1-сыныпқа қабылдау басталды

0 7

Пандемияға байланысты биыл балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ережесіне толықтырулар мен өзгертулер енгізілген болатын. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, карантин режимінің ұзартылуына байланысты биыл 1-сыныпқа өтініштер сәуірдің бірінен басталды. Бұл науқан 1 тамызға дейін жалғаспақ.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова гимназия, лицейлерден басқа мектептердің барлығы балаларды мектепке емтихансыз қабылдайтынын айтады.
– 1 сәуірден бастап еліміздің барлық мектептерінде келесі оқу жылына 1-сыныпқа қабылдау басталды. Баласын бірінші сыныпқа беруді жоспарлаған ата-аналар құжаттарын өткізе беруіне болады. Мектепке алты жасар балалар мен ағымдағы күнтізбелік жылы 6 жасқа толатын балалар қабылданады. Айта кету керек, баланың жасы 1 қыркүйекке дейін толық 6 жасқа толған болса, барлық балалар қабылданады. Ал жасы толық 6-ға толмаған балалардың (олардың жасы үстіміздегі жылы 1 қыркүйектен кейін толатын болса) тек ата-аналары немесе басқа заңды тұлғалары қалаған жағдайда мектепке бару мүмкіншіліктері бар.
Ережеге сәйкес 1-сыныпқа қабылдау кезінде алдымен қызмет көрсету аумағынан өтініш (тіркелу орны бойынша) білдірген үш үміткер, содан кейін басқа аумақтан бір үміткер қабылданады.
Гимназия, лицейлерден басқа мектептердің барлығы балаларды мектепке еш емтихансыз қабылдайды, – дейді Г.Ходжабергенова.
Құжаттарды egov.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Осы орайда басқарма басшысы ата-аналарға нұсқаулық ретінде жинайтын құжаттар тізімін де тізіп берді.
– Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін қажетті құжаттар: ата-ана өтініші (немесе оларды алмастыратын тұлғалардан); баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; денсаулығы туралы анықтамасы (медициналық паспорт), 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат; 3х4 үлгісіндегі
2 фотосурет.
Жекелеген мектептерге сұраныс көп болған жағдайда құжаттар мектептің қызмет көрсету аумағынан алғашқы 3 өтініш берушіден, одан кейін басқа шағын учаскеден 1 өтініш берушіден (3:1 қағидаты бойынша) қабылданады. Сондай-ақ
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес, облыстағы мамандандырылған мектептерге үміткерлердің құжаттарын қабылдау және тіркеу наурыздың бірінен жүргізілуде және сәуірдің он бесіне дейін жалғасады. Конкурсты өткізу мерзімі ағымдағы жылдың 1-20 маусымына жоспарланып отыр. Үміткерлер офлайн форматта тест жазады. Конкурс өткізілетін орында барлық санитарлық талаптар қатаң сақталатын болады, – дейді Г.Ходжабергенова.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.