Абай Қордайда болған ба?

0 11

Абай Жетісуға келгенде басында қар жатқан Алатауға таңырқай қарап: «Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді…», – деген екен. Қордай асып, Сұлутөрге жеткенде:

«Сұлутөр құтты жер екен,

Қойны толы кен екен.

Қоңыр желі Қордайдың,

Дертке шипа ем екен.

Елден елдің кемі жоқ,

Қасқараудың көлемі

Тобықтыдай кең екен.

Ерден ердің кемі жоқ,

Ноғайбай да ер екен…» деп тамсаныпты деседі.

Абайдың Қордайдың әділ биі, болысы, орыс әскерінің подполковник шенін алған  Ноғайбай Дәулетбақұлымен кездескені жайлы  көп айтылып, жазылып та жүр. Бірақ бұл  кездесудің нақты қай кезде, қалай өткендігі туралы бұлтартпас мұрағат деректерінің болмауынан, әркім оны сан-саққа жүгіртеді. Біреулер Абай Сұлутөр жайлауына келіп Ноғайбайдың ауылында бірер күн мейман болған десе, екіншілері олар Алматыда ғана кездескен дейді. Ақынның Қордай былай тұрсын, жалпы Жетісуға келгеніне күмәнданатындар бар. Сондағы алға тартатындары – ғылыми зерттеулерде, әдеби көркем шығармаларда бұл туралы бір ауыз сөз жазылмағаны.

Шындығында Абай Қордайға не үшін келуі мүмкін? Бұл әңгіменің шығуына не түрткі болған? Ол әрине, Ноғайбайдың көп  әйелдерінің бірі Ақмайға байланысты екені  даусыз. Жалпы Ноғайбайдың  бірнеше әйелі болған. Бәйбішесі Күріш апа ысты Райдың  қызы. Аңырақайдағы Райдың сайы (Райсай) деген жер атауы содан қалған. Екінші әйелі Ажар қырғыз Бәйтік батырдың қызы. Бір әйелі дүнгеннен болған. Төртінші әйелі Әсел ботбай ішіндегі атақты Тойшыбек бидің немересі, Байсейіт батырдың жалғыз қызы еді. Одан кейін осы Ақмай. Ақмай – әуелде тобықты ішінде Абайдың ағасы Құдайбердінің Әмір атты баласының (тағы бір деректе Құнанбай қажының туысы Дөненбай деген кісінің баласы делінеді) әйелі болған. Көп ұзамай Әмір кенеттен қайтыс болып, жастай жесір қалған Ақмай әмеңгерлік жолмен Абайға тигісі келгенімен, Абай оны алмайтын болады. Сосын жас жесір ерінің жылы өтісімен атқа қонып: «Жаныс – Қасқарау Ноғайбайға, әйтпесе қырғыз Шәбденге барамын» деп Алматыда тұратын апасының үйіне келеді. Ол кезде Ноғайбайдың да, Шәбден манаптың да даңқы дүркіреп, тобықты еліне дейін жетіп жатқан ғой. Жиі-жиі Алматыға келіп жүретін Ноғайбаймен ақыры Ақмай кездесіп көңіл жарастырғаны белгілі. Бұл 1888 жыл болса керек-ті. Ақмай онда – 29, Ноғайбай – 54 жаста болыпты. Ақмай Ноқаңның әйелдерінің ең кішісі екен. Кейіннен «Ақмай әже», «арғын апа» аталып кеткен бұл кісіден тараған бір қауым ел бар қазір.

Негізі Абайдың Қордайға келіп, Ноғайбаймен және жесірі Ақмаймен кездескені жайлы Кенен Әзірбаев пен этнограф зерттеуші Есім Байболатовтың естеліктерінде кеңінен баяндалған. Ол екеуі де бұл әңгімелерді көнекөз қариялардың айтуына сүйеніп жазған: «Ноғайбайға тиген Ақмай Абайдың жеңгесі ме, келіні ме, әйтеуір бір жақыны болып келеді екен. Ері дүниеден ерте қайтқан Ақмай, Алматыда тұратын апасының соңынан келеді. Апасының күйеуі Мерқасым Құнанбайдың туыстары, әрі Құнанбайдың жиені Әпсемет те Мерқасыммен қатарлас тұратын көрінеді. Бірде Абай Жетісуға келіп, Мерқасым мен Әпсеметтің үйіне түскен дейді. Сөзден-сөз туып, Абай Ақмайдың хал-жағдайын сұрайды. Мерқасым өздері араласып, құда-жекжат болып кеткен Ноғайбайды: «Жетісудағы елді жел-диірмендей айналдырып  тұрған, ата-бабаларынан төрт Дулаттың алдыңғы қатарлы адамдары екенін айтып, бұл Жетісудағы қала, далаға, қырғыз-қазаққа қадірі зор, тек орысша бімейді, болмаса адамның қара тілді шешені. Ақмай да аман-есен. Бір ұл, бір қызы бар. Мынау апасы барып, Сұлутөр жайлауында жылда бір-екі ай жатып келеді» деп мақтайды. (К.Әзірбаев, «Аңыздар сыры», 70-бет)

Сол күндері Ноғайбай мен Шәбден де Алматыда екен. Қырғыз Шолпанқұл деген Пішпек оязын ұрғаны үшін итжеккенге айдалатын болып, екеуі оны құтқарып алуға губернатордан кешу сұрай келіпті. Осыны білген Мерқасым ертеңіне Ноғайбайға Абайдың келгенін айтыпты. Ноқаң базардан бір ту бие сатып алдырып, Абаймен дидарласуға келеді. Ноғайбай Абайдан үлкен, Құнанбаймен қатар алпыстарға келіп қалған кезі екен. Сәлемдесіп, хал-жай сұрасқаннан соң Абайға:

– Ал Абай мырза, мынау Мерқасымнан сіздің осында екеніңізді естіп, сәлемдесейін  деп келдім. Алатау, Алматыға келген соң бізге қонақсыз. Қаладан сіз де, біз де қайтқанша дәм-тұз тата тұрсын деп, сойысқа бір ту бие әкелдім. Абай шырағым, біздің ауылды көріп, Әсел бәйбішеден дәм татып, Ақмайды көріп қайтарсыз, – депті.

Бірақ Абай ауыл қашықтау екен деп бас тартып, «жесірімді Алматыға келтірсеңіз көріп қайтайын» дегенде Ноғайбайдан бұрын оның қасына еріп жүрген Сарбас ақын дереу домбырасын бебеулетіп қағып-қағып жіберіп:

«Арғы атаң Өскенбай мен Құнанбай-ды,

Тобықты «Ырғызбайлап» ұрандайды.

Қазақта бірінші боп Әжі барған

Өз әкең есіне алып бір Құдайды.

Меккеде Тәңірге арнап үй салдырған,

Туғызған кемеңгер ғып бұл Абайды.

Ноқаңды көрген шақта жесіріңіз

Айналып аққу қаздай шыға алмайды.

Шала-тұғын палуандай сөзің әрлі,

Абайжан көңілің қалай бұлаңдайды?

Бармаған шақырғанға зар болады

Құрметпен барған қонақ ұялмайды, – деп шырқай жөнеледі.

Отырған жұрт қолпаштап дүр сілкінеді. Абай да күліп: – Жөн, жөн, барайын, барайын, – депті.

Кенен Әзірбаевтың айтуынша, бірер күннен кейін Ноғайбай Абай, Әпсемет, Мерқасым және оның әйелін ертіп, үш пар ат жеккен күймемен Сұлутөрге бет алады. Қара жолмен күні-түні жүріп таң ата Қордай бекетіне келеді. Ноғайбайдың балалары Белқожа мен Әлімқожа бастаған топ алдынан шығып қарсы алады. Үш болыс елдің ығай мен  сығайлары Абаймен құшақтасып амандасады. Әсіресе Ақмай Абаймен сыңсып көріседі. Бекеттегі Еркебайдың үйінде арнайы дайындаған дәмнен, қымыздан ауқаттанып, біраз аяқ суытып, тауға жүре алмайтын болғандықтан күймені сол жерде қалдырып, барлығы салт атпен Сұлутөрге бет алады.

Абайды әуелі Әселдікіне түсіреді. Тай сойылып қымыз құйылады. Әсел Абайды зор ілтипатпен құрметтейді. Келесі күні «арғын апа» Ақмайдың отауына түсіреді. Абай Ақмай мен Ноқаңның баласы Ілиясбектің бетінен сүйеді, қыздарын еркелетеді. Келесі күндері Абайды Ноғайбайдың балалары, аға, інілері кезек-кезек таласып қонақ етеді. Сұлутөр жайлауында Абай бір-екі жеті жатып көптеген ас-тойларда қазақ-қырғыздың неше түрлі тамашасын көріп, елдің салтымен танысады.

Сонымен Абай еліне қайтатын болады. Оған топтан таңдап торы жорғаны ерттеп мінгізеді. Әсел иығына бұлғын ішік жабады. Екі жолдасына да шапан кигізеді. Қасқараудың игі жақсылары түгел Абайды Еркебайдың ауылына дейін шығарып салады. Одан ары күймелетіп Алматыға жол тартады. Ноғайбай мен Ақмай бірге келеді. Қоштасарда Абай Ноғайбайдың қолын алып тұрып: «Ноқа, жеріңіз де, еліңіз де тамаша. Байлық та, батырлық та, ақындық та халық арасында мол екен, бірақ жастар оқусыз екен. Байлық көзі оқу-білімде, олай болса балаларды оқыту керек, құнарлы жерге елді  қоныстандыру керек, – дегенде Ноғайбай басын изеп мақұлдапты.

«Осы кездесулердің ішінде болған менің ұстаз ағаларым Еркебай Базарұлы, Сарбас  Майкөтұлы, Сәрсебай Билібайұлы, Шөже Оспанұлы, Тәкен Байғұттыұлы, Сәміл Түлкібайұлы тағы бірқатары осылай әңгіме етуші еді»,–дейді Кенен. Ал Қордайдың  Сұлутөрінен шыққан белгілі жазушы Марал Ысқақбай: «Мен Ноқаң қайтыс болғаннан кейін 28 жыл өткенде туған екем. Соның арасында біз тұрғыластар ол кісінің ізін басып, сөзін өз құлағымен естіген талай-талай көнекөз қариялардың соңын көріп, әңгімелерін  тыңдап үлгерген жайымыз бар. Өз әкем Сұлутөрге белгілі шежіреші кісі еді, сондықтан, Ноқаң туралы ертегіге бергісіз әңгімелер кішкентай күнімнен құлағыма сіңген. Абай  атамыздың Сұлутөрге қалай келіп, қандай сый-сияпат көргені турлы әңгімелердің шет-жағасы әлі күнге дейін есімде:

«Таңбасы жоқ, ені жоқ бурыл тайдың,

Сағасы өткел бермейді терең сайдың.

Құба жонға шоқытып  шыға келсем,

Ізі жатыр, өзі жоқ қалқатайдың», – деп келетін тамаша әнді сол жолы Абаймен ілесіп келген жігіттерден үйреніп қалған екен біздің елдің әншілері деп отыратын-ды әкем», – дейді (М.Ысқақбай. «Асу-асу бел Қордай», 246-бет. 2007 жыл).

Ал 2016 жылы 27 қазанда «ТаразTimez» сайтында Совет Ғалиакпаров деген автордың «Хакім Абай Қордайда болған ба?» деген шағын мақаласы жарияланды. «Бұл әңгімені мен 1947 жылы жаз айларында өзіміздің облыстық «Сталин жолы» газетінде (ол кезде газет редакторы Ғайса Сармурзин болатын) жарияланған газет тілшісі Тұлғажановтың  мақаласынан оқыған едім. Тілші өз мақаласында Абайдың Қордай өңіріндегі Ноғайбай ауылына неге және қалай келгені туралы жазған екен» деп бастап,  алдымен Ақмайдың Ноғайбайға қосылу тарихын баян етеді. Оның жалпы нобайы жоғарыда біз сөз еткендей. Одан әрі мақаланы тұтас келтіргенді жөн көрдік:

«Мақалада қанша уақыттан кейін және қай жылы екені жазылмаған, бірақ, жесірлерін іздеп Абай бастаған төрт-бес жігіт келгені айтылады. Ноғайбай оларды тай сойып, құрметтеп қарсы алады. Күнде жастардың ойын-сауығын ұйымдастырады. Бірер күннен кейін: «Қырғыз манаптары Ноғайбайды қонаққа шақырып жатыр екен. Онда барса, біраз уақыт жатып қалатын көрінеді», – деген әңгіме жеткен Абай: «Ноқаңа жолығып, елге қайтсақ», – деп кісі салады. Мұны естіген Ноғайбай: «Шырағым Абай, күнде келіп жатқан жоқсыңдар, неге жата тұрмадыңдар», – депті. Сонда Абай жасалып жатқан сый-сияпатқа риза екендіктерін білдіріп, елге қайтсақ деген ойын жеткізеді.

– «Қонақтың бұйымтайын келгенде емес, кетерде сұра», – деген, шырағым Абай, бұйымтайыңды айт, — дейді Ноғайбай.

– Әкем жесірімізді алып қайт деп жіберіп еді. Бұйымтайымыз сол.

– Құдай алдында некесі қиылған жарым ғой, оны мен сендерге қалай мінгестіріп жіберемін?

– Егер Ноғайбай жесірімізді қайтармайтын болса, қалыңмалын алып қайт, деп еді әкем, – дейді Абай.

– Құнанбай қартаяйын деген екен. Бір әйелдің қалыңмалын атаң Өскенбайдың асында қалдырып кеткен едім, ұмытқан ба? – депті сонда Ноғайбай.

Бұл әңгіме өзі былай болған екен. Құнанбай әкесі Өскенбайдың асында аламан бәйгеде бірінші келген сәйгүлікке әппақ 40 інген бастаған жүлде тағайындапты. Бәйгеге қосылатын аттарды қарап шыққан Құнанбайдың адамдары: «Ноғайбайдың аты нағыз бабында екен. Бірақ ол жол жүріп келді. Сондықтан, демалуына мұрсат бермеу үшін ауа райын сылтауратып бәйгені белгіленген күннен ерте өткізейік», – дейді. Сөйтіп, аламан бәйге мерзімінен екі күн бұрын өткізіледі. Сонда да Ноғайбайдың жүйрігі бірінші келе жатқан атпен үзеңгі қағысып, құйысқан тіресе келеді. Сол жерде кімнің аты бірінші келді деген дау туындайды. Ақыры төрешілер: «бас бәйге Ноғайбайдың атына берілуі керек, өйткені алыстан болдырып келген аттың демалуына мүмкіндік бермей, бәйге екі күн бұрын өткізілді», деген уәжге тоқтайды. Бірақ бәйге жүлделерін үлестіргенде бас бәйгеге тиесілі 40 інгеннің түсі ақ болмай шығады. «Құнанбай әкесінің асына тіккен 40 ақ інгенді бере алмады», – деп Ноғайбай бәйгесін алмай, астан ерте қайтып кетеді.

Осы оқиғаға қанық Абай Ноғайбайдың: «Жесірлеріңнің қалыңмалын атаңның асында қалдырып кеткенмін» дегенде, үндей алмай қалады. Ноғайбай: «Шырағым, тағы қандай қолқаң бар» дегенде Абай: «Ауылдарыңызда өнерлі жастар көп, бірақ, оқитын мектеп жоқ екен», депті. «Мұның орынды, ол орындалады», – деп Ноғайбай аттанып кеткен екен, деп жазған еді Тұлғажанов. Оның қаншалықты шындық екенін анық білмедім. Бірақ кейін ауданымызға газет редакторы болып келген Ордабаев: «Мұқаң сол мақаланың жариялануына байланысты «Сталин жолы» газетінің сол кездегі басшысы Сармурзинге кейіс білдіріпті», – деп еді.

Өскенбайдың асындағы бәйге дауы Кененнің естелігінде де айтылады. Бірақ онда асқа барған Ноғайбай емес, ағасы Мадияр делінеді. Ноғайбай Абаймен қоштасып тұрып: «Өскенбайға ас беріп ат шабамын деп, үш жүзге сауын айтқанда менің ағам Мадияр деген он жолдасымен бұл Жетісудан озған Тортөбел жүйрікті алып барады. Сонда әкең Құнанбай бір саяткерін  жіберіп: «Алатаудан келген атты сынап кел», – депті. Ол сыншы Тортөбелді көріп: «бір күн тынықса алдымен келеді» – депті. Сонда Құнанбай уағдалы күнге қаратпай бір-екі күн бұрын атты алысқа айдатып бас бәйгені өзі алады. Алыстан созылып барған Тортөбел екінші болып қалады. Сонда Мадияр:

« Үш жүзге  әділ  болған әз Төле би,

Өтеген тұқымы едім Малдыбайдың,

Тортөбелдің бәйгесі – ердің құны

Ақымызды жегізбес бір құдайым, – депті. Мадиярдың сөзіне Құнанбай ыза болғанмен, Алшынбай, Қаратай деген кісілер: «Қой, Құнанбай мырза, – деп, Мадиярларды Өскенбайдың үйіне түсіріпті. Құндыз ішік, тайтұяқ жамбы, көп малды Құнанбай бермей  қалыпты. Сол Мадияр айтқандай, Абай шырағым, «Ат – құнына, нар – пұлына» деген, Ақмай келді, ақымыз түгенделді, – деп Ноқаң әзілдеп қалжың айтыпты. Абай да уәжді жауап қайырып, екеуі айқара құшақтасып қош айтысыпты» дейді (К.Әзірбаев, «Аңыздар сыры» 74-бет).

 2004 жылы аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде ескілікті әңгімелерді жинап жүретін Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсахан Құрамысовтың «Арғын апаның әңгімелері» деген мақаласы жарияланды. Ондағы айтылғандарды Ақмай әженің қызындай болып кеткен жасы тоқсанға таяған Сәлиман Әлімжан келінінің аузынан 1993 жылы жазып алған екен.

–Ақмай келін болып түскенде мен әлі туған да жоқ екенмін, – деп Сәлиман өз өмірінен сабақтап сөз бастады. – Кейін Ақмайдың қызындай болып бауырында өстім, өнегесін көрдім. Менің ақтерек еліне Шалабекке ұзатылуым да соның ақылымен болды. «Менің қызыммен бір ауылға келін боласыңдар» деп кесіп пішті. Арғын апаның бір ұл екі қызы болды. Үлкен қызы Тәшімнің (Тәслима) де, менің де келін болып келген жеріміз Пұсырман-Төлебай елі. Үлкен атамыз Әлімжан еді, сол атамыз қайтыс болғанда Ақмай  бата жасай келіп, қызы Тәшімдікінде отырып өзінің сонау тобықты елінен келіп Ноғайбайға жар болып қосылуы, Абайдың артынан іздеп келуі туралы шешіліп бір сыр тарқатқан болатын. Сондағы Ақмайдың айтқандары:

– Қарақтарым, мен осы Қасқарауға дәм тартып, Алла нәсіп беріп келген адаммын. Менің күйеуім жастай өліп, екі жасар жас бала қайнымды бауырыма басып, Абайдан дәметіп жүруші едім. Бірақ Абай менен сырттай берді. Содан жарты сандық күміс ақшадан екі қалтамды толтыра салып алып, күйеуімнен қалған жақсы атын мініп, Алматыны көздей жүріп кеттім. Сондағы ойым атағы біздің елге де жете бастаған Ноғайбайды немесе Шәбденді кездестіру. Елу бекет жол жүрдім. Алматыда Ноғайбайлар топта десті. Топ деп жыл сайын бас қосатын үлкен жиналысты айтады екен. Ноғайбайды да тауып, олар мені үш күн бойы бір досының үйінде қонақ етті. Топ тарағаннан кейін Сұлутөрге әкеліп барлық жоралғы салт-дәстүрлерін жасап жеке отау көтеріп, мені соған әкеліп кіргізді. Ешмамбет деген молдаға некемізді қиғызды.

Абайдың Сұлутөрге келуі жайлы Ақмай:

–Сұлутөр жайлауында отырған кез еді, бірде ауылға киім киісі бұл өңірге бөтендеу екі жолаушы келіп түсті. Мамаағашқа аттарын байлап жатқан олардың жүріс тұрысынан-ақ алыс өңірдің адамдары екені көрінеді. Киімдері түлкі тымақ, келте шапан мен ұзын  қонышты етік. Ойпыр-ай, бұлар тобықты елінің дәстүрі ғой, кімдер екен дегенше болған жоқ, қасында бір жолдасы бар сәлем беріп Абай кіріп келді… – дейді.

Ноғайбайдың атқосшысы болған Бұғыбай деген кісінің немересі Әбдірахманның  айтқандарынан: «Атам Бұғыбай өзі палуан әрі мерген болған көрінеді. Ол Ноғайбайдың сенімді адамы екен. Атам мен туған 1961 жылы 97 жаста қайтыс болыпты. Біздің есімімізді, яғни ағам Тәкежанның, марқұм әпкем Әйгерімнің және менің есімімді Әбдірахман деп атам қойыпты. Атамның тоқалы Жамал апа солай айтып отырушы еді. Жамал апам мұнда 1978 жылы 96 жасқа келіп қайтыс болды. Осы апамнан Абай ақынның Сұлутөрге келгені жайлы талай естігенім бар. «Атаң Бұғыбай Абайдың келгені жайлы аузынан тастамайтын, соның құрметіне Абайдың жақын адамдарының есімдерін сендерге қойды емес пе», – дейтін жарықтық.

Міне, бұлар Абайдың Сұлутөрге  келгеніне дәлел ретінде болса, қарсы пікірлерді де айта кетейік. «Ақиқат» журналының 2015 жылғы он бірінші санындағы «Адасқанның  алды жөн, арты – соқпақ» деген мақаласында ақын Аян Нысаналы: «Етжеңді Абайдың денесі ауырлап, егделікке бет бұрған кезінде баласының қазасына қабырғасы қатты қайысып, ауыр аза тұтқан адамның ұзақ жолға жиналып келінін іздеді дегенге кім сенеді? Ең болмаса одан бір із қалуы керек емес пе? Жетісуға келіп Абайды Ноғайбаймен кездесті деу ақылға қонбайды» деп жазды. Ізінше сол журналдың 2016 жылғы ақпан айындағы санында Ноғайбай би туралы көп ізденіп, кітап шығарған өлкетанушы Жандарбек Қарабасов қарсы мақала жариялады. Ол Абай Сұлутөрге келді деген 1889-1893 жылдар аралығында Әбдірахманның әлі тірі болғанын, сол кезде жасы қырық бестегі Абайды «етжеңді, баласының қазасына қайғырып, алыс жолды көтере алмайды» деу еш қисынға келмейтінін қолмен қойғандай дәлелдеп берген.

Екіншіден сол Жандарбек Ақмайдың суреті туралы да тұшымды ойларын алға тартады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Орталық музейінде сақталып тұрған кимешек киіп отырған сұлу келіншектің суретіне «жена Ногайбая» деп қана жазылғандықтан, оның нақты қай әйелі екені белгісіз болып келген-ді. Белгілі суретші Н. Г.Хлудов бұл суретті 1891 жылы салыпты. Бұл жылы Ноқаңның қырғыз әйелі Ажар 34 жаста, Әсел 42 жаста, бәйбішесі Күрішбала олардан да егде болған. Ал суреттегі бейне уылжыған 25-30 жас шамасында көрінеді. Демек бұл сурет Алматыдағы әпкесіне жиі қатынап жүретін отыз екі жастағы Ақмайдікі болып шықпай ма?!

Ақмай Ноғайбайдан Ілиясбек деген бір ұл, Мүслима, Таслима деген екі қыз табады. Ұлдан туған тұңғыш немересі Балқия Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалды. Ақмайдың өзге немерелері Шәкәрім, Арасан, Шәкәрбектен ұрпақтары бар. Солардың бірі Мұхтар Ілиясбеков қазір Ноғайбай ауылдық округінің әкімі. Ал Арасан апа қазір сексен төрт жаста Қордайда тұрады. Жасы егде тартқанымен жүрісі ширақ, сөзге де құмбыл көрінеді. Бір қызығы, ол кісі Абайды Сұлутөрге келген жоқ деп бір-ақ кесті: «Алматыдан қайтқан, тек атамызбен (Ноғайбай) жолыққан, Ақмай да оған барған жоқ», – дейді. Неге сүйеніп айтып отырғанын түсіндіре алмады.

Ноғайбайдың бәйбішеден тараған немерелерінің бірі Нәскен Баратханов болса тіпті басқаша айтады. Ол: «Абай Сұлутөрге келгенімен, атамызбен ат үстінде сөйлесіп «Байтал жоғалтып, соны іздеп келдім», – депті. Атамыз «байталың жаңа үйірде орнын тапқан» дегенде Абай сол күйі атының басын кері бұрып қайтып кетіпті», – дейді.

Міне осылай, Абайдың Қордайда болған-болмағаны жайындағы бір-біріне  кереғар осындай аңыз әңгімелер баршылық. Ал аңыз түбінде шындық жатады емес пе?!

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.