26 жылда 26 мың баланың «кіндігін кескен»

0 7

Әрбір әйел үшін дүниеге дені сау, он екі мүшесі бүтін перзент әкелу бақыт. Ал нәресте жарық дүниеге келгенде оның кіндігін кесіп, алдымен қолға алатын акушер-гинеколог дәрігерлердің еңбегі тіпті ерен.

Қымбат Оразғалиқызын бесік тербеткен барлық ана жақсы біледі. Сөзі жұмсақ, жүзі жылы, қолы жеңіл дәрігер қаншама ананың аман-есен босанып, дені сау сәбидің дүниеге келуіне себепкер болды. Медициналық училищеден медбике мамандығын алып, дайындықтың барлық сатыларынан өткен ол 1988 жылы Ақтау қаласының Шевченко атындағы медициналық училищесін қызыл дипломмен бітіріп, содан соң Қарағанды медициналық институтына оқуға түседі. 1995 жылы өзінің кәсіби қызметін Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта акушер-гинеколог ретінде бастайды. 2018 жылдан бастап Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Дәрігердің ақ халат киіп, әйелдердің ана атануына көмектесіп жүргеніне биыл – 26 жыл. Жыл сайын мыңдаған ананың босануына қатысып, талай нәрестенің кіндігін кесіп, кіндік анасы атанып жүрген ақхалатты абзал жанның қанша сәбиді аман-есен қолына алып, қанша анаға жәрдемдескені есінде жоқ. Алайда 26 жыл еңбек өтілінде шамамен 26 мың сәбидің дүниеге келуіне себепкер болыпты.
– Акушер-гинекологтың жұмысы үлкен тәуекелділікті талап етеді. Біз тек баланың ғана емес, ананың өміріне де бірге жауап береміз. Баланың шыр еткен дауысын есту, анасының баласын алғаш көргендегі шаттанғаны біз үшін баға жетпес қуаныш. Менің түсінігімше акушер-гинеколог ештеңеден қорықпай, әрдайым әйел адамдарға көмектесуге дайын тұру керек. Шаршағанына да, ешбір қиындыққа қарамастан өзін аямай, науқасқа көмек көрсететін дәрігер идеал болады деп ойлаймын. Мінсіз дәрігер деген – ол өзін де, отбасын да екінші кезекке қойып, бірінші науқастың амандығын ойлайтын адам. Менің жұмысым күнделікті дүниеге жаңа туған нәрестелердің келуімен байланысты. Жаңа өмірдің басталғанының куәгері болу сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аман-есен дүниеге сәбиін әкелген аналардың қуанышын көргеннен артық бақыт жоқ. Соның өзі бізге үлкен қуаныш сыйлайды. Аналарымыз бен кішкентай бөбектеріміз аман болсын! – дейді дәрігер.
Ол өз қызметінің басты өлшемі – ана мен баланың өмірін сақтау екенін бар жан-жүрегімен түсінеді. 2020 жылдың сәуірінен бастап осы уақытқа дейін Қымбат Оразғалиқызы коронавирустық инфекциямен күрестің алдыңғы қатарында еңбек етуде. Бұл уақытта акушер-гинеколог коронавирус жұқтырған әйелдердің өмірін сақтауға өз үлесін қосып келеді.
– Өткен жылы пандемияның өршіп жатқан тұсынан бастап провизорлық орталықта әріптестеріммен науқастарға ем-шара жүргізіп келеміз. Ағымдағы жыл әсіресе медицина саласының өкілдері үшін аса ауыр болды. Пандемия басталған кезеңнен бастап алғы шепте жүрдік. Сенесіз бе, сол кезде болсын, мейлі қазір болсын менде осы аты жаман дертті жақындарыма жұқтырып аламын-ау, бала-шағама кесірім тиіп кетеді-ау деген ой болмапты. Бар ойымыз көмекке мұқтаж жандарды емдеу, қайтсек те бар күш-жігерімізді жинап, аман алып қалу. Биыл қаңтар айынан бастап қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық бөліміне қарасты стационарға облысымыздың барлық аумағынан ковидке шалдығып келген аяғы ауыр әйелдер түсуде. Олардың кейбірінің жағдайы тым ауыр болса, орташа деңгейдегілер де бар. Дәрігерлер үшін бұл да моральдық жағынан қиын. Себебі дертпен күресу оңай емес, ал сәби күтіп жүрген әйелдердің денсаулығын қайта қалпына келтіру де командамен жұмыс істеуді талап ететін өте қиын шаруа. Пандемия басталғалы үй бетін көрмей келеміз. Тіпті демалыс күндері мен мерекелік күндері де науқастардың қасында болуға тырысамыз. Әрине, кезекші бригада, кезекші дәрігерлер де жұмыс істеп жатыр. Бірақ әрбір пациенттің денсаулығы маңызды болғандықтан, аяғына тұрып кеткенінше барынша қадағалап, бар ем-домымызды жасап жатырмыз. Мұнда аяғы ауыр әйелдер мен босанған әйелдер бар. Сондықтан бізге жүктелген міндет те екі есе, – дейді Қымбат Оразғалиқызы.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.