34 адамды кене шақты

0 6

Зиянды жәндіктен барынша сақ болыңыз!

Облыста 48 елді мекен Конго-Қырым геморрагия­лық қызбасының табиғи ошағы болып есептеледі. Жыл басынан бері кене шаққан 34 адам медициналық көмекке жүгінсе, оның ішінде 15-і балалар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге аз болғанымен, тұрғындар сақтық шараларын есінен шығармауы тиіс. Тарқата айтқанда, кене шағу бойынша биыл Тараз қаласының аумағында – 11, Байзақ ауданында – 10, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында екі жағдайдан, Мойынқұм және Сарысу аудандарында бір жағдай анықталып отыр.

Улы жәндік шағып, зардап шеккендердің барлығы 14 күнге медициналық бақылауда болуы тиіс. Дәл қазір 17 адам аталған мерзім өтуіне байланысты бақылаудан алынды. Аурудың деңгейін төмендету, эпидемиялық ахуалды күрделендірмеу, дертті дер кезінде анықтап, қатерлі жағдайға жібермей ұстап тұру шараларын жүргізу – тек қана медицина, ветеринария қызметкерлерінің немесе жергілікті әкімшіліктердің жұмыстары ғана емес, оған ошақ аймақтарында тұратын елді мекендердің тұрғындары да атсалысуға тиіс.
Кене шаққан уақытта оны өзіңіз алып тастауға тырыспаңыз. Тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша медициналық көмекке жүгініңіз, ол жерде сізге геморрагиялық қызбаның алдын алу шаралары жүргізіліп, көмек көрсетумен қатар, не істеу керектігі ескертіледі.
Бұл аурудың белгілері кене шаққаннан кейін 2-7 күн ішінде білінеді. Науқас адамның дене ыстығы көтеріледі. Басы, буындары қатты сырқырап ауырады. Көзі мен тамағы қызарады, тамаққа тәбеті болмайды. Аурудың 2-5-күндері мұрыннан, асқазан, ішектен, әйелдердің жатырынан қан кетеді, науқастың денесі бөртеді. Қол мен теріні қатты басқанда немесе ине шаншығанда қанталап, көгеріп кетеді. Науқас адам дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру асқынып, өліп кетуі де мүмкін. Сонымен қатар қасындағы адамдарға да жұқтырады.
Кене шаққан адамдар міндетті түрде 2 жеті бойы емдеу мекемесінде диспансерлік бақылауда болуы керек. Осы талаптардың барлығы дерттің қауіптілігін төмендетеді. Сондықтан кез келген адам сақ жүргені абзал.

Облыс әкімдігі денсаулық
сақтау басқармасының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.