Жамбыл жаңалықтары

11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады

Written by Aray2005

Өңірлік жедел штабтың кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесінде айтылған міндеттерді жүзеге асыру туралы мәселе қаралды.
Бүгінгі таңда облыста коронавирустың 106 жағдайы тіркелген, қауіпті індеттен 43 азамат емделіп шықты. Негізгі міндет – науқастардың санын көбейтіп алмас үшін қатаң бақылауды босаңсытпау.
Басқосуда облыстық жедел штабтың төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең алдымен медицина және полиция қызметкерлері өтуі тиіс КВИ-ді анықтау бойынша тесттердің санын арттыруға назар аудартты.
261 мыңнан астам жамбылдық жалпы сомасы 11,5 миллиард теңге болатын 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қол жеткізген. Ал 77 мың адам 440 миллион теңгеге азық-түлік жиынтығын алды.
«Bіz bіrgemіz!» акциясы аясында жалпы сомасы 834 миллион теңге жиналып, 1734 адам көмекпен қамтылды. 2 мың дәрігер мен полиция қызметкерлеріне 210 миллион теңгеге үстемақы мен сыйақылар төленді.
– Жұмысын бастайтын шағын және орта кәсіпорындарының тізімін жасау керек. Оларға жұмысын қайта бастау үшін рұқсат тек қауіпсіздік техникасы мен санитарлық талаптарды сақтай алатындығын дәлелдей алғанда ғана беріледі. Олардың сақталуын бақылау аудан әкімдеріне жүктеледі, – деді өңір басшысы.
Күніне кемінде екі рет дезинфекциялау және қорғаныс костюмдері мен бетперделерінің болуы басты назарға алынбақ.
Ұсынылған шағын және орта кәсіпорындар тізімнен шаштараздар мен сұлулық салондарын алып тастау туралы шешім қабылданды. Онда адамдардың жиі байланыста болуы мүмкін және санитарлық талаптардың сақталуы қиын. Алайда қызмет көрсету стансалары, автожуу, азық-түлік емес дүкендер және басқа да объектілер өз жұмысын бастайды. Ал, мейрамханалар мен кафелер әлі де жеткізіп беру режимінде қызмет ете береді.
Жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар қамқорлықсыз қалмас үшін белсенді демеушілерді тартуды жалғастыра беру қажет.
– Үйлестіру кеңсесіндегі және әлеуметтік бағдарламалардағы барлық тізімдерді тексеріңіздер. Көмекке мұқтаж кез келген адам көмек алуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік телемдерді екінші қайтара төлеу шараларын, коммуналдық шығындарды өтеу үшін 15 мың теңгені ресімдеуді ұтымды ұйымдастыра білу қажет.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер мен оларға теңестірілгендер тиісті төлемдерге қол жеткізеді. Облыстағы соғысқа қатысқан 57 ардагерге 1 миллион теңгеден берілсе, оларды қала және аудан әкімдері арнайы құттықтайтын болады.
Тиісті орындар әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар таратып, қоғамда дүрлігу туғызатын тұлғаларды анықтау жөніндегі жұмысты жандандыра түсуі маңызды.
– Мемлекет басшысы айтқандай, 11 мамырға дейін ел экономикасын қалпына келтірудің кешенді жоспары түзіледі. Осы орайда облыс 7 мамырға дейін өз нұсқасын әзірлеп, Үкіметке ұсынуы керек.
Шектеу шараларын енгізу аймақтық экономикаға қай деңгейде әсер ететіні, қандай шаралар көп зардап шегеді, қай жерлерде табыстың төмендеуі, жұмыссыздық деңгейі артатыны туралы болжам жасау қажет. Бастапқы болжамдарға сәйкес, бұл сауда, кәсіпкерлік, мәдениет, өнер және спорт салалары. Осыған орай, 30 сәуірге дейін аумақтық жұмыспен қамту жол картасын әзірлеу қажет.
Негізгі мақсат – кемінде 26 мың, оның ішінде 11 мың тұрақты жұмыс орнын құру, жұмыс орындарының жаппай босауына жол бермеу.
Ең бастысы – тәртіпті сақтау, әр адамның өз тағдыры үшін ғана емес сонымен бірге жақын және айналасындағы адамдардың тағдыры үшін де жауапкершілікті сезінуі тиіс, – деді жедел штаб отырысын қорытындылаған Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР