Абай-175

Абай – дара, Абай – дана қазақта!

Written by Aray2005

Бүгінгі таңда өз алдына егеменді ел атанған Қазақстан ғасырда бір туатын дара тұлғаларды кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, тіпті мерейтойларын атап өтуде. Солардың ішінде ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың шоқтығы биік.
Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі оның ұлттық әдебиетте шындық дегеннің не екеніне бірнеше рет көңіл аударып, оны тұңғыш аша білуі деуге болады. Ол – қазақ әдебиетінде әйелдердің тағдырына бірінші көңіл бөлген ақын. Оның кіршіксіз, таза, терең сезіміне үңілді, ананы, даналықты, достыққа берік адал сезімді жырлады. Абай кедей ақындардың күнкөріс кәсібіне айналып, бағасы түскен өлең сөзді өз биігіне қойып, оқырманның, тыңдаушының талғамын тәрбиелеуге белсенді араласты. Ақынның бұл саладағы ұлы қызметі орыстың классикалық әдебиеті эстетикасымен, Горький, Чернышевский көзқарастарымен ұштасып жататыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Өмірдің әр саласына да озық баға берген. Баға беріп қана қоймай, сонымен қатар тың қырларын аша білді.
Ұлы Абай ұлыларға ғана тән тереңдікпен, діни таным мен қоғамдық сананы, жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарды байланыстырып, «Адам бол» қағидатын ұстанып, сол ілімді барша адамзатқа үндейді. Бойында Тәңіріге махаббат қылған ерен ғұлама ай асты әлемде санаулы делінеді, міне қазақтың Абайы сол қатардан.
175 жыл өтсе де, ғұлама ғалымның шығармалары өз деңгейінде әлемге танылуда. Әбу Насыр Әл-Фарабиден кейін «Ұлы ұстаз» ретінде Абайды қою әсте қате емес.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен аяқтағымыз келеді: «Менің балаларыма, ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауы тиіс».

Фатима Қозыбақова, тарих ғылымдарының кандидаты,
Дильнура Мейірхан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті

ПІКІР