Мәдениет

Музей – тарих айнасы

Written by Aray2005

Адамзат баласы үшін көнеден сыр шертетін кез-келген дүние құнды. Себебі, өткеннен өнеге ала отырып қана келешегімізге келісті қадам жасай аламыз. Ал, сол құнды мұраларды жинақтау, оларды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа бүлінбей жетуін қамтамасыз ететін бірден бір мекеме ол, мұражай.

Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы алғашқы мұражайлық бастаманы 1828 жылы Жәңгір хан көтеріп, сол жылы өз ордасында мұражайлық көрме залын ашты. Бертін келе, 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда, 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда (Алматы), 1859 жылы Оралда алғашқы мұражайлар ашылды. Жалпы, революцияға дейін Қазақстанда осындай 4 мұражай болды. Революциядан кейін 1920 жылы Қостанай мен Көкшетауда музей ашылды. Осылайша,  Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстанда 24 музей болды.

Тасын түртсең, тарихы төгілетін Байзақ өңірінде танымдық мұражай әуелде аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде сақталды. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, 2009 жылдың 28-ші қыркүйегінде аудан әкімінің №473 қаулысы жарияланып, осы негізде әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «әл-Фараби атындағы мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны жанынан аудандық тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Араға бір жыл салып, яғни 2010 жылдың 14-ші маусымында аталмыш музей, «Аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәспорны болып қайта құрылып, жан-жақтан экспонаттар жинақтала бастады. Музей қоры 2011 жылдың 25-ші қаңтарында жаңадан берілген ғимаратқа қойылып, міне бүгінгі күнге дейін мәдени орын келушілерге сапалы түрде өз қызметін ұсынып келеді.

Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қорындақазіргі таңда 2771 жәдігер бар. Тарихтан сыр шертетін тағылымды мұралар мұндағы «Тарих», «Этнография», «Мәдениет және спорт», «Даңқ» және «Археология» залдарына топтастырылып, көпшілік назарына ұсынылып келеді.Өңірдегі тарихи өлкетану мұражайыөткен өмірге қатысты жәдігерлерден бөлек, Елбасының елді өркендету жолындағы бағдарламалық мақалалары мен өңіріміздегі тың бастамалар жайлы стендтер ұйымдастырылып,жұртшылыққа таныстырылуда.

Кешегі ата-бабаларымыз ұстанып-тұтынған тұрмыстық бұйымдар, керамикалық ыдыс-аяқтар, әшекейлер, сауда-саттықта қолданған тиындар мен қағаз ақшалар, қолжазбалар, жалпы көне дәуірдегі көптеген құнды заттар, Ұлы Отан соғысының тарихы, өлкеміздің өнер адамдарына қойылған бұрыштары бар аудандық тарихи-өлкетану мұражайы заман талабына сай жабдықталу жұмысын қолға алып, едәуір жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бұл бағытта мұражай мамандары ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысып, түрлі деңгейдегі республикалық, облыстық білім арттыру оқу-семинарларына қатысып, онда жинақтаған тәжірибелерімен келушілермен бөлісуде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тақырыптық көрмелер өткізуде. Мұражайдың алға қойған ендігі басты мақсаты — сандық жүйеге көшу. Бұл арқылы өңір тарихымен танысқысы келген кез-келген азамат жәдігерлер туралы мағұлматты онлайн түрде ала алады.

Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі

ПІКІР