Қоғам

21 мың теңгенің «жыры»

Written by Aray2005

немесе әлеуметтік көмек кейбір жандарды масылдыққа итермелеп жатқан жоқ па?

Бүгінде жұрт мемлекет тарапынан аз қамтылған отбасыларға 21 мың теңгенің кімге, қалай төленетінін түсінгендей. Алайда «бауын тапса, байлауын таппайтын» тірліктей, сол бір 21 мың теңгенің «жыры» бітпей-ақ қойды. Табысы асып кеткендердің танысының баласын үйіне әкеліп тіркеп немесе қартайғанда бағып-қағып отырған әке-шешесінің зейнетақысы кіріске есептелетін болғандықтан оны ағасының не әпкесінің үйіне апарып тастау секілді арға қайшы қылықтар қоғамда көрініс тауып, жаға ұстатуда.

Ауылдық жердегі жағдайы жоқ кейбір отбасының қолындағы жалғыз сиырын базарға жетектеп апарып, сатып жіберуі де осы 21 мың теңгеге қол жеткізудегі қу тірлік. Себебі жалғыз сиырдың ала жаздай жем-шөбін дайындап, суалғанша ағарған ішуді арман тұтып, әуре-сарсаңға түскенше олар да ел қатарлы 21 мың теңгеге ілігіп кетсе, сол ағарғанды өзге біреуден нақты ақшаға сатып алу әлдеқайда тиімді. Ел ішінде болып жатқан осы тектес мәселелер – өз алдына бір бөлек қозғалатын тақырып.
Ал біздің айтпағымыз, осы 21 мың теңгенің тағайындалу тәртібінің елді масылдыққа бастап бара жатқандығы. Себебі мемлекетіміздің ең басты саясаты – елдегі әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, жұмыссыздардың санын азайту. Тоқетерін айтқанда, мемлекет халықтың әлсіз топтарына ақшалай төлем жасаумен қатар, оларға әлеуметтік қызметтер ұсынып, жұрттың жұмысқа тұруына ықпал жасап, оқыту, шағын несие беру және өзге де шаралармен қамтиды. Осының ішінде ең өзектісі – елді жұмыспен қамту. Бұл мақсатта мемлекет «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске қосты. Аталған бағдарламаның бірінші бағыты – қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, екіншісі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, ал үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Осы арқылы техникалық және кәсіптік білім алғандар да, қайта даярлау немесе қысқа мерзімді оқыту курсы негізінде жұмысшы мамандығын игеріп не кәсіптік негізде 1 ай оқыту курсынан өтіп, бизнеске ден қойғандар да ертеңгі күні бірі тігінші немесе етікші, ал енді бірі бизнесмен болып, еңбек дүбіріне араласып кете барады.
Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде мемлекет жастарға және көпбалалы аналарға 500 мың теңгеден қайтарымсыз қаражат беруді қолға алды. Мақсаты – оларға 500 мың теңге грант бере отырып, олардың жеке іс бастауына, кәсіппен айналысуына жағдай жасау. Біз айтып жүрген «Бастау Бизнес» жобасы да елдің кәсіпкерлік негізде оқыту курсынан өтіп, жеңілдетілген пайызбен несие алуы арқылы өз кәсібін ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтуын көздейді. Бірақ осы күні табысы аз отбасылар мемлекет беріп отырған 500 мың теңге грант алудан да, оқыту курсынан өтіп, несиемен іс бастаудан да бас тарта бастады. Себеп мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қолдаулардың адамның айлық табысын құрайтын кіріс ретінде есепке алынуында. Мұны Байзақ аудандық кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнес тренері Гүлзат Ысқақова да қуаттап отыр.
– Былтыр 180 адам оқыту курсынан өтті. Олардың 106-сы төмендетілген пайызбен несие алып, іс бастады. Биыл аудан бойынша 135 адамды осы «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқыту курсынан өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ кәсіппен айналысуға ниеттенген адамдар көп болып оқығысы келгенімен, несие алудан бас тартып жатыр. Былтыр оқыту курсын аяқтаған бір келіншек әне-міне несие аламын деген мезетте қаржыдан бас тартты. Негізінен, олар көпбалалы, табысы аз отбасының мүшелері. Себебі мұндай отбасы оқуға қатысса, оларға бір ай оқығаны үшін 16 789 теңге шәкіртақы төленеді. Ол пайда. Ал несие алса, ол табысқа есептеліп кетеді. Мемлекет тарапынан берілетін 21 мың теңгеден қағылып қалмау үшін олар осындай қадамға баруда. Сонымен қатар 18-29 жас аралығындағы азаматтарға биыл 500 мың грант берілмек. Осыншама қайтарымсыз қаражат көпбалалы отбасындағы аналарға да беріледі. Тұрғындар бұл қолдаудан да бас тартуда. Өйткені жұрт оқып, несие немесе грант алып, кәсіппен айналысып бас қатырғанша, ай сайын мемлекеттен әр балаға 21 мың теңге алып отырғанды құп көреді. Бағдарламаның мақсаты жұмысысыз азаматтарға мамандық игертіп немесе бизнеске баулып, аяққа тұрып кетуіне жағдай жасау болғанымен, мына мәселе айтарлықтай кедергі болып тұр, – дейді Г.Ысқақова.
Осы орайда біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сы­ның әлеуметтік еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Ғалижан Мейірмановтан қайтарымсыз қаражаттың кімдерге берілетінін сұрап білдік.
– Бұл біздің облысқа пилоттық жоба ретінде былтыр енгізілген. Қайтарымсыз қаражаттың ол кезде көлемі 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 252 мың теңге болатын. Биыл бұл екі еселеніп, 505 мың теңгені құрады. Мұны 4 баладан көп баласы бар аналар мен 29 жасқа дейінгі жастар ала алады. Олар бұл қаражатты алу үшін бұрын мемлекеттен қаржылай қолдау шараларын көрмеген, яғни грант, несие алмаған болуы керек. Сондай-ақ олар кәсіптік оқыту немесе «Бастау Бизнес» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқыту курсынан өтуі қажет. Негізінен, министрлік тарапынан әлі ешқандай ереже бекітілген жоқ. Десе де облыста 500 мың теңгелік грантты 329 жас азаматтың алуы үшін республикалық бюджеттен 166,1 миллион теңге бөлінді. Ал 611 көпбалалы аналар үшін 308,5 миллион теңге қаралды. Егер осы қаражатты алған адамдар оны бизнеске емес, басқа бағытқа жұмсағаны анықталса, ол мемлекетке кері қайтарылады, – деді Ғалижан Советұлы.
Аталған басқарма басшысының орынбасары Сәкен Арубаев 21 мың теңге көпбалалы отбасы болсын, бір балалы отбасы болсын әлеуметтік көмекке аса мұқтаж жанұяға берілетінін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, мемлекет жұмысы бар, бірақ көпбалалы отбасының табысын есептейді. Жағдайы жақсы болса, аталған қаржы берілмейді. Ал мүлдем жұмыссыз отбасының отағасына немесе балалардың анасына алдымен жұмыс ұсынады, белгілі бір мамандық игерту үшін немесе бизнеспен айналысу үшін оқытады. Егер олар осындай қолдаулардан бас тартып жатса, оларға 21 мың теңге берілмейді екен.
– Жан басына шаққандағы табыс отбасындағы барлық мүшелерінің табысын қосып, отбасы мүшесінің санына бөлген кезде ол кедейшілік шегі болып есептелетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болса, яғни табыс отбасындағы әр адамға шаққанда 20 789 теңгеден асып кетпесе әр балаға 21 мың теңгеден беріледі. Ал кіріс көзін табысқа есептейтін болсақ, бұл тізімге тек қана Алтын алқа, Күміс алқа иелеріне берілетін қаражат, мүгедек балаларға тағайындалған жәрдемақы және шәкіртақы алынбайды. Демек, зейнетақы, кез келген қаржылық ұйымнан алған несие, мемлекеттен берілетін грант, мүгедек баласына күтуші болғаны үшін төленетін ақы, сыйақы, төрт түлік табысқа есептеледі. Сіз айтып отырған жағдай біздің ғана өңірде емес, барлық облыста үлкен мәселе ретінде көтеріліп отыр. 21 мың теңге алу үшін қолындағы малын сатып немесе қайтарымсыз қаражаттан бас тартып жатқан жағдайды біз де естудеміз. Бірақ амал қанша? Бұл министрліктегі жүйе. Егер сіз грант, несие, зейнетақы деген секілді қаражаттар табыс көзіне кірмеуі керек деп ойласаңыз, онда заңға қайта өзгеріс енгізілуі керек. Сіз қозғап отырған мәселені бізде қайта-қайта министрлікке хат жазу арқылы көтеріп жатырмыз. Ұсыныспен де шықтық. Алдағы уақытта осы 21 мың теңгенің тағайындалу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілетінінен үміттіміз – деді ол.

Жалпы, облыста 23 761 көпбалалы аз қамтылған отбасы бар екен. Әйтсе де бүгінгі күнге дейін 24 798 отбасы балаларына 21 мың теңгеден төлемақы алған. Біздің айтпағымыз, елді нарықтық өмірде бәсекеге қабілетті, өркениетке бейім болуға ұмтылдыра алмай жүргенде жұртшылықты әлеуметтік көмекке тәуелді етіп қоюға болмайды. Бұл шындап келгенде елді жұмыссыздыққа, масылдыққа итермелейді. Мұндай отбасыларға әр балаға төленетін 21 мың теңгені де, грантты да, несиені де беру керек. Ертеңгі күні сол қаражат олардың кәсіпте бағы жанып жатса, еселеніп қайтатыны анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР