«Темірдей тәртіп қажет»

0 2

Асқар АБДУАЛЫ,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бірінші проректоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Бүкіл әлемді дүрліктірген – коронавирус дерті күн санап өршіп тұрған кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы халқымыздың алаңдаған көңілінің күдігін сейілтіп, ерік- жігер беріп, бірлескен іс-қимылдарға жаңа серпін қосты. Елбасы атап көрсеткендей мың өліп, мың тірілген, талай алапаттардан аман шыға білген халқымыздың рухы мықты. Өзіне сенімді ұрпағы қандай қиындық болса да жеңе біледі. Тек осындай сын сағатында халқымыздың бойында бар басты құндылықтар мен дәстүрімізді жаңаша жаңартуымыз қажет.

Сондықтан Елбасымыздың қоғамда үрей таратып, байбалам тудыру әрекеттерінің орнына игілікті істер, ғылым-біліммен шұғылдануға шақыруы саналы түрде өзін, ұрпағын, елі мен Отанын ойлаған әрбір қазақстандыққа басымызға уақытша түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге деген сенім мен рух берді. Әсіресе, ғасырлар бойы аңсаған, бүгінгі қол жеткізген Тәуелсіздігімізді мәңгі баянды ету – бәріміздің ортақ мақсат-міндетіміз.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, адамзатқа қауіп төндіріп отырған індетпен тұспа-тұс келген мұнай бағасының құлдырауы, бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыс бұрын болмаған ауқымды рецессияға әкелді, жұмыссыздық көбейді. Бірақ соған қарамастан Елбасының сарабдал саясатының арқасында ертеректе қабылданған таяу және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Қазақстан-2050 стратегиясы», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы экономикамызды әртараптандыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік өнімдерін арттыруға, қаржы және материалдық ресурстарды молайтуға мүмкіндіктер берді. Сондықтан аса абыржуға негіз жоқ. Әрине бұл арқаны кеңге сала беруге болады деу емес. Қазақ халқы өзіміздегі және әлемдегі әр кезеңдерде жайлаған жойқын соғыстарды, мыңдаған, миллиондаған адамдарды жалмаған індеттерді аз көрген жоқ. Тарихи үдерістерден әрдайым оң шешім қабылдай білу аса қажет.

«Арғымақтың белгісі – азғанын білдірмес,

Азаматтың белгісі – қайғырса да бүгілмес» дегендей, Елбасымыздың «Біз біргеміз, қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке бірлігімізден айрылмайық, сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз» деген тұжырымы әрбіріміз үшін басты өмірлік ұстанымымыз болуы керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.