізін болашақта студенттер мен жоғары оқу орындарының түлектері құрайды. Бұл жобалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес әзірленіп, іске асырылады. Қазір жоғары технологиялар жарысқа түскен заман. Бұл ретте, дамыған елдер бір-бірінен қара үзіп қалмау үшін жаңа идеяларды тудыруға талпынып жатыр. Қордың тағы бір мақсаты – жастар жобаларын әлемдік деңгейге шығару. Қазіргі таңда экономикамызға басымдық беру мақсатында көптеген стартап жобалар қолға алынуда. Еліміздегі 1000-ға жуық жас ғалымдардың үздік жұмыстарын іріктеп, жаз айларында Сингапурда өтетін әлемдік байқауда озық жобалардың көшін бастасақ деген ойымыз бар, – дейді Сұлтан Мұратұлы.

Іс-шараның екінші бөлімінде Елбасы қоры Тараз мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесті. Жиында жастар қордың өздеріне арналған арнайы жобаларымен кеңінен танысып, жан-жақты мағлұмат алды. Бүгінге дейін ТарМУ-дың 30-ға жуық студенті ұйымның әртүрлі жылдардағы стипендианты атанған. Биыл аталмыш қордың ұйымдастыруымен өткен «Болашақ ғалымдар» атты студенттердің үздік ғылыми жұмыс бәсекесінде университеттің 2 құрамасы жеңімпаздар қатарынан көрінген.

Сондай-ақ, кездесуде смартфондар мен планшеттерге арналған латын қарпі бар «Qazaq Latyn Keyboard» пернетақтасы жобасының тұсауы кесіліп, қордың қолдауымен әзірленген қазақ тілін оқытатын «Soyle.kz» онлайн-курсы мен бірқатар мобильді қосымшалар туралы мағлұмат берілді. Сонымен қатар, басқосу барысында аталмыш ұйым өкілдері жастарға шеберлік сабақтарын өткізіп, деректі фильмді назарларына ұсынды. Қордың облысымыздағы күні «Баласағұн» мәдениет сарайындағы «Астана – Ұлы дала жауһары» атты сурет көрмесі және қор сыйлығы лауреаттарының концертімен аяқталды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР