"Кәсіпкерлік" Сұхбат

3 миллион теңгенің гранттары кімдерге беріледі?

Written by Aray2005

Міне, көзді ашып-жұмғанша Жастар жылының да бел ортасына келіп жеттік. Бұл жылға айрықша атау берілгелі өңір жастары елеңдеп, қоғам тарапынан үлкен жаңалық күткені рас. Осы орайда біз облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтенге жолығып, мекеме тарапынан Жастар жылында қандай айтулы іс-шаралар атқарылып жатқаны жөнінде арнайы сұхбат ұйымдастырған едік.

– Мәди Мейірбекұлы, бүгінде сіздердің және өзге де бірқатар басқарма өкілдерінен құралған «Болашаққа бағдар» атты керуен көші өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекенге бет түзеп, жастарға кеңес беріп жүргенінен хабардармыз. Осы жөнінде сөз қозғасаңыз…
– Жастар арасындағы жұмыссыз­дықпен күресу, оларды кәсіпке баулу, белсенді жастардың қатарын арттыру, озық идеялы жастарға қолдау көрсету секілді өзекті мәселелер жетерлік. Сондықтан да Елбасымыз осы жылды «Жастар жылы» деп жариялағанда бүгінгі буынды өз әлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, лайықты білім алуға, ғылым, өнер, спорт, кәсіппен айналысуға шақырды. Бұл ел жастары, оның ішінде өңір жастары үшін үлкен мүмкіндік. Осыған орай биыл облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы өзінің бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментімен бірлесе отырып, әр ауылдағы, әр елді мекендегі жастарға кеңес беру мақсатында «Болашаққа бағдар» атты кеңес беру алаңының жұмысын бастады. Негізінен, бұл жұмыстар жылда жүргізіліп келе жатыр. Дегенмен биыл біз бірқатар өзгерістер енгізе отырып, осы кеңес беру алаңының жұмыс ауқымын кеңейттік. Түсіндіру жұмыстары әр ауданның
3 елді мекенінде өтеді. Осылайша облыс бойынша 40 елді мекен, оның ішінде 300-ге жуық жасты қамтымақшымыз. Мақсат– жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі, жеке кәсібін ашқысы немесе өз кәсібінің аясын кеңейткісі келетіндерге түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру. Елімізде жыл сайын әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Солардың жүзеге асырылу заңдылығынан құлағдар етеміз. Біз өңіріміздің түкпір-түкпірін аралауда жастарға тек қана кеңес берумен ғана шектеліп қалмай, кез келген мәселенің оң шешімін табуына да ықпал етпекшіміз. Аталған топтың құрамында жастар саясатына тікелей жауапты мемлекеттік органдар бар. Мәселен, оның қатарында облыстық білім, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, экономика, жер қатынастары, дін істері секілді 20-ға жуық басқарма мен «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің өкілдері бар. Жастарға барынша қолдау көрсету Тараз қаласы және облыстың 10 ауданында өткізілу керек болса, бүгінде Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында бұл жұмыстар атқарылып қойды. Талас ауданында жалпы 800-ден астам жас қамтылып, 60 адамға кеңес берілді.
– Араларыңызда аты дардай көптеген басқарманың тиісті өкілдері жүр екен. Сонда жастарға нақты қандай қолдау көрсеттік деп айта аласыз?
– Көшпелі кеңес беру алаңында саласына қарай мамандар ҰБТ талаптары, тегін кәсіптік-техникалық білім беру, «Серпін – 2050» жобасы, кәсіптік бағдарлар және жеке кәсіп ашу жолдары, кәсіпкерлік бастамалар мен инновациялық жобаларды қолдау, оқыту курстары, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау, субсидиялар мен несиелер және өзге де тақырыптар бойынша кеңес береді.
Сонымен қатар өтінішпен қайырылған жастарға жұмысқа тұру үшін жолдама беру, жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу, жұмыссыз ретінде тіркелгендігі туралы анықтама ұсыну, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру, қысқа мерзімді курстарға қабылдау, техникалық және кәсіптік кадрларды даярлауға өтінімдер қабылдау, жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз негізде гранттар беру, қоғамдық ақылы жұмысқа тарту, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша қолдау көрсету, шетелде оқу, жер учаскесіне тіркелу, неке және отбасы, көші-қон секілді мемлекеттік қызметтің кез келген түрі көрсетіледі. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлері бойынша түскен өтінімдер тіркеліп, оған «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисі тарапынан мониторинг жүргізіледі.
– Мемлекеттің ұстанған саясаты елді жұмыспен қамту екені белгілі. Көшпелі кеңес беру алаңы арқылы қанша жас жұмысқа тұрып үлгерді?
– Мен бір ғана Талас ауданынан мысал келтіретін болсам, аудан бойынша 70-ке жуық бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде өндіріс орындары, мемлекеттік мекеме секілді тағы да басқа салалар бойынша 37 адамға жолдама берілді. Оның ішінде Қаратау қаласы бойынша тұрақты жұмысқа 13, жастар тәжірибесі арқылы 7, қоғамдық жұмысқа 5, ауылдар бойынша: тұрақты жұмыс орындарына 6 адам, жастар тәжірибесіне 2, қоғамдық жұмысқа 4 адам жолданды.«Дипломмен ауылға» жобасы аясында 17 жасқа кеңес берілсе, соның ішінде үш адам Берікқара, Есейхан, Үшарал ауылдық округтеріне медициналық, ветеринарлық, педагогикалық салалар бойынша жолдама алды. Кәсіпкерлік бойынша 81 жасқа кеңес беріліп, қайтарымсыз гранттардан үмітті азаматтармен әңгімелестік. Бұдан өзге сауалнама алу, ауылдық жерде жазғы демалыста ағылшын тілін үйрету курсын ұйымдастыру секілді мәселелер де шет қалып жатқан жоқ.
– Жастарға берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі қанша?
– Жасы 30-ға толмаған кез келген азамат өзінің бизнес-жоспарын жасап, оны арнайы құрылған комиссия алдында қорғап шықса, 3 миллион теңгеге дейін мемлекеттен қайтарымсыз қаржы беріледі. Ол үшін биыл облыстық бюджеттен 303 миллион, қосымша республикалық бюджеттен 21 миллион теңге бөлінді. Бұл Жастар жылына орай беріліп жатқан үлкен көмек. Жұрттың көбісі облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар арқылы көпбалалы аналар мен 30-ға дейінгі жастарға берілетін 500 мың грант пен біз айтып отырған қайтарымсыз грантты шатастырып жатады. Ол қаржы тіптен бөлек. Ал мына грант облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында беріледі. Ол аталған мемлекеттік гранттар «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды және бизнесті инкубациялау шеңберінде индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі деп атап көрсетілгенімен, ешқандай бизнесі жоқ жастардың алуына арналған. Бастысы қаржыны алуға көзі жеткенде жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе болды. Ең басты талап – бизнес саласында инновациялық ойы болуы керек. Тағы бір айта кетер жайт, жастар инновация дегенді робот, электронды пошта, сөйлеген сөзіңді әріпке айналдыратын құрылғы ойлап табу секілді жаңалық деп түсінеді. Инновация біз ойлағандай күрделі жаңалық емес, қарапайым ғана дүние. Мәселен, біреу дүкен ашып, сауда жасаса, сиыр сатып алып, оның сүтін сатса, ол инновация емес. Ал сол сүтті құрғақ сүтке айналдырса – инновация. Біз кездесу өткізген әр ауылда алдымыздан осындай түсінбеушіліктер көптеп кездесті. Жастар қорқады. Сондағысы «ақшаны алғанда мен не істеймін, ешқандай жаңалық ойлап таба алмаймын ғой» деген үрей. Жастар қайтарымсыз қаржы дегенге де сенбейді. «Бұл не деген батпан құйрық? Мемлекеттің шашылып жатқан қаражаты жоқ. Түптің түбінде сұрауы болады, тыныштық керек» деп тосырқай қарайды. Былтыр да Дүниежүзілік банк арқылы «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасына жастарды қатысуға шақырғанымызда көбісі бас тартты. Соның ішінде қайтарымсыз 1 миллион теңге және 6 ай 40-60 мың теңге аралығында стипендия алып, тірлігі өрге басқандар тақиясын аспанға атып қуанып жүр. Өйткені ол тегін берілген дүние. Тек ережеден ауытқымай, кәсіптік бағытта жұмыс жасасаң болғаны. Бұдан бөлек ауылдық жердегі жастар бірқатар қолдаулардан бейхабар. «Дипломмен ауылға», «Серпін» тектес бағдарламаның не екенін білмейтіндер бар. Қазір біз жастарды ақпараттандыруды, ең алдымен, олардың сенімін оятуды қажет деп тауып, осы бағыт ойынша да тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз.
– 3 миллион теңгелік грантқа қол жеткізудің жолдары қандай, жастар нендей құжат жинауы керек?
– Мұнда 500 мың теңгелік грантқа қойылатын «Бизнес Бастау» жобасы арқылы немесе қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өту, оның сертификатын көрсету секілді талаптар жоқ. Бұл жерде «Бизнес – кеңесші» деген қысқа мерзімді сертификат қана талап етіледі. Оны кез келген жергілікті деңгейдегі кәсіпкерлік палатасына барып немесе үйде отырып айналдырған оншақты сұраққа онлайн арқылы жауап берсе, оған лезде сертификат шығарылып береді. Мемлекеттік грантты алу үшін жастар кәсіпкерлік палатасына барып, мемлекеттік грант беру бойынша конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінімді өңірлік үйлестірушіге береді. Ол оны веб-порталға орналастырады. Содан кейін заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі, жеке кәсіпкерді тіркеу туралы хабарлама қажет. Өтініш берілген күнге дейін кемінде 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей берілген бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқ екені туралы анықтама, ол бұрыннан кәсіпкер ретінде тіркелген болса, оның тіркелген мерзімі екі жылдан көп болмауы, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының бар екені туралы банк шотынан үзінді немесе жылжымалы және жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттардың болуы, кәсіпкердің атынан өтінім беру құқығы бар сенімхат, сенім білдірілген адам төлқұжатының көшірмесі болуы өте маңызды.
– Өзі жаңадан іс бастайын деп тұрған кәсіпкердің шотында қаржы болуы керек деген талапты қалай түсінеміз?
– Кәсіп ашатын жастың жеке шотында алғалы тұрған қайтарымсыз қаржының міндетті түрде 10 пайызы болуы керек. Ол оның бизнеске деген қызығушылығын айқындайды. Оны сол сәтте гранттан үміткерлер шотына құйса жеткілікті. Ол ақша ешқайда кетпейді. Мысалы, ол азамат 3 миллион теңге қаржы алатын болса, шотында 300 мың теңге, 2 миллион теңге алатын болса 200 мың теңге жатуы керек. Мұндай құжаттар, талаптар орындалмаса грант берілмейді. Ал қайтарымсыз қаржыны алғаннан кейін оны басқа мақсатқа жұмсағаны анықталса, ол қаражат мемлекетке қайтарылады. Егер қаражатты өзінің бизнес-жоспарына сай жұмсаса, ол қаржы қайтарылмайды.
– Осы күнге дейін 3 миллион теңге грант алу үшін өтінім бергендер бар ма?
– Апта аяғына дейін кесте бойынша барлығы төрт ауданның жастарын қамту көзделген. Екі ауданның жастарының арасында қазірдің өзінде 67 адам өтініш білдіріп, құжат та өткізді. Егер әрбір жас 3 миллион теңгеден алады деп есептесек, бұл қаржыдан кемінде 100-ден астам адамның үміті бар. Оны Тараз қаласы мен әр ауданға шашсақ, жоқ дегенде бір ауданнан оннан астам адам ала алады. Десе де грант алатын адам саны өсуі мүмкін. Өйткені қаржы көлемі бизнес-жоспардың мүмкіндігіне қарай беріледі. Мәселен, біреу екі миллион, ал енді бірі бір миллион теңге алуы мүмкін. Сондықтан өңір жастары осы қолдаудан шет қалмай, грант алуға асығуы керек.
– Бұрын екінші деңгейлі банктерден несие немесе мемлекеттен осындай қайтарымсыз қаржы алғандар үшін шектеу қойылмай ма?
– Жоқ. Егер жастар бұрын тек мемлекеттен ғана грант алған болса, оларға берілмейді. Мысалы, бұрынырақта мемлекет тарапынан 15-20 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілген. Сол қаражатты алғандарға берілмейтіні анық. Ал былтыр «Zhas Project» жобасы бойынша грант алғандар мұны ала алады. Себебі ол қаржы мемлекеттің тарапынан берілген жоқ. Ол Дүниежүзілік банктің жастарға жасаған жақсылығының шарапаты.
– Мынадай қолдауды мемлеке­ті­міздің жастарға жасаған қамқорлы­ғының бір парасы ғана деп білеміз. Десе де уақыт бөліп, газетімізге сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР