600 оқушының 95 пайызы грантқа түскен

0 21

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін жеті жыл ішінде 600 оқушы бітіріп шыққан. Бүгінде олар Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея, Венгрия, Польша, Италия, Испания және Германия секілді дамыған елдердегі ірі жоғары оқу орындарында білім алуда. Жыл сайын түлектердің шамамен 95 пайызы білім беру гранттарының иегері атанып жүр. Биыл мектепті тағы 119 оқушы аяқтағалы отыр. Алдын ала алынған деректер бойынша бітіруші түлектердің 50 пайызы Назарбаев Университетіне оқуға түсуді жоспарлауда.
Негізінен оқушылар орта мектепті бітіргенде бірі болашақ мамандығын өзінің жүрек қалауымен таңдап жатса, кейбірі болашақта кім болатынын пайымдай алмай, ата-ананың не танысының айтуымен табиғатына жат мамандыққа тап болып жататыны бар. Ал Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өз түлектері үшін бұл мәселеден қалай шығудың амалын алдын ала қарастырып қойған. Мәселен аталған білім ошағы түрлі жылдардағы бітіруші түлектерді жинап, «Менің мамандығым – менің болашағым!» атты кездесу ұйымдастыруды үрдіске айналдыруы соның дәлелі. Осы жолғы жүздесу барысында бұрынғы бітіруші түлектер оқушылар арасында шетелдік және отандық жоғары оқу орнына түсудің қыр-сырымен бөлісті. Кездесу мектептің 10-12 сынып оқушыларының қатысуымен өрбіді. Жиында Айдана Смат (City University of Hong Kong), Дайана Бестерекова (Minerva Schools at KGI), Нұртөре Амангелді (Назарбаев Университет), Қымбат Халымбетова (Астана IT Университет), Тараз қ. NIS 12-сынып оқушысы Лаура Алимкулова, Ахмет Болат (Rhein-Waal University) және Орал қаласының NIS түлегі Шымболат Тналиев (The University of Virginia) өздерінің орамды ойларын ортаға салды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.