Жамбыл жаңалықтары

500 адамға ауызашар таратты

Written by Aray2005

Қасиетті Рамазан айының бірінші аптасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ораза ұстаған 500 тұрғынға арнап ауызашар ұйымдастырды. Қайырлы істің шарапатын «Шөлдала» тұрғын алқабы мен Тараз қаласындағы «Қарасу» ықшамауданының және Төле би көшесі бойында орналасқан жатақхана тұрғындары сезініді.

«Һибатулла Тарази» орталық мешітінің бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев карантин жағдайына байланысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар сақталғанын, әрбір азамат үшін ауызашардың ас мәзірі алдын ала дайындалғанын, аталған тұрғындардың үйіне азық-түлікті облыстық мешіттің қызметкерлері мен еріктілер жеткізіп бергенін айтты.
Облыстың бас имамының сөзіне сүйенсек, биыл қасиетті айдың басталуын асыға күткен барлық мұсылмандар тарауих намазын үйде оқып, карантин талаптарын сақтауы қажет. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеуге көңіл бөліп, өз амалдары мен әрекеттеріне есеп беріп, қайырымдылықпен айналысқандары абзал.
Үйде отыруға мәжбүр болған мұқтаж отбасыларға арнап ауызашар ұйымдастыру туралы өңір басшысының игі бастамасына облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары және танымал кәсіпкерлер қолдау білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР