Тараздағы мәдени маңызын жойған 12 нысан мемлекеттік тізімнен шығарылмақ

0 17

Естімеген елде көп. Қазіргі таңда күн сайын көркіне көз тойып, көңіл марқаятын Тараз қаласында іргетасы қаланғанына 120 жылға жуықтаған нысандар бар. Ал ғасырлық тарихымен толғандыратын мұндай нысандар бір емес, бірнеше. Олардың басым көпшілігі, әрине, Әулиеата кезеңіне жататын ғимараттар. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген нар қазақтың нақылын ескерсек, мамандар бұл нысандардың басым көпшілігі өзінің идеологиялық һәм тарихи маңызын жойған деп есептейді.

Нақты уақытта облыс орталығында ғасыр бұрын қазығы қағылған кейбір нысандар жермен-жексен болған. Кейбірі үйіндіге айналса, енді бірінің аумағына тұрғын үйлер салынып кеткен. Ал құжат бойынша олар осы күнге дейін тарихи және мемлекеттік ескерткіштердің тізімінде тұр. Сондықтан ол жерлердегі тұрғындар үйлерін не сата алмайды, не оның орнындағы үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды.
– Бүгінгі күні Жамбыл облысы бойынша 3 448 ескерткіш бар. Ескерткіштердің жалпы санына жету үшін біз біраз жұмыс атқардық. Оның бірі ретінде 2009-2014 жылдар аралығында Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағын жасадық. Сол жинақтың нәтижесінде он аудан мен Тараз қаласын қосқанда 11 томдық кітап жарық көрді. Нәтижесінде облыс аумағындағы әрбір тарихи-мәдени ескерткіштердің орнын, координатын, сипаттамасын даярлауға 5 жылдың ішінде мүмкіндік алдық. Жоғарыда атап өткен ескеркіштер саны соның нәтижесінде құралған. Олардың 25-і республикалық дәрежедегі ескерткіштер, ал 711-інің жергілікті маңызы бар. Олардың барлығы облыс әкімінің №148 қаулысымен бекітілген ескерткіштер. 5 нысан ЮНЕСКО-ның шешімімен халықаралық тізімге енген.
Біз ескерткіштерді төрт категорияға бөліп қарастырдық. Жасыратыны жоқ, соның ішіндегі қала құрылысы және сәулет ескерткіштері санаты бойынша мәселе бар. Сондағы Тараз қаласына қатысты Әулиеата кезеңіне жататын жергілікті маңызы бар 24 тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан. Бұл ескерткіштерді есепке алу бойынша 2008 жылы үлкен жұмыстар жүргізіліп, 2009 жылы облыс әкімінің қаулысымен мемлекеттік реестрге енгізілді. Сол біз атап отырған 24 ескерткіштің 21-і жеке меншік азаматтардың қолында орналасқан ескерткіштер. Оның біразы Пушкин, Бектұрғанов, Асқаров, Тынышбаев көшелері және теміржол вокзалы маңындағы көшелердегі үйлер сол кезде есепке алынып кеткен болатын. Енді бұл тұрғын үй егелері еліміздің заң талаптары бойынша бізге өтінішпен шығып жатыр. Яғни ескерткіштер бұзылды немесе мәдени құндылығын жойды деген негізде өтініштер түсірді. Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылы сәуір айында шыққан №92 бұйрығымен бекітілген «Тарих және мәдени ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйіне мониторингтер жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ережесі бойынша бүгінгі күнге дейін облыс бойынша бізге 14 тарихи-мәдени ескерткішті есептен шығару бойынша ұсыныс хат түсті. Яғни нысанның апаттық жағдайы, бүгінгі жай-күйі туралы деректерді зерделеп, салалық министрлік жанынан құрылған арнайы комиссия хаттама бойынша қарастырады. Осы комиссияға облыс әкімі орынбасарының қолымен хат жолданған болатын. Комиссия мүшелері елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, архитекторлардан құралған. Енді соның негізінде облыс әкімінің №148 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Аталмыш комиссияға біз 14 нысанды есептен шығару бойынша ұсыныс жолдадық. Бұл ескерткіштердің шын мәніндегі жағдайын анықтау бойынша комиссия мүшелері
8 сәуірде үш адамнан тұратын сарапшыларды облысқа жіберді. Олар 12 нысанды есептен шығару және 2 нысанды шығармау туралы шешім қабылдады. Оның бірі Төле би көшесі №24 мекенжайындағы 1912 жылғы ғимарат және теміржол маңындағы 1910 жылы соғылған №10 тұрғын үй. Қазір бұл ғимарат балабақша ретінде пайдаланылуда. 20 күннен кейін онлайн түрде комиссияның кеңейтілген отырысы болды. Осылайша 12 нысанды тізімнен шығару бойынша шешім қабылданды. Осы комиссия шешімінің негізінде біз облыс әкімінің қаулысына жоба ұсындық. Яғни №148 қаулы бойынша белгіленген 711 ескерткіштен 12 ескерткіш алынып, 699-ы қалады. Есептен шыққаннан кейін оның егелері бұл мәселені өздері қарастыратын болады, –
дейді мәселенің мән-жайын кеңінен атап өткен «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» басшысы Қуаныш Даурембеков.
Айта кетсек, аталмыш комиссияның ұйғарымымен Төле би көшесіндегі 1938 жылғы №1 тұрғын үй, дәл осы секілді Бектұрғанов көшесіндегі 1910 жылғы №1 үй, осы көшедегі 1911 жылғы №9 Қазпошта ғимараты мен 85 жылдық тарихы бар №16 үй, Пушкин көшесіндегі 1908 жылғы №16 «Радуга» дүкен ғимараты, осы көшедегі 1920 жылғы №53 үй мен 1892-1902 жылдар аралығында қазығы қағылған №33 мекенжайындағы «Береке» агромемлекеттік банкінің ғимараты, 1913 жылғы №22 мекенжайындағы облыстық балалар ауруханасы зерделенген. Комиссия мүшелері бұл аурухана ғимаратының орнына санитарлық тұрғыда басқа нысан салудың өзін теріс деп тауыпты. Сол секілді М.Тынышбаев көшесіндегі 1914-1924 жылдар аралығындағы №34,36,38,40,42 тұрғын үйлер, Ақмола көшесі №11а мекенжайындағы үй, Паровозный көшесіндегі 1938 жылғы №6 радиотораб, Привокзальный көшесі №1 мекенжайындағы 1914 жылғы Теміржолшылар емханасы, осылардың барлығы жан-жақты сараланып, тізімнен шығарылуға ұсынылған. Тынышбаев көшесіндегі орынға 5-6 үйден салынып кетсе, жоғарыда аталған пошта ғимараты мүлде үйіндіге айналған. Онда қазір арнайы будка орнатылып, мекеме мамандары сонда қызмет көрсетуде. Ал теміржол вокзалы аумағындағы орында қазіргі таңда 40-тан аса отбасы тұрып жатыр. Осында аталған нысандардың дені тоқсаныншы жылдары тозығы жетіп, маңызын жойып үлгерген. Біз жоғарыда осы орындарды баспана ретінде пайдаланып отырған тұрғындармен де тілдестік. Олардың барлығы ертерек қаулыға өзгерістер енгізіліп, көшірмесі берілсе деген ниет танытты. Бір үзім нан, бір жұтым су қат болған тоқсаныншы жылдары паналаған олар үшін бұл күнде аталған орындар қасиетті қарашаңыраққа айналып кетіпті. Ал жоғарыда аталған ұсыныс бойынша қалалық әкімдікте қоғам белсенділері, орыс қауымдастығы өкілдерімен бірлескен бірнеше кеңес өтіп, сала мамандары ортақ мәмілеге келген. Оған қоса қазіргі таңда қала әкімдігі тарапынан Пушкин, Бектұрғанов көшелеріне шаһардың XX ғасыр үлгісіндегі сәулеттік, абаттандыру жобасы әзірленіп жатыр екен. Яғни қаладағы бұл нысандар тізімнен шығарылғанымен, өзегі де, өрнегі де өшпей, келбетін жоғалтпай, мәңгілік мұра болып қалады деген сөз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.