Театрдағы тағылымды іс

0 1

Коронавирус пандемиясының таралуына жол бермеу, індеттің алдын алу мақсатында қазіргі таңда елімізде кешенді іс-шаралар жоспары қолға алынды. Талап пеп тәртіп күшейді. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, денсаулығын қорғауға байланысты бірқатар қалаларда карантин режімі енгізіліп, онлайн нұсқадағы жұмыс тәртібіне көшті.

Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова төтенше жағдай кезінде қолға алынған жобалар жайлы тарқатып айтып, еліміздің осы бір қысылтаяң шақтан қиналмай шығуына мәдениет және спорт, туризм өкілдері белсене ат салысатынын жеткізді.

– Барлық республикалық өнер ошақтары кестеге сәйкес күн сайын қойылымдарын, онлайн режимде өз сайттарында, YouTube арналарында және әлеуметтік желілерде көрсетіп келеді. Жалпы республика бойынша мәдениет және спорт мекемелерінің қызметкерлерінің 90 пайызы қашықтықтан жұмыс жасау режиміне ауыстырылды. Күн сайынғы таңғы 8-ден бастап кешкі 9-ға дейін мәдениет және спорт өкілдері қазақстандықтарға үйден шықпай, бой жазу жаттығуларын жасап, түрлі кездесулер, онлайн лекциялар, концерттер өткізіп жатыр,– деді министр.

Министрліктің бастамасымен қолға алынған жаңа форматтағы жұмыс тәртібі облысымызда да жалғасып, қазір жергілікті өнерпаздардың қатысуымен онлайн кездесулер, лекциялар, концерттер де өтіп жатыр. Мәселен Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Қазақстан Республикасында төтенше жағдайлар енгізу туралы Мемлекет басшысының Жарлығына, сондай- ақ, осыған байланысты қабылданған облыс басшылығының өкімімен хаттамалық тапсырмаларына орай халыққа көрсетілетін мәдени қызмет пен шығармашылық ұжымның жұмысын толықтай онлайн режимге көшірген. Өнер ошағы бұрынғысынша қалыпты жұмыс жасап жатыр. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжановтың айтуынша, қазіргі таңда театр актерлары Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясына дайындық жұмыстарын қашықтықтан, онлайн режимде өткізіп жатыр. Актерлерлер бекітілген рөлдері бойынша кейіпкерлерінің сөздерін оқып, жаттау, өзара диалог құру шараларын қойылымның қоюшы-режиссері Қуандық Қасымовтың жетекшілігімен жүзеге асыруда екен. Сонымен қатар театр басшылығы коронавирус пандемиясына байланысты оқшауланып, үйде отырған өз көрермендері үшін «Театр таланттарды іздейді» көркемсөз оқу шеберлерінің және «Зере апаның ертегілері» байқауын бастаған.

– Бұл байқаулар жас ұрпақты халқымыздың мол әдеби мұралары мен рухани құндылықтарын бойларына сіңіріп қана қоймай, оларды насихаттау шараларына қатысуға да төселдіріп, үйретеді.

«Театр таланттарды іздейді» көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына қатысушы әрбір талапкер әлеуметтік желідегі облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының парақшаларына кіріп, тіркеліп, өзі туралы толық мәліметтерді және бірнеше суреттерін қалдыра отырып, тікелей түсірілімде жанды дауыспен 2-3 минуттық көркемсөз оқиды. Байқауға ұсынылған көркемсөз оқу шеберлерінің жазбаларын театр жанында құрылған қазылар алқасы талдаудан өткізіп, бағалайтын болады.

Ал, «Зере әженің ертегілері» байқауына қатысушылар өз ойларынан жаңа ертегі құрастырып шығуы керек. Бұл байқауда да желідегі театрдың парақшасына тіркеліп, өзді ойдан құрастырған жаңа ертегілерін орналастырады. Екі байқаудың бірінші орын иегерлеріне театр қойылымдарына 1 жыл бойы тегін кіру абономенті, екінші орынға 6 ай бойы тегін кіру, үшінші орын иегеріне театр қойылымдарына 3 ай бойы тегін кіру абономенті беріледі, – дейді Болат Үмбетәліұлы.

Сондай-ақ театр ұжымы волонтерлік бастама көтере отырып, бос уақыттарын пайдалы іске жұмсап, өз қаржыларына дәке, мата, жіп және тағы басқа қажетті заттар сатып алып, медициналық бетперделер тігіп, аз қамтылған отбасыларға тегін тарату шараларын қолға алыпты.

Иә дәл осындай жауапты кезеңде жауапкершілікті тек медицина саласының мамандарына артып қоймай, елдігімізді, бірлігімізді танытып, жұдырықтай жұмылғанымыз жөн. Біздің күш-жігеріміз біріккенде ғана кедергілер мен қиындықтарды еңсере аламыз.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.