Қоғам

«5-10-20» бағдарламасы іске асады»

Written by Aray2005

Сембек Сейдәзімов,
облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Дүниені дүрбелеңге салған қауіпті індет әлемге, оның ішінде елімізді де әбігерге салды. Оның салдары адам өмірінен бастап, қоғамның, мемлекеттің дамуына өз салмағын салғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде осы мәселелерді, тосыннан төнген дерт кезінде тығырықтан шығу жолдарын саралап айтты.
Осы ретте ел Президенті халықты баспанамен қамту жайын ерекше назарға алды. Сондай-ақ, баспана мәселесін экономикамыздың қуатты стимулына айналдыруды ұсынды. Елбасының «7-20-25» бағдарламасы арқылы көптеген отандастарымыз баспаналы болды. Дегенмен, әлі де бұл мәселе толыққанды шешілген жоқ. Кеңесте Мемлекет басшысы халықты несиелік бағытта үймен қамтудың «5-10-20» жобасын қолға алуды ұсынды. Бұл үшін 390 миллиард теңге қарастырылатынын жеткізді.
Жаңа жоба жүзеге асса, халқымыз үшін баспана мәселесі де шешілуі тиіс. Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысының баспана мәселесін шешу жолындағы ұсынысы көпшіліктің сенімін еселеді. Себебі карантин кезінде біреудің пәтерінде тұрып, отбасымен сенделіп жүрген, үй иесінің қас-қабағына қарап отырған отандастарымыздың жайы қабырғаны қайыстырғаны жасырын емес. Президент халықтың амандығына алаңдап, баспаналы болуына барынша анық, нақты тапсырма бергені жанға жылу ұялатты. Алдағы уақытта бұл тапсырманың нәтижесі еліміздің, болашақ ұрпақтың игілігіне жарасын.

ПІКІР