Елден хабар

42 500 теңгені кімдер алады?

Written by Aray2005

Карантиннің тағы екі аптаға созылуына байланысты Үкімет мұқтаж жандарға шілде айына 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді төлейді. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. «Қазір жағдайдың реттеле бастағанының алғашқы нышандары байқалады. Ахуалды толық тұрақтандыру үшін алдағы екі аптаның маңызы зор. Мұқтаж жандарға Үкімет шілде айына 42,5 мың теңге төлейді», деді Мемлекет басшысы.
Бірер күн бұрын орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгенің қашан, қалай төленетіні және кімдердің ала алатынын жан-жақты түсіндірді.
Жалпы 42 500 теңгелік төлемге өтініштерді қабылдау 17 шілде басталады. Бұл төлем 20 шілдеден бастап төлене бастайды. Бірыңғай жиынтық төлем төлеудің қажеті жоқ. Тұрғындар өтініштерін 42500.enbek.kz cайты және egov.kz арқылы жібере алады. Сондай-ақ телеграм-боттар да сол қалпы жұмыс істемек. Жауапты ведомство халықтың көкейінде жүрген «Неге бұрынғы төлем алғандарға ешқандай өтінім бермей-ақ әлеуметтік төлемді қайта түсірмеске?» деген сауалына да өз жауабын берді. Министрлік төлем алу үшін қайта өтінім берудің себебін төтенше жағдай жарияланған сәуір-мамыр айларында табыссыз қалғандар қазіргі уақытта жұмыс істеп жатуы мүмкіндігімен түсіндіреді. Керісінше сол кезде жұмыс істегендер қазір көмекке мұқтаж болып қалуы ықтимал. Ал кейбір азаматтардың бұрынғыдай әлеуметтік төлемге зәрулігі СМС-хабарламамен нақтыланады. Бұл жағдайда ешқандай өтінім берудің қажеті болмайды.
Жасыратыны жоқ төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемді жалақысымен қатар алғандар да болды. Ендігі кезекте бұл фактілердің алдын алу үшін талаптар күшейтіліп отыр. Яғни жұмысы тоқтап қалған кәсіпорынның қызметкерлеріне әлеуметтік төлем тағайындауға өтінімді сол мекеменің басшысы ғана береді. Ал карантинге байланысты қызметін тоқтатқандарды құзырлы орындар тексеріп отырады.

Талғат Нұрханов

ПІКІР