Мәдениет

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар күнтізбесі жарияланды

Written by Aray2005

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2019 жылғы 30 қазанда (№19-32-41.5 хаттама) бекітілген жалпыреспубликалық жоспары жарияланды. Жалпыреспубликалық жоспарда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына мерейтойлық монеталарды әзірлеу және шығару, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына мерейтойлық почта маркаларын шығару мәселесі қарастырылған.

Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының еңбектерін 10 шет тіліне және түркі тілдеріне аудару және басып шығару, Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы және қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы 3 деректі-қойылымдық фильм түсіру, Ғылыми қоғамдастықтың, жастардың, қоғамдық ұйымдардың, шығармашылық одақтардың, ТҮРКСОЙ, ТүркПА, ЮНЕСКО халықаралық ұйымдарының және басқа да ұйымдардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар сериясын ұйымдастыру, Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу, ҚХА ҒСК және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің Абайдың туған жеріне экспедиция, мектеп оқушылары арасында Абай шығармашылығын білуге арналған жалпыреспубликалық олимпиада мен тақырыптық конкурстар өткізу, жеңімпаздар мен лауреаттарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқуға арналған 50 білім грантын бөлу, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтын құру, «Ұлы Абай-халық жүрегінде» атты Абайдың туындылары бойынша жалпыхалықтық диктант өткізу жоспарға енгізілген.

Мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар қатарында «Абай әлемі» опера және балет фестивалін, «Абай поэзиясы» акциясын, «Абай Gala», «Абай» операсының тарихи қойылымдарының раритетті костюмдерінің көрмесін өткізу, мерейтой аясында «Дана мен даланы дәріптеген ақын» республикалық ақындар айтысын өткізу, Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ақылдың кені-данышпан» тақырыбымен халықаралық айтыс өткізу, ұлттық домбыра күні «Домбыра-дастан» жалпыреспубликалық акциясын өткізу,  Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орайластырылған «Wide world» ІІ халықаралық ерекше театрлар фестивалін өткізу, танымал ақын-жазушылардың, абайтанушы ғалымдардың қатысуымен әскери бөлімдерде шығармашылық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жоспарда бар.

Халықаралық шетелдік іс-шаралар бағытында дипмиссияларда, елшіліктерде, шетелдік оқу орындарда, мәдениет орталықтарында және т.б. 10 шет тіліне аударылған Абай еңбектерінің халықаралық тұсаукесерін өткізу, Кембридж (Ұлыбритания) университетінде халықаралық іс-шаралар өткізу, Париж қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұйымдастырылған гала концерт өткізу, Тбилиси қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы көшенің салтанатты ашылуы, Мәскеу қаласының Чистопрудный бульварындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қою және оның алдында митинг, салтанатты жиналыстар өткізіліп, Үлкен театрда «Абай» операсы қойылады.

Сондай-ақ, «Абай» телесериалын шығару, оны республикалық және өңірлік телеарналарда трансляциялау, БАҚ-та интернетте, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы мен мерейтойлық іс-шараларды ақпараттық ілгерілетудің арнайы желілік кестесін әзірлеу және іске асыру, «Абай әлемі» порталын жаңғыртуды қамтамасыз ету, халықаралық #МенАбайдыоқимын челленджін әлеуметтік желілерде жалғастыру жоспарланған.

Биылғы жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының Семей қаласындағы бас музей ғимаратына жөндеу жүргізу және экспозиция жасау, ШҚО, Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулиетінің қорымын абаттандыру және реставрациялау жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылатын болады.

ПІКІР