Қоғам

«7-20-25»: Бағдарлама жемісін көретін күн жақын

Әр адам ең алдымен бас құрап, баспаналы болуды ойлайды. Осындайда, үйсіз-күйсіз жүрген әр азаматтың «шіркін-ай, өз пәтерім болса ғой» деген жүрек түкпіріндегі арманының орындалуына нарық заңы ырық бермей жүргені шындық. Сондықтан да, баспана жайы бүгінгі қоғамда күйіп тұрған басты мәселенің бірі болып отыр. Себебі, екінің бірінің үй сатып алуға қаржылық жағдайы келмейді. Бұл мәселені ипотекалық жолмен шешу үшін банк жағалап, тауы шағылғандар қаншама?! Мемлекетіміздің жер немесе тұрғын үй кезегіне жылдар бойы кезекке тұрғандардың сұранысын бірден қанағаттандыруға мүмкіндігі жоқ екені тағы белгілі.

Бұл бағытта өңірімізде үй салу ісі жыл өткен сайын қарқынды жүргізілгенімен, оны алу екінің бірінің басына бұйыра бермейтіні қалыпты жағдай. Бірақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биыл жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі баспанасыз жүрген барша қазақстандықтардың үмітін оятқаны анық. Себебі, бұл жылдап тұрғын үй кезегінде тұрғандардан бөлек, айлығы шайлығына жетпей жүрген тұрғындардың пәтерлі болуына үлкен мүмкіндік беруде. Өйткені, жылдық мөлшері 7 пайыздан аспайтын, алғашқы жарнасы 20 пайызды ғана құрайтын, ипотекалық несие бойынша баспана құнын бөліп төлеу мерзімі 25 жылға ұзартылған «7 – 20 – 25» бағдарламасы тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдете түсті.

Қазақстан Ұлттық Банкі «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасын іске асыру мақсатында «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, «Баспана» атты арнайы ұйым құрған болатын. Осылайша, маусым айында ҚР Парламенті бағдарламаны тиімді іске асыруға қажетті түзетулерді қамтитын заң жобасын қабылдаған еді. «Әр отбасына баспана алудың мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы басқа мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қарағанда халыққа 7 пайыздан төмен мөлшерде, бастапқы жарна үшін несиелендірілген тұрғын үй құнының 20 пайызын ғана төлеп, 25 жылға дейін ипотекалық несие алудың теңдессіз шарттарын ұсынумен ерекшеленіп отыр. Бұл бағдарламаға ипотекалық қарыз ұлттық валюта түрінде берілетінін, оған тұрақты кірісі бар, меншік құқығында баспанасы жоқ азаматтар қатыса алатынын айта кетуіміз керек. Мұның тағы бір ерекшелігі, онда нысаналы мемлекеттік қаржыландырудың жоқ екендігі. Бағдарламаны қаржыландыру кредиттік ресурстардың тез қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылмақ.

ҚР Ұлттық Банкінің облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Берікбосыновтың айтуынша, қазіргі таңда бағдарламаны жүзеге асыру бойынша барлық дайындық жұмыстары аяқталып, екінші деңгейдегі банктермен келісімдер жасалған. Бүгінде аталған «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларында бірінші заемдер беріліп те үлгеріпті.

– Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге деп белгіленіп отыр. Ал қалған өңірлер үшін – 15 миллион теңге деп бекітілген. Нысаналы индикаторларға сәйкес ипотекалық кредиттердің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайды. Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Оған қатысушылардың кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуы тиіс. Қазіргі таңда «Баспана» арнайы компаниясы «Центркредит Банкі», «Халық банкі», «Еуразиялық Банкі», «Цесна Банкі», «АТФ Банкі», «РБК Банкі» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісімге қол қойды. Осы орайда, бір айта кетер жайт, «Сбербанк» пен «Форте Банк» те аталған бағдарламаға қызығушылық танытып, техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарлама жөніндегі келісімге қол қоюға дайын.

Жалпы, «Баспана» компаниясының әріптес банктерінің дамыған желісін ескере отырып, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы елдің барлық өңірлерін қамтып, қазақстандықтардың көптен күткен тұрғын үй алуына мүмкіндік жасауда. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттар мен ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәлімет, тұрғын үйінің болмауы туралы анықтама, сатып алатын тұрғын үй құжаттарын және тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуға тиіс. Алайда, аталған бағдарлама бойынша ипотекалық несие облысымызда нақты қай уақытта беріле бастайтыны әзірге белгісіз. Ол жайында алдағы уақытта қосымша хабардар ететін боламыз, – дейді Нұрлан Маханбетұлы.

Бүгінде ипотекалық кредиттерді сатып алу тетігі әріптес банктермен оңтайлы жүйе бойынша пысықталуда екен. Бір анығы, олар тұрғындарға ипотекалық несиені «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес беруге міндетті. Өйткені, «Баспана» компаниясы банктерден ипотекалық несиелерді сатып алатын көрінеді.

Десе де, біз « Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының бөлім басшысы Бердияр Құттыбаевтан аталған бағдарлама бойынша қандай шаруалар қолға алынып жатқанын білген едік.

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өзге банктерге қарағанда баспана беру жағынан өте танымал десем артық айтқандық емес. Халықты үймен қамтуда бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының мамандары, аз қамтылған және жас отбасылар секілді әртүрлі санатқа жататын азаматтарға әжептеуір жеңілдік жасаған «Қолжетімді баспана – 2020» секілді көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Бүгінде жұртшылықты «Нұрлы жер» бағдарламасы қызықтыруда. Мұның бір артықшылығы азаматтардың пәтерден бөлек, жеке тұрғын үй алуына да мүмкіндігі бар. Егер, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы азаматтар тұрғын үй алса, оған жер телімінің тегін берілуі мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлық екенін айтпай кетуге болмас. Осы тектес баспанаға қатысты мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар үйсіз жүрген азаматтардың санын азайтуды көздейді. Қазіргі таңда біздің банк «7-20-25» бағдарламасына қатысты тиісті механизмдерді әлі де қарастыру үстінде. Бұл жайында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталғаннан кейін нақты айта аламыз, – дейді бөлім басшысы.

«Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді дана қазақ. Ең бастысы сең қозғалып, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының негізгі шарттары айқындалды. Енді тек, өңірлер ішкі пысықтау, есептеу, зерделеу жұмыстарын жүргізсе болғаны. Міне, осыдан кейін әрбір жамбылдықтың баспана бақытына кенелуіне мүмкіндік тумақ.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР