250 полицей карантиннің сақталуын қырағы қадағалады
Әлемдік пандемия кезінде тәртіп сақшыларының еңбегі ерен болғаны сөзсіз. Жамбыл облысының полиция қызметкерлері де карантиндік шаралардың қатаң сақталуы үшін аянбай тер төкті.
Атап айтсақ, облыс бойынша 43 жерге блок-бекеттері қойылды. Оның жетеуі Тараз қаласы аумағында болса, Қордайға – 8, Сарысуға -4, Таласқа – 4, Меркі, Мойынқұм, Шу, Т.Рысқұлов аудандарына – 3-ден, Жуалыға – 2 және Жамбыл ауданына – 1 бақылау бекеті орналастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 250 полиция қызметкері жұмылдырылды. Алайда 1 маусымнан бастап әкімдердің қаулысымен барлық бекеттер алынып, жұмыстары тоқтатылды.
Індеттің таралуына жол бермеу максатында облысымыздың аумағына іргелес жатқан облыстармен және Қырғызстан Республикасынан келетін азаматтарға шектеу қою үшін, биыл блок-бекеттерді қайта орнату жұмыстары қолға алынуда. Ал облыс көлемінде 48 мобилдік топ карантин шаралардың сақталуын қадағалауда. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейін олардың күшімен 3384 нысан тексерілді.