15 ықшамаудан тұрғындары жол азабынан қашан құтылады?

0 61

«ARAI» газетінің редакциясына Тараз қаласындағы 15-ықшамауданның тұрғындары хабарласып, көптің базынасын жеткізді. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, жаңадан бой көтеріп жатқан ықшамаудан тұрғындарының басты мұңы – жолдың жыры.
Жалпы, ондағы жол мәселесі әлеуметтік желіде, баспасөзде бұған дейін де аз айтылып, аз жазылған жоқ. Өкінішке қарай әзірге сыннан нақты нәтиже шығып, тұрғындарды толғандырған мәселе шешімін тапты дей алмаймыз. Әрине себебі де жоқ емес. Тараз қаласы әкімдігі аудандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталғанда ғана жол салынатынын айтады. Себебі қазір жол салынса, ауыр техникалар көпке шыдатпай жарамсыз күйге түсіреді.
Ал тұрғындар уақытша болса да қиыршық тас төселсе жол азабынан құтылатындарын айтады.
– Шыны керек екі жылдан бері жол азабы әбден жанымызға батты. Әсіресе көктем, күз айларында көлікпен болмаса жаяу қатынау мүмкін емес. Сондықтан тым болмаса қиыршық тас төселсе жөн болар еді. Мүмкін аудандағы құрылыс жұмыстары 5-10 жылға дейін жалғасатын шығар. Сонда осынша жыл бойы ойқы-шойқы, аты бар да заты жоқ жолмен жүруге мәжбүр боламыз ба? – дейді 15-ықшамаудандағы 11-үйдің тұрғыны Сәкен Шардарбеков.
Тағы бір тұрғын жолдың қазіргі жағдайы тіптен жаға ұстататындай екенін жеткізді.
– Соңғы күндері жауын-шашын көп болып, тіпті жүре алмай қалдық. Аялдамаға жеткенше әбден ығырымыз шығады. Шыны керек такси де келмейді. Мекенжайды айтсақ ат тондарын ала қашады. Себебі жолы нашар болған соң барғылары келмейді. Сол себепті тас жол төселгенге дейін басқа бір амалын жасаса екен деген тілегіміз бар, – дейді 4-үйдің тұрғыны Еділ Бестерек.
Осылайша тұрғындар шарасыздықтан, жол азабы жандарына батқандықтан өз ұсыныстарын айтып отыр. Мүмкін жауаптылар тұрғындардың талап-тілегін жауапсыз қалдырмас.

Leave A Reply

Your email address will not be published.