"Шамшырақ"

7181 түлек тест тапсырады

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау үшін 3 негізгі индикатор мен 20 көрсеткіш белгіленген. Ал бағдарламаны іске асыруға 2020 жылға бөлінген 60,1 миллиард теңгенің 14 миллион 262 мың теңгесі I тоқсанда толығымен игеріліп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова жан-жақты айтып өтті.

Бағдарламаның бірінші нысаналы индикаторы 1-6 жас аралығындағы, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту бағытында. Жәмила Елеуқызының айтуынша, 2020 жылы 3280 орындық 27 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланған. Жыл басынан бүгінге дейін 380 орындық 4 балабақша, оның ішінде 90 орындық 1 жекеменшік балабақша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 290 орындық 3 балабақша және 275 қосымша орын ашылыпты. Екінші нысаналы индикатор 15 жастағы қазақстандық оқушылардың PISA (ЭЫДҰ) халықаралық зерттеуіндегі нәтижелері бағытында. 3 жылда бір рет өткізілетін PISA зерттеуінің 2018 жылғы қорытындысы бойынша жамбылдық оқушылар «Математикалық сауаттылық» бойынша республикада І орынды иеленген. Үшінші нысаналы индикатор Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша техникалық және кәсіптік білім мекемелерін аяқтаған түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіштеріне бағытталыпты.
Жәмила Елеуқызы биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 7 181 түлек онлайн өтініш тапсырғанын тілге тиек етті. Жалпы биыл облыс бойынша мектеп бітіргелі отырған 9 171 түлектің 78,3 пайызы (7 181 оқушы) ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш жолдаған. Оның ішінде 383 түлек «Алтын белгіге» және 366 түлек үздік аттестатқа үміткер екен.
– Биылғы оқу жылында қашықтықтан оқыту жүйесіне сәйкес 9, 11 сыныптарда қорытынды аттестаттау ағымдағы оқу жылының жылдық бағаcы негізінде жүргізіледі. Жалпы ҰБТ облыста маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында 10 тестілеу өткізу пуктінде өтеді. Биылғы тесттің ерекшелігі берілетін тест тапсырмаларынан IV тоқсанның материалдары бойынша сұрақтар алынып тасталды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектерді дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл бойынша білім басқармасының сайтында арнайы парақша ашылып, педагогтардың онлайн сабақтары күнделікті жарияланып тұрады. Бұдан бөлек түлектер қашықтықтан оқытуға көшкелі Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында, «Daryn.online», BilimLand порталында және iTest виртуалды кешенінде жарияланған онлайн тест тапсырмалары арқылы байқау сынақтарынан тегін өтуде. Онда тесттің 70 нұсқасы берілген. Тағы бір атап өтетін жайт, тараздық түлектер мамыр айынан бастап «PyVela» көпфункционалды мобильді қосымшасы арқылы ұлттық бірыңғай тестілеуге тегін дайындалуға мүмкіндік алды. Оқушылардың дайындығы әрбір мектеп басшысының, білім бөлімдері басшыларының жеке бақылауында, – деді Жәмила Елеуқызы.
Сөз соңында Жәмила Елеуқызы биылғы түлектерге аттестат тапсыру, соңғы қоңырау шаралары санитарлық нормалардың қатаң сақталуымен өтетінін тағы бір ескертіп айтып өтті. Айта кетсек, 11-сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру және «Соңғы қоңырау» салтанаты 3-4 маусымда өтеді. Іс-шара мектеп аумағында, ашық алаңда әр сынып үшін бөлек өткізіледі, уақыт аралығы – 20 минут. Сонымен қатар түлектер рәсімге мектеп формасында қатысады, әрбір түлекпен 1 немесе 2 ата-анасы қатыса алады. Және маскалық режимді міндетті түрде қамтамасыз ету, қашықтықты сақтау талап етіледі.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР