60 мыңға жуық жамбылдық жұмыспен қамтылады

0 1

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібіне еңбек нарығындағы ахуал және орындаушылық тәртіп мәселелері қойылды.

Коронавирустың салдары еңбек нарығына айтарлықтай әсер еткені анық. Көптеген шағын және орта бизнес, әсіресе қызмет көрсету нысандары әлі де өз жұмысын қайта бастай алмауда. Демек жұмыс орындарын тез арада құру, азаматтарды қайта даярлау жүйесін жолға қою, «Бастау Бизнес» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет.
Бұл мақсаттарға қол жеткізуге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасы арқылы қол жеткізілмек. Оның жүзеге асырылу барысы туралы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков баяндады.
Ағымдағы жылы осындай белсенді шараларға 58,6 мың адам тартылды. Оны жүзеге асыруға 85,3 миллиард теңге бағытталған. Нәтижесінде 52,4 мың адам жұмысқа тартылса, оның 22,6 мыңының тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында 9,7 мың адам жұмысқа орналасқан. Сарысу, Қордай, Жуалы және Байзақ аудандары мен Тараз қаласында жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру деңгейі облыстық орта көрсеткіштен төмен. Ал Мойынқұм, Шу және Талас аудандарының жұмыс берушілері зейнетақы қорына өздерінің қызметкерлерінің жарнасын аударуға асығар емес.
Бүгінде кәсіптік қайта даярлау аясында 171 жамбылдық оқытудан өтуде. Ағымдағы жылдың 18 мамырынан бастап олардың саны 1350 адамға артпақ. 232 адам 912,1 миллион теңгенің шағын несиесіне қол жеткізген. Сондай-ақ жиында аграрлық-несиелік корпорацияның жергілікті филиалының жұмысын жандандыру қажеттілігі айтылды. Мұнда қазірге дейін несиелік қаржының 1,7 пайызы ғана игерілген.
Ж.Баубеков гранттарды беру мерзімінің екінші жартыжылдыққа ысырылып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Демек ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге жұмысын ширатып үлгеруге уақыт аз болмақ. Ал олар алған ақшасының есебін беру керек. Сондықтан да аудан және қала әкімдеріне қаржылық жоспарларын жедел әзірлеп, гранттарды мамыр және маусым айларында беруді бастаулары қажет.
Жол картасы бойынша инженерлік және көлік инфрақұрылымын салуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға және елді мекендерді абаттандыруға 61,2 миллиард теңге қарастырылған. 19,6 мың жұмыс орны құрылмақ. Қазіргі уақытта барлық лоттар бойынша конкурстар өткізіліп, Қордай ауданында 552 жоба бойынша жұмыстар басталды.
Жол картасы ағымдағы жағдайға байланысты өзгеруі де мүмкін. Бердібек Сапарбаев бағдарламаны келесі жылға дейін ұзартуды тапсырды. Сондықтан аудан әкімдері жаңа жобаларды дайындауы тиіс.
Алайда кездесіп отырған бірқатар кедергілер де бар. Ол жайында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баян етті. Ол ірі жобалардың жоқтығына және жобалық-сметалық құжаттаманың баяу дайындалатынына қынжылыс білдірді.
– Әкімдер мен басқарма басшылары әр жобаның сапасын қадағалап, жұмыс орындарын құрып, құрылысты уақытында аяқтаулары керек, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі өткен жылы берілген шағын несиелер мен гранттардың тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды. Талдау жобалардың шағын орта бизнесті құру, жұмыс орнын, салық базасын ұлғайту мүмкіндіктерін зерделейді.
Мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымы, хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы облыс әкімі аппаратының жетекшісі Алмас Мәдиев хабарлады. Оның айтуынша, 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік және басқа да органдарға 5444 бірлік кіріс құжаттары келіп түскен. Оның ішінде 3 225 бақылауға алынып, 2 043 құжат орындалған. 1 182 құжат қарастырылуда. Облыс әкімі тарапынан 808 хаттамалық тапсырма берілсе, оның 596-сы басқармаларға және 212-сі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне бағытталған. Пандемияға байланысты олардың 15-і кейінге қалдырылған. Ал 14-і орындалмаған. Аудан әкімдері 44 тапсырманың тиісті шешімін таппаған.
– Берілген тапсырманы орындамаған немесе мерзімінен кешіктіргендерге қатаң шаралар қолдану қажет. Тапсырмалар бекерден-бекер берілмейді. Олардың артында қаншама азаматтардың өтініштері мен тілектері жатыр. Инспекторлардың жұмысын күшейту қажет. Олар өздеріне тапсырылған аудандарға жиі баруға және ауыл өмірінің барлық ерекшеліктерін білуге міндетті. Нақты орындаушылық тәртіп болмаса, тиімді жұмыс болуы мүмкін емес. Бір ай ішінде аппарат жұмысын қайта жүктеп, оның орындаушылық барысын қайта қарау қажет.
Ұлы Жеңіс мерекесі жақындап келеді, осыған орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жекелей құттықтау керек. Сонымен қатар тыл еңбеккерлерін ұмытпау қажет. Коронавирус инфекциясымен күрес біздің қасиетті борышымызды орындауымызға ешқандай кедергі жасамауы тиіс. Майдангерлермен жүздесіп, олардың ерліктерін қастерлейтінімізді және мұны әрдайым есімізде ұстайтынымызды тағы бір рет көрсетуіміз қажет, – деді жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.