1300 шақырымнан астам жол жөнделеді

0 2

Ағымдағы жылы облыста автожол бойынша 1145 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оған 30,2 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 8,3 миллиард теңгеге 23 жоба, «Ауыл — Ел бесігі» — бағдарламасы бойынша 2,4 миллиард теңгеге 84 жоба, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 15,2 миллиард теңгеге 843 жоба көзделген.

Өңірде 1 346,2 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның 180,5 шақырымы облыстық маңызы бар, 139,3 шақырымы аудандық маңызы бар, 1026,3 шақырымы елді мекен көшелері.
Сондай-ақ, республикалық бюджет қаражаты есебінен 3 ірі жоба іске асып жатқандығын айтып өту керек. «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ», «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» облыстық автомобиль жолдарын қайта жаңарту және Қырғыз Республикасының шекарасына қарай ұзындығы 16,1 шақырым болатын Тараз қаласының оңтүстік айналма автожолының құрылысы.

– Ағымдағы жылдың аяғына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 85 пайыздан 90 пайызға, елді мекен көшелерінің сапасын 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін арттыру міндеті қойылып отыр, – дейді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.
Автожолдарды салу және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сапаны бақылауды тапсырыс берушімен бірлесіп, жол активтерінің сапа орталығын тұрақты түрде жүзеге асырады. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мамандар 53 нысанды тексеріп, 17 заңбұзушылықты анықтаған.
Автомобиль жолдарының құрылысы, қайта құру және күтіп ұстау бақылауы бойынша мониторингті «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, «Жамбыл-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жүргізуде.
Сонымен қатар жөндеу-құрылыс жұмыстарын «Nur Otan» партиясы, «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері, облыс әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармалары мен бөлімдерінің мамандарынан құрылған мобилді топ өкілдері де қадағалап отырады.
Айта кету керек, облыста автожол жобаларын іске асыру 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.