Абай ауылында былтыр бірде-бір қылмыс орын алмаған

0 18

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда жаңадан бой көтеріп жатқан және жөндеуден өткен бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының уақытылы орындалуы мен сапасына мән берді. Өңір өнеркәсібінің жұмысымен де танысып, тыныс-тіршілігін бағамдады. Сондай-ақ Абай ауылына ат басын бұрып, округ әкімінің тұрғындар алдында есеп берген кездесуіне қатысты.

Аталған аудандағы жұмыс сапарын Бердібек Машбекұлы Құлан ауылы «Арай» тұрғын алқабында салынып жатқан 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмысын бағалаудан бастады. Қазығы өткен жылдың тамыз айында қағылған нысан құрылысын «Компания Сырым Блеке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Республикалық бюджеттен 542 миллион 300 мың теңге, облыстық бюджет есебінен 51 миллион 200 мың теңге бөлініп, құрылысы қолға алынған бұл тұрғын үйдің қазір жертөлесі мен іргетасы аяқталып, бірінші қабаттағы бағаналары құйылып жатыр. Құрылысқа жүк көтергіш, бетонараластырғыш көлік секілді барлығы 5 техника тартылған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатқан іс басында 35 адам еңбек етіп жатса, олардың дені құландық құрылысшылар. Жұмысшыларға бір мезгіл түскі ас беріледі. Аталған мердігер компанияның директоры Елмұрат Күнібеков жұмыс көлеміне қарай құрылысшыларға айына 200 мың теңгеге дейін еңбекақы төленіп жатқанын айтады. Бүгінде жұмысы 15 пайызға еңсерілген нысанның негізгі құрылысын осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған екен. Тұрғын үйдің 40 пәтері
2 бөлмелі болса, қалғаны 1 және 3 бөлмелі пәтерлер. Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, алдағы уақытта аталған тұрғын алқаптан осы тектес тағы да үш үй бой көтермек. Оның екеуін биыл, қалғанын келер жылы пайдалануға беру көзделген. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев тұрғын үйлер ауласының абаты мен кәріз құбырларының қайда барып қосылатынына, пәтер кезегі мен жер кезегіндегі тұрғындар санының қанша екеніне назар аударды. Бұл жөнінде Ерболат Салқымбекұлы кәріз құбырының орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатынын, пәтер кезегінде 1145, жер кезегінде 3 348 азамат тұрғанын баяндады. Сөз соңында өңір басшысы аудан әкіміне жер телімі тұрғын үйге мұқтаж адамдарға ғана берілуі қажет екенін баса айтты.
– Былтыр жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша осы алқапқа біз қажетті инфрақұрылым желілерін тарттық. Бірақ осы тұрғын алқаптан жұртшылыққа 357 жер телімі үлестірілгенімен, оның көбісі бос жатыр. Демек, бұл кейбіреулердің жер телімін алып алғанымен, баспанаға аса зәру болмағандықтан құрылыс жұмысын бастамай отыр деген сөз. Бұл дұрыс емес. Инфрақұрылым толық тартылған жерде адамдар ала-құла қоныстанбай, барлығы бірдей баспана салуға кірісуі қажет. Сондықтан жер кезегіндегі тізімді қайта зерделеп, жер телімін шын мәнінде баспанаға мұқтаж адамдарға беруді қарастыру керек, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан кейін облыс әкімі осы ауылдағы 600 орындық №1 мектеп-лицейдің жұмысымен танысты. Осыдан 45 жыл бұрын салынған бұл білім ошағына арада 17 жыл өткенде былтыр күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Мұнда спорт, акт залдары, асхана, кітапхана мен оқу залы, 2 компьютерлік сынып, 1 мультимедиялық, 13 интерактивті тақталы кабинет, барлығы 40 оқу кабинеті бар. Сонымен қоса үш жаңа модификациялық кабинет пайда болыпты.
– Білім ошағының бұған дейінгі жағдайымен салыстырғанда, мектептің ішкі-сыртқы келбетінде қазір айтарлықтай өзгеріс бар. Бұл бөлінген қаржының тиімді жұмсалғанын көрсетеді. Мектеп деген осындай болуы керек. Енді тек балалардың білім сапасын арттыруға күш салыңыздар, – деді аймақ басшысы.
Келесі кезекте өңір басшысы «Құлан тамақ өндіріс комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Кәсіпорынның бизнестегі бағыты – «Меркенская» сауда белгісімен өндіріліп жатқан тазартылған су, лимонад, салқын шай сусындары және консервіленген көкөніс өнімдерін шығару. Ондағы пластик құтыларды ауа үрлеп кеңейтетін, сусын құятын, қаптайтын бірқатар цехтардың жұмысымен серіктестік директоры Серболат Қалқабаев таныстырды.
Кәсіпорын жұмысына жіті қаныққан аймақ басшысы жалпы өңір тұрғындары тұтынып жүрген тазартылған немесе минералды және алкогольсіз сусындар мен түрлі шырындардың барлығы да облыс аумағына сырттан келетінін еске салды. Осы ретте аймақ басшысы кәсіпкерге шығарылып жатқан өнімнің өңір нарығынан орын алуын, оның ішінде Тараз қаласы мен аудан орталығындағы сауда орындарды қамтуды тапсырды.
Бердібек Машбекұлы Абай ауылына да барып, ондағы Абай атындағы шағын орталықты орта мектеп жұмысымен де танысты. Ауданға жасаған жұмыс сапарын аталған ауылдық округ әкімі Мұратбек Арыстанбековтің тұрғындар алдында берген қорытынды есебіне қатысумен түйіндеді.
Жалпы Абай ауылдық округінде 2 137 тұрғын, 383 түтін бар екен. Ауылдың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы саласы. 52 ауыл шаруашылық құрылымының ішінде 45-і тұрақты жұмыс істеп тұр.
– Қазіргі кезде ауылда мал бордақылаумен айналысатын тұрғындар саны артып келеді. Бір ғана отбасылық «Сүйін» шаруа қожалығы 4 мал бордақылау алаңында 150 сиыр, 90 жылқы, 260 уақ мал бордақылаумен айналысып жатса, одан бөлек 30 бие сауып, қымыз дайындауда. Бұдан басқа 10 мал бордақылау алаңында 80 сиыр, 60 жылқы, 280 ұсақ мал бордақылауға қойылған. Пандемияға дейін ауылда аптасына 10 тоннадан асатын ет дайындалса, қазір жағдайға қарай біршама саябырсып қалды.
Ауылда күрделі мәселелер де жоқ емес. Суармалы алқаптарға тау суын жеткізуде үлкен қиындықтар туындап отыр. Себебі «Қарақатты» тау өзенінен ағын суды жеткізетін «ҚазСуШар» мекемесінің иелігіндегі бетон лотоктар пайдалануға мүлдем жарамсыз. Ауылдағы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру де күн тәртібінде тұрған мәселе, – деген Мұратбек Дәкенұлы округте жыл бойы атқарылған басқа да жұмыстардың жайын егжей-тегжейлі баяндады.
Аталған ауыл былтыр облыстың «Үлгілі ауыл» байқауында рухани-тәрбиелік құндылықтарды дамытудағы нәтижелі жұмыстары үшін ІІ орын алып, 4 миллион теңге сыйақы иеленгені белгілі. Жиында сөз алған ауыл тұрғындары осы жетістікті және ауылдық округ әкімі М.Арыстанбековтің республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауының облыс бойынша жеңімпазы, республикалық кезеңнің жүлдегері атағын иеленгенін тілге тиек етті. Бұл жетістіктерге айрандай ұйыған ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен елдің еңбекқорлығының арқасында қол жеткізілгенін айтты. Маңайына үлгі болған аталған ауылда аудан және облыстық деңгейде шешімін күткен мәселелер де бар болып шықты.
– Ынтымағымыз жарасқан Абай ауылында былтыр 9 тұрғын үй бой көтерсе, оның екеуі мұқтаж отбасыларға асарлатып салынып берді. Ауылда бірде-бір қылмыс не бұзақылық тіркелген жоқ. Кəсіпкерлер өз күшімен ауыл мешітін жөндеуден өткізіп берді. Қазір тек қана ас беру, құдайы тамақ тарату секілді жиындарға арналған 300 адамдық асхана құрылысы да қолға алынған.
Ендігі мәселе – бізге бір мəдениет үйі керек болып тұр. Бұрынғы нысан аумалы-төкпелі заманда жеке адамның иелігіне өтіп, бұзылып кеткелі жастардың баратын жері болмай қалды. Сонымен қатар «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы бойынша мұндағы халық сізден үлкен қолдау күтеді. Өйткені уақытында осы жобаның келесі кезеңіне біздің де ауыл ілінген еді. Егер жобаны іске асыру жалғасын тапса, тұрғындардың жаппай тіршілігін тіктеуіне ықпал етуіңізді сұраймын, – деді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рысқұлбек Секербеков.
Тұрсынбек Озғанбаев есімді тағы бір тұрғын ауыл шетінде кейіннен пайда болған бір көше жарықтандыруды қажет ететінін жеткізсе, Нұркерім Əбілдаев ауыл әкімінің жұмысына қанағаттанатынын айтты.
Жиын соңында аймақ басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді назарға алып, халықтың әлеуметтік жағдайына, денсаулығын жақсартуға қатысты атқарылуы тиіс жұмыстарға да тоқталды. Бүгінде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту ең өзекті мәселе болып отырғанын тілге тиек ете келе, бұл тұрғыда диқандардың жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиясын қолдануы артықшылық әкелетінін меңзеді. Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануды кейбір ауыл тұрғындарына үйрету қажеттігін және басқа да мәселелер төңірегінде ой қозғады. Сөз соңында аталған ауылдық округ әкімінің жұмысына оң бағасын берді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.