Қоғам

15 мың теңгеге өтінім мамыр айынан қабылданады

Written by Aray2005

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған мәлімдемесінде төтенше жағдай режимі мамыр айының 11-ші жұлдызына дейін жалғасатынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде карантин уақытысында қолға алынған әлеуметтік төлемдер жалғасын табатындығын айқындап тұр. Осы орайда халықтың дені 15 мың теңге көлеміндегі коммуналдық төлемге арналған қолдауды асыға күтіп отырғаны анық. Жаңа әлеуметтік қолдау түрін алудың тәртібі мен талабы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты түсіндіріп берді.

Бекболат Серікбекұлының сөзіне сүйенсек, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеуші, көпбалалы отбасылар, ҰОС мүгедектері мен қатысушылары және ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген азаматтар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасы, ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер коммуналдық қызметтерді өтеу бойынша жеңілдіктер ала алады екен. Айта кетерлігі, облыс бойынша коммуналдық қызметтердің төлеміне белгіленген 15 мың теңге жәрдемақы алу үшін азаматтардың өтінімдері осы жылдың 1 мамырынан бастап Тараз қаласы мен аудандарда құрылған сall-орталықтарында қабылданады. Сондай-ақ мемлекетпен белгіленген 15 мың теңге жәрдемақы ағымдағы жылдың сәуір, мамыр айлары бойынша әр айда нақты тұтынылған коммуналдық қызметтердің шығындарын өтеуге жұмсалады.
– Қаражатты аударуды әкімдік өтелуге жататын коммуналдық қызметтердің санына және сомасына қарай белгіленген 15 мың теңге тепе-тең төленеді. Егерде кейбір коммуналдық қызмет түріндегі түбіртекте сомасы аз болған жағдайда коммуналдық мекеме төлемнің артылған айырмасын келесі есептік айларға қалдырып, төлемі есептеле береді және осы туралы тұтынушыға хабарлама жібереді. Ал кейбір коммуналдық қызмет түріндегі түбіртекте сомасы төленетін сомадан көп болған жағдайда, қалған айырмасын тұтынушы өзі төлейді, – дейді Бекболат Серікбекұлы.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған мәселеге қатысты барлық мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жергілікті тұрғындардың назарына жедел жеткізіліп отыратынын жеткізді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР