Өнімі өтімді өндіріс ошағы ешқашан шығынға батпайды

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар өнеркәсіп нысандарында болып, олардың қызметімен танысты.

Өңір басшысы ең әуелі «Тараз-Холод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің азық-түлік қоймасында болды. Аумағы 6 мың шаршы метрді құрайтын қоймада қазір жүздеген тонна ұн, күріш, қарақұмық, балық, құс еті, макарон, кондитерлік өнімдер және басқа да азық-түлік тауарлары сақталуда.

Кәсіпорын директоры Сәуле Жаңабекова облыс әкіміне өнімдерді сақтау шарттары мен оны жүзеге асыру жолдары туралы айтып берді. Оның айтуынша аталған алгоритмді іске асыруда айтарлықтай мәселе жоқ. Тек карантиндік шетеулер тауарларды тасымалдау қызметіне қиындық туғызып отыр.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы бұл мәселенің облыстық жедел штабқа тиісті өтінім беру арқылы шешілетіндігін жеткізді. Кәсіп иелері берген өтінімде көрсетілген мәліметтер арнайы базаға түседі. Мұнан соң тасымалдау қызметін ұйымдастыратын көлік құралдарының қозғалысында еш кедергі болмайды.

Өңір басшысы «Запчасть» акционерлік қоғамының металлургиялық зауытында да болды. Теміржол көлігіне арналған тежегіш қалыптарын, құрылысқа арналған арматуралар шығарып келген кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. Зауыт директоры Әділбек Құлбаев мұның себебін карантинге байланысты цехтарды іске қосу жұмыстарының кейінге қалдырылуымен түсіндірді. Өйткені цехты іске қосуға қабілетті мамандар Қытайдан шақыртылмақ.

Бұл орайда облыс әкімі өндіріс ошағының бастамаларына көмек беруге дайын екендігін жеткізіп, зауыттың құрылыс нысандарының сұранысын өтеуге мән беруі қажеттігін айтты.

– Мамыр айынан бастап бізде ауқымды құрылыс жұмыстары басталады. Бұл тұрғыда сіздер шығаратын арматура құрылыс нысандарына аса қажет материал саналады. Сол үшін зауыттың іске қосылуын жеделдету керек,– деді Б.Сапарбаев.

Сол секілді құрылыс материалдары нарығында 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Керамик инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған облыс әкімі өндірістің әуелі өз қажеттілігімізді өтеуі қажеттігін жеткізді.

Ал кәсіпорынның бас директоры өз өнімдерінің республика аумағында үлкен сұранысқа ие екенін айтады.

– Бізде шикізат тапшылығы сезілмейді. Цемент Мыңаралдан, металл Қарағандыдан әкелінеді. Өнімдеріміз өз өңірімізден бөлек Түркістан мен Қызылорда облыстарында сұранысқа ие, – дейді кәсіпорынның бас директоры Евгения Ли.

Бұл орайда өңір басшысы биыл құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артатынын ескертіп, зауыт өнімдерімен ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға көңіл бөлуге шақырды. Сәйкесінше кәсіпорын иелерінің назарын өндірістік қуаттылықты арттыру, инвестиция тарту сынды мәселелерге аударды.

«Полиэтилен Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз өндірісін кеңейтуді көздеп отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығына арналған полиэтилен пленкасының өндірісін жолға қойған кәсіпорынның жаңа цех ашуға ниеті бар.

– Біздің жаңа цех ашқымыз келеді. Бірақ оған әзірге мүмкіндігіміз жетпей тұр, – дейді кәсіпорын директоры Бахтияр Серкеев.

Облыс әкімі бұл мәселені «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шешуді ұсынды.

– Қажетті есептеу шараларын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарды дайындаңыздар. Біз «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында көмек көрсету жолдарын қарастырамыз, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы «Good Look» автоматтандырылған жемшөп өңдеу кешенінде де болды. Мұнда мал азығымен бірге құстарға да арналған азықтың сан түрі өндіріледі. Кәсіпорынның өз қоймасы бар.

Серіктестік директоры Румия Хашимованың айтуынша, зауыт өнімі ішкі нарықпен бірге Өзбекстан мемлекетінің және Түркістан облысы шаруаларының сұранысын өтейді екен. Өндірістік нысанның алдағы жұмыс жоспарымен танысқан облыс әкімі мал азығы өндірісі аграрлық аймақ үшін сұранысқа ие екендігін айтып, бұл бағыттағы кәсіп иелеріне қолдау болатынын айтты.

– Ұсыныстарыңыз жақсы. Бірақ оларды жан-жақты зерделеу керек. Әрине облысқа жақсы жем базасы қажет. Бұл мәселені біз шаруалармен шаруашылықтардың бірінің базасында семинар түрінде талқылайтын боламыз, – деді Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.