Қоғам

Абай даңғылына алаңдамаңыз!

Written by Aray2005

ондағы жолды қалпына келтіру жұмыстары бірер аптада аяқталады

Көктем шыққалы Тараз қаласының көшелері әр жерден қазылып, жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Магистральді желілер көше жолдарының астымен өтетіндіктен, кейбір учаскелердегі көлік кептелісі тұрғындардың да мазасын қашырғаны рас. Дегенмен көлік жүргізушілерінің берекесін кетірген кез артта қалды. Абырой болғанда, жылу желілерінің жөндеу жұмыстары салқын түспей аяқталып келеді. Қазір жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Бұл шаруа сол нысандардың тендерін ұтып алған компанияның міндетіне кіреді.

Дәл қазір қала тұрғындары мен қонақтарын облыс орталығының басты көшелерінің бірі – Абай даңғылының бойындағы қайта қолға алынған жол жөндеу жұмыстары алаңдатып отыр. Нысанға барғанымызда ары-бері өткен жұрттың «Бұл не қылған бітпейтін жөндеу?» деп қынжылғанын да көрдік.
Нақтылап айтсақ, былтыр көктемде Абай даңғылының Төле би даңғылы мен Дулати көшесі арасындағы 1,1 шақырымдық бөлігінде жылу магистралі ауыстырылған. Мердігері– «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
– Мемлекеттік сатып алу туралы 2018 жылғы 30 наурыздағы №30 келісімшартқа сәйкес «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Абай көшесінің бойына 628 635 546 теңгеге жылу жүйелерін жөндеген. Жөндеу жұмыстарының мерзімі – 2018 жылғы 30 мамыр мен 2019 жылғы 30 қаңтар аралығы. Бұл учаскенің қабылдау актісіне сол 2018 жылдың 1 қазанында қол қойылған. Ал биыл мамыр, маусым айларында жолдың асфальт-бетон қабатын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ жол беті төмен түсіп кетіп, қайта жөндеуге тура келді. Осыған байланысты облыс әкімі Асқар Исабекұлының тікелей қадағалауымен әрі келісімшарттың 7.2-пунктіне сәйкес, мердігер компания жуырда жолды қайта жөндеуге кірісті. Келісімшарт бойынша компания үш жылға дейін қазған жеріне қызмет көрсетеді,– дейді «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Жақсылық Жөгібаев.
Жақында бұл мәселені облыс басшысы Асқар Мырзахметов өзі тікелей назарға алып, тиісті мекемелерге тапсырма берген болатын. Өткен сенбіден бері мердігер компанияның бірнеше техникасы Абай даңғылының бойында жұмысқа қызу кірісіп, асфальт қабатының
6 сантиметрін қайта аршып алып жатыр. Құрылысшылар енді бір аптаның ішінде жұмысты өз қаржысы есебінен аяқтаймыз деп отыр.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР