18 ақпан – жерлесіміз, белгілі ақын Ескен Елубаевтың туған күні

0 9

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі  Ескен Елубаев 1942 жылы 18 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ау­данындағы Отар стансасында туған. 1958 жылы Отар стан­са­сын­дағы №29 теміржол орта мектебін бітірген. ҚазМУ-дің филоло­гия факультетін тәмамдаған.
1966 жылдан бастап «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») га­зетінде, «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспаларында, «Балдырған» журналында жауапты қызметтер атқарған.
Ең алғашқы өлеңі 1958 жылы республикалық «Ара» журналын­да жарияланған. Ол шығармаларының денін балаларға арнап жаз­ды. Оның «Болатбек» пьесасы республикалық қуыршақ теат­рын­да қойылған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Ұлттық «Астана — Бәйтерек» конкурсының екі дүркін бірінші жүлдегері, Ха­лықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдегері болды. «Қа­зақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Мем­ле­кеттік гранттар мен стипендияларды иеленді.
«Көк жейде», «Көкпар», «Баламысың деген», «Өжет», «Кто силь­нее?», тағы да басқа қырықтан астам кітаптары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. «Балабек», «Асар» пье­салары республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. «Саған күшік керек пе?» кинофильмі ав­тордың пьесасы бойынша түсірілген. Шығармалары қазақ және орыс мектептеріне арналған оқулықтарға енген.
Саналы ғұмырын әдебиетке арнап, жарты ғасырдан астам уақыт бойы талмай еңбектеніп, өмірінің соңына дейін қалам құрғатпай жазып, балалар әдебиеті жанрын байытқан Ескен Елубаевтың әдеби мұралары өскелең ұрпақ үшін өшпес мұра болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.