68 жасында сары құрлықты қайран қалдырған қария

0 8

Талас ауданы, Тамды ауылының тумасы Жақсылық Мамырбекұлын бүгінде танымайтын адам кемде-кем. Желаяқ қария 68 жасында жүгіруден түрлі жарыстарға қатысып, талайды таңғалдыруда. Ал биыл Қырғыз елінің Ыстықкөл қаласында өткен халықаралық жарыста жерлесіміз топ жарып, сары құрлық спортшыларын қайран қалдырды.

Негізі Жақсылық қарияның спортқа жастайынан жаны құмар. Жоғары оқу орнын дене шынықтыру пәнінің мамандығы бойынша тәмамдап, Қаратау қаласында талай шәкірт тәрбиелеген. Кейіннен өмір ағысы оны теміржол саласына бұрып, осында 17 жыл еңбек етеді. Ал жүгіру спортына зейнетке шыққаннан кейін 63 жасында келген.
Ең алғашқы жарысы 2017 жылы Алматы төрінде өткен екен. 12 мың адам қатысқан марафонда 21 шақырымды жүгіріп өтіп, өз әлеуетін сынап көреді. Осы жылы «ЭКСПО-2017» көрмесінің марафонына 4 немересімен бірге қатысып, тәжірибесін шыңдай түседі. 2018 жылы Атырау облысындағы аламанға қосылса, 2019 жылы Ресей мемлекетінің Санк-Петербург қаласындағы марафонда да төбе көрсеткен. Осылайша жеңіл атлетика спортына бейімделе түскен қария биылғы жылдың мамыр айында Қырғыз мемлекеті Ыстықкөл қаласында түндігі түрілген додада дара шауып, талайдың таңдайын қақтырады.
– Санк-Петербургтегі де, Қырғыз еліндегі жарысқа да өзім қаражат тауып бардым. Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров сынды азаматтың көп көмегі тиді.
Қырғыз жеріндегі марафонға 4 мың адам қатысып, кіл мықтылар өнер көрсетті. Алдыңғы жарыстарда аяңдап бірінші болып алға шығып кетіп жүрсем, бұл жолы қарсыластарымның әр қадамын аңдыдым. Жүгіру тәртібін білмегендіктен бұрын бірінші шықсам болды деп ойлайтынмын. Тәжірибе жинай келе бұл спорттың да өзіндік айла-әдістері барын түсіндім. Соның арқасында Қырғыз елінде топ жардым.
Бұл спорттың жүлде қоры өте аз. Тіпті кейбір жарыстарда мақтау қағазымен шығарып салады. Соған қарамастан жүгіру спортын жаныма серік еттім. Қазір 4 немеремді де осы спортқа баулып жүрмін. Мақсатым төрткүл әлемге Қазақстанның атын танытсам деймін, – дейді биыл 68 жасты алқымдаған қария.
Жақсылық Мамырбекұлы жұбайы Гүлбаршынмен бірге 2 ұл өсіріп, 4 немере сүйіп отырған жан. Немерелерін қазірден жүгіруге машықтандыруда. Ал Қырғыз елінде өткен жарыста қария 42 шақырымды 4 сағатта жүгіріп өткен екен. Бұл әрине егде жасқа келген азамат үшін ғана емес, аяқ-қолы балғадай жастардың өзіне оңай шаруа емес.
Енді спортшы веломарафонға бет бұруда. Сол үшін оған Тараз қаласы әкімдігі велосипед алып беруді уәде етіпті. Және жергілікті билік веломарафонды елорда күніне орай «Жамбыл-Астана» бағытынан бастауды ұсынған. Ол үшін жерлесімізге 1300 шақырымды бағындыру керек. Жақсылықтың сөзіне сүйенсек, бұл қашықтықты өтіп, астана күніне дәл жету үшін марафонды 22 маусымнан бастау керек екен. Енді тек ол қала әкімдігі уәде еткен велосипед пен жолдағы шығындарға қолдауды күтіп отыр.
Жақсылықтай марафоншыға қандай қолдау білдірсе де артықтық етпейді. Сондықтан жергілікті билік уәде еткен дүниелермен желаяқ қарияны тез арада қамтамасыз етеді деп сенеміз.

Саян ТІЛЕУЖАН
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.